ДӘСТҮРСІЗ ҚОҒАМ АДАМ БАЛАСЫНЫҢ ІШКІ ӘЛЕМІН БҮЛДІРЕДІ
ДӘСТҮРСІЗ ҚОҒАМ АДАМ БАЛАСЫНЫҢ ІШКІ ӘЛЕМІН БҮЛДІРЕДІ
24.09.2020 14:38
389
0

Алла діні Исламда еместердің ол дін жайлы айта бастасаң жыланша жиырыла қалатыны – Ислам тек тазалықтың, тазалардың ғана діні, жаршысы екендігінен. Харамды, харам істерді әсте қаламайтын дін екендігенен. Исламда оларға мүлде жол жоқтығынан. Ал, басқа, адамдар тарабынан негізі өзгерген және адамдардың тапшы ақылынан жасалған дінсымақтарды айтсаң олардың жадырап-жайнап сала беретіні – ол дінсымақтардың адамдарға жамандықтың, харамның барлық түріне кең жол ашып беретіндігінен. Олардың нәпсі қалауларының бәрін онда істей алуларына шексіз мүмкіндік берілетіндігінен.

Жалпы адамдардың пендешіліктері – жақсылықты жандары қалап тұрса да, оған қарсы бағыттағы жамандықты жеңе алмайтындығы. Одан ұзап кете алмайтындығы. Задында жақсылыққа адам баласы жамандық атаулыдан аттап өткенде ғана жете алады. Мұны барлық адамның білмеуі мүмкін емес. Біледі. Бірақ біле тұра жамандықтардан айналсоқтап кете алмайды. Себебі, адамдардың нәпсісі қалағандарын жақсы-жаманына қарамастан өздеріне жақсы көрсетіп, олардың тура жолдан тек қана адасуларын мақсаттайтын малғұн шайтан олардың қастарынан бір елі де қалмай жүріп отырады.

Ал, адамдар тарабынан негізі бұрмаланған және олардың тапшы ақылынан жасалған дінсымақтар болса міне осы малғұн шайтанмен астасып, шын дін Исламды құбыжық етіп көрсету үшін, пенделердің нәпсі қалауларындағы жағымсыз істердің өзін жағымды етіп көрсетуге жандарын салады. Ол дінсымақтарды жасаушылар да өздерін «бұл істе малғұн шайтанға ердік, біз осымыз арқылы басқаларды тура жолдан адастырудамыз» деп әсте сезінбейді. Олардың дінсымақтарына еріп жүрген пенделер болса, олар да олай деп мүлде ойламайды. Бұл іс дінсымақтарды жасаушылардың да, оны тұтынушылардың да шындықты тануларына ділгірлік танытып отыратын жүректеріндегі имансыздық пен ақылдарындағы надандықтарының кесірінен заманнан-заманға жалғасып келеді.

Адам міне өстіп өзін-өзі алдауда. Дін емес, дінсымақтарды жамылғы етіп Құдайды да алдағысы келеді. Бірақ Жаратушының оған алданбайтынын білмейді. Қайта олар бұл істері үшін Жаратушының қаһарына ұшырап, қор болып отырғанын тұймайды. Тұйғаны сол, сол қорлыққа қарай жүре бергісі келеді. Тіпті Құдайдың өзіне міндетсиді. Оның беріп қойған шексіз нығыметінің өзін місе тұтпайды. Жақсысын емес, жаманын талдайды. Ізгісін емес, пасығын жөн санайды. Ол жамандықтардың, харамдардың өздерін сынау үшін жаратылған нәрселер екенін ескермейді.

Анадан мұсылман болып туылса да жүре келе адамның көбі дінсіздікті міне осылайша қалауға әуес. Өздерінің барлығына, бар болғандарына сенгендеріндей өздерін жаратқан Иенің де барлығына сенбейді. Құдайдың емес, өздері секілді пенделердің дәрменсіз, негізсіз, қате пайымдарына құлақ асады. Қарапайым машинаның да жүргізушісіз жүре алмайтынына шүбәсіз сенетін құл пенде ғаламның, тіпті өздерінің де Құдайсыз өмір сүре алмайтындарына шүбә келтіреді. «Ғалам деген – табиғат. Ол өзінен-өзі осылай бола қалған кездейсоқ іс» дегенге риясыз сенеді. Дәл осындай негізсіз, жүйесіз пәтуаның «неге?» деген сауалына жауап іздемейді. Ойланбайды. Жоқ, ойланады. Ойлана тұра оның жаратқан Иесі – Алла Тағала екеніне келгенде тоқырайды. Шындықтан бетін қайта бұра жөнеледі. Сөйтеді де қайтадан дінсіздікке қарай қаңғыру басталады.

Ендеше, біз бұдан нені білеміз? Бұдан ақиқаттың, тазалықтың биіктердің биігі екенін, оған жаратылысы емес ізденісі пасық пенденің қолы әсте жетпейтінін білеміз. Оған жету үшін Аллаға иманда кіршіксіз болуымыз керек екенін білеміз. Иә, Ислам деген – тазалық. Мәңгі, мәңгілік тазалық. Демек, тазалық тазалардың, тазалыққа шексіз құштарлардың, шексіз ұмтылушылардың, ол жолда еш нәрседен тайынбайтындардың, малғұн шайтанның уәсуәсасынан сақтанатындардың нәсібі. Солай!

Бір сөзбен айтқанда дін дегеніміз – бір ұлттың ғана емес, күллі адамзаттың дәстүрі. Дәстүрі болғанда да (біз «жан» деп жүрген) рух мен тәнін бірдей тәрбиелейтін ең өміршең, ең ұлы дәстүр. Илаһи дәстүр. Әсіресе соңғы ғасырларда адам баласы осы ұлы дәстүрінен жерінемін деп, ақыл жетпес аярлыққа барды. Немесе адамдық ары мен шынайы кісілігін табанға басып таптады. Сондықтан да қазіргі қоғам дәстүрсіз. Дәстүрсіз болғасын да адам баласының ішкі-сыртқы әлемі бүлініп бітті.

Ізгілік жойылса, оның орынын жауыздық иелейтіні анық. Қазір демек, тұтас адамзат өзіне қарата ерекше жауыз бір қоғамда өмір сүріп жатыр десек еш қателеспес едік. Немесе ұлы дәстүр – дінмен емес, пасық қияли (шайтани) жүйелердің шырмауымен адасқан…

Бірақ біз қанша мойындасақ та, мойындамасақ та адам баласы түбі сөзсіз өз ақиқатына, дін-дәстүріне қайтады. Қазірдің өзінде оның үлкен-үлкен нышандары байқала бастады. Немесе күллі адамзат баласы өзінің әуелгі ұлы дәстүріне (дін Ислам) бетін бұрып келеді. Міне бұл ізгіліктің ғана мәңгілік екендігінің дәлелі болса керек.

Дін дегеніміз – өркениет! Өркениет болғанда да, ол – күллі өркениеттердің анасы. Күллі өркениет атаулыны барлыққа келтіруші. Немесе дін – өркениеттің анық өзі. Бұл көзқарасымызды сәл таратып айтар болсақ, дін өркениеттің нақ өзі болғандықтан адамдардың оған қарата көзқарасына, танымына байланысты оның – өркениеттің өзегіндегі нақ ақиқатынан сәл ауытқыған жерінен «жасалған» немесе бұзылған өркениеттің кейбір сарқыншақтары Аллаһ діні жайлы шын шындықты растау үшін немесе адамдардың ақиқатты бұрмалауларынан келіп шыққан өз қателіктерін өздеріне ескертіп отыру үшін қалдырылып, өте кері бағыт алғандары Хақтың әмірімен тарих сахнасынан жоғалтылып отырылған. Мәселен, Мұса ғалайһиссәлам тұсындағы ферғауын өркениетін еске алыңыз…

Мұны біз қазіргі ұғыммен «Өркениет барлыққа келеді. Дамиды. Жоғалады. Қайтадан дамып отырады» деп түсіндіреміз. Түсінеміз. Ал, бірақ оның әуелі мен ақырының Алланың әмірімен болып жатқан іс екенін, сосын Ол жаратқан діннің жемісі екенін түсінбейміз. Түсінгіміз де келмейді. Шын мәнінде біз осындай «қызықпыз». Қызықпыз, ә?..

 

 Құл-Керім ЕЛЕМЕС

0 пікір