ДІН – ДӘСТҮРДІҢ ТАРАЗЫСЫ
ДІН – ДӘСТҮРДІҢ ТАРАЗЫСЫ
19.11.2018 13:02
265
0

Бүгінде еліміздегі дін мен дәстүр мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп жүр. Ұлт руханиятының ажырамас бөлігі саналатын бұл қос құндылық тек қатар ұштасқанда ғана қазақы болмысымызды әйгілеп, ішкі тұрақтылығымызға тірек болмақ. Бір бұл емес, аталмыш тақырыптан тармақталар ұғымдар аясы да күн өткен сайын кеңейіп келеді. Соның ішінде мемлкеттің діни саясаты, ҚМДБ-ның түрлі тұжырымдамалары мен діни мәдениет сынды мәселелерді бөле-жара атауға болады. Жалпы, дін мен дәстүр бірлігі, жастарды жат ағымдар жетегінде кетуден сақтандыру, түркі халықтарының ортақ мирасы саналатын Ханафи мәзхабының ұлтты ұйыстырудағы берер мүмкіндігі зор.

 «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы: «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Діни экстремизммен күрес дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс. Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет» деген еді. Мемлекеттік биліктің таяқтың екі ұшын да ескеріп екшеген сарабдал саясаты діннің маңыздылығын меңзейді. Бұл тым күрделі тақырып. Жат ағымдардың тигізетін зияны шаш-етектен. Олардың негізгі мақсаты дінді көркейту емес, керісінше адамдардың, қоғамның арасына іріткі салу, алалау. Және ең бастысы олардың ғылымға, дәстүрге қарсы болуы айшықты көрініс тапқан. Сан ғасырлардан бері ата-бабамыз ұстанып келе жатқан дәстүрлер ойдан, не болмаса еріккеннен шығарылған жоқ қой, қазақтың қай дәстүрі болмасын шариғатпен астасып жатады. Даналарымыз «дін-дәстүрдің таразысы» деп таныған. Қандайда бір дәстүрді алып қарасаңыз ол әуелі дінмен өлшенеді. Яғни, Құран кәрім қағидаларымен және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетімен екшеліп отырған. Жат ағымдар құрылымында кездесетін тағы бір кемшілік - олар Құранды да, Пайғамбарымыздың(с.ғ.с) хадистерін қате түсінеді, бұрмалайды. Негізгі астарлы мағынасын емес, тікелей түсініп адасады. Дәстүрсіз дін ұстанушылардың қоғамға залалы сол, бір үйдің екі баласы бірі құбылаға, бірі шығысқа қарап намаз оқығанындай бір көзқараста болмайды. Мәселен, дінді алып кеме десек, оның ескегі жан-жаққа есетін болса дін көркеймейді. Сол кеменің бір ұшын шауып алып «қайық жасаймын» деу тіптен үлкен қате. Мақсат біреу ғана болуы керек. Ол – Хақты табу және осы Хақ жолымен жүру дер едім.

Соңғы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, бүгінгі қоғамда діншілдік күрт жоғарылап кетіпті. Алайда, базбір дінтанушылар діншілдіктің белең алуы діни радикализмге де оң ықпал жасайды деген пікірде. Бұл жағдайда ең басты себеп ол білімсіздік. Діни сауаттың төмендігінен жастарымыз жат ағымдар жетегінде кетуде. Діни сауат ашатын медреселер, оқу орындарын көптеп ашып, мектептерде ата дәстүрімізді ұлықтайтын шараларды,  дінтану сабақтарының үлесін, әлеуетін үдейту керек деп есептеймін. Өз көзқарасымды айтайын, көбіне орыс тілді қауым, орысша оқыған отандастарымыз қазақы тәрбие алып шыққандарға қарағанда жат ағымдар қатарына көптеп кетіп жатады. Бұл дегеніміз, қазақы тәлім-тәрбиенің, өнегенің өрісті екендігін көрсетеді.  «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» дейді халық даналығы. Сондай-ақ, «Гүлсіз жер тозады, дінсіз ел азады» деген де қазақ нақылы бар. Дін мен дәстүр сынды екі құндылықты тең ұстауда ұлылар елінің дін қызметкерлері де елеулі  үлес қосуда.

 Ауданымыздағы «Құнанбай қажы» атындағы мешіт қызметкерлері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы бойынша ұлттық мерекеміз Наурызда мешіт маңына киіз үй тігіп, ораза айты, құрбан айт мерекелерінде арнайы жәрмеңкелер мен ұлттық спорт ойындарынан жергілікті жамағат арасында сайыстар өткізеді. Қазақ күресінен, жаяу жарыс, қол күресі, гір тасын көтеру, садақ ату, балдырғандар арасында асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен бәсекелер өткізді. Ат жарыстыру, күресу, садақ ату сияқты спорт түрлері Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті ғой. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл спорт түрлерін жақсы көрген және өз үмбетіне өсиет қылған. Сахабаларын күрестірген, тіпті, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзі де күрескен делінеді.Қазіргі уақытта шариғатты білуге деген қызығушылық әсіресе жастар арасында жыл санап артып келеді. Жұма намаздарында мешітті толтыратындар да өскелең буын. Бұл бір жағынан қуантады. Екінші жағынан бір әттеген-айы олардың басым көпшілігі діни ақпаратты әлеуметтік желілерден алып отырады. Сондықтан да олардың дәстүрімізге жат, басқа ағымдарға кетіп қалуы мүмкін болғандықтан ауданымыздағы Құнанбай қажы мешітінің имамдары  үнемі сақтандырып отырады. Көбінесе ҚМДБ-ның рұқсат еткен ұстаздарын ғана тыңдауға, рұқсат етілген сайттардан ғана діни мағлұмат алуға үндейді. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев өз Жолдауында: «...біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті - Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс», - деп ерекше атап өтті. Осы орайда зайырлы қоғамдағы діннің рөлі қандай болу керек?  «Таразының басын» қалай тең ұстауға болады?Бұл сұрақтың жауабы мынадай дер едім. Діннің өзінде де зайырлылық бар. Құранда «дінге зорлық жоқ» деген аят бар. Пұтқа табынсың, ол христиан дінінің өкілі болсын оған құрметпен қараған. Соның белгісі Исламның кейінгі ғасырларында мұсылмандардың орталығы Стамбул қаласы болса, сол жердегі христандарға, сондағы  шіркеулерге тиісуге тыйым салынған. Алайда, діни радикалдардың Ауғанстанда тұрған 2000-3000 жылдық тарихы бар Будда храмдарының күл талқанын шығарғанын, Сириядағы сан жылдық ғимараттардың бүлінгені  туралы ақпаратты көп естиміз. Ол мұсылманшылыққа жатпайтын қылық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) соғыс жағдайында тұтқындарды азаптауға, соғыста өлгендердің мәйітін қорлауға жол бермеген. Әйелдерге, қарттар мен балаларға және құлшылық қылатын орындарына тиісуге тыйым салып отырған. Зайырлылық деген осы ғой. Дінге деген құрмет те осы.

Елбасымыз да жыл сайын Елорда төрінде бүкіл әлем дінбасыларының басын қосып, кеңес өткізіп отырады. Сан ұлт пен сан түрлі діни конфессиялар өкілдерінің басын бір алқада тоғыстырған, ортақ келісімге келтірген Президентіміздің саясаты діни құндылықтардан да туындайтын ізгі қасиет. Зайырлылықтың айқын көрінісінің бірі осы.

Біздің бабаларымыз ұстанған және қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде насихаттайтын Исламдағы Ханафи мәзхабының артықшылықтары ерекше.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзі айтты емес пе, «менің үмбетім 73 топқа бөлінеді, соның біреуі ғана тура жолмен жүреді, қалғаны адасушылар» деп. Ханафи мәзхабы дегенде көбі Имам ағзам Әбу Ханифаның айтқан пәтуалары деп ойлайды. Мәзхаб дегеніміз ол емес. Әбу Ханифа тек оның негізін қалады, яғни формуласын жасап берді. Мысалы Құраннан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінен және сахабалар сөздерінен қалай үкім шығару керек екендігінің формуласын әзірледі деуге болады.

Әлемде төрт мәзхаб бар. Ол төртеуі ғимараттың төрт жағынан қарап отырған адамдар сияқты. Төрт жағынан төрт түрлі сипаттағанымен ғимарат сол біреу-ақ. Айтарым, төрт мәзхаб та бір-бірін құрметтейді. Артықшылығымыз сонда, жат ағымдар арасындағыдай тартыс пен қарама-қайшылық жоқ. Ханафи мәзхабының өзі сан ғасырдан бері халқымызбен бірге жасап келеді. Қараханид дәуірінен бастап оныншы ғасырда Ислам діні мемлекеттік дін болып қалыптасты. Содан бері қарай ата-бабамыз Ханафи мәзхабымен келе жатыр. Ол біздің қанымызға сіңіп кеткен. Қай ақын, жазушы, ғұламаларымызды алсаңызда, мәселен сонау Қожа Ахмет Иассауиден бастап, Ахмет Иүгінеки, Жүсіп Баласағұн бар, берірек алсақ Ыбырай Алтынсарин, Ибраһим Құнанбайұлы, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы барлығының негізгі сенімі, ақидасы Матруди ақидасы болған, ұстанған мәзхабы Ханафи мәзхабы болған. Тал бесіктен жер бесікке дейін қазақы әдеп пен дәстүрді берік ұстанып өту ләзім. Ханафи мәзхабының артықшылығы сонда дінімізге дәстүрлі реңк береді һәм діни алауыздық тудырмай, береке-бірлігімізге де кепіл бола алады.

         Бір мәзхабпен жүргендіктен ата-бабамызда ешуақытта дін турасында дау болмаған. Жер дауы, жесір дауы болса да, руға бөлінсе де, ешқашанда дінге бөлінбеген, дін дауы болмаған. Бұл ізгі қасиет бүгінгі бізге де өнеге болса екен деп тілеймін.

Анар Сәрсенбина,

«Абай елі»

0 пікір