Дәстүрдің діни астары
Дәстүрдің діни астары
25.07.2019 12:46
197
0

Қазақтың киім-кешегінде шапан мен тақияның орны ерекше. Халқымыз қысы-жазы күннің ыстық-суығына сай ішік-шапан тіктіріп, оны үстінен тастамай, ұлттық киіміне айналдырған. Жалпы шапан мен тақия барлық мұсылман халықтарында бар киім үлгісі. Бұл киім үлгісі олардың мұсылмандықтарын бейнелеп тұратын айшықты рәмізге айналған десек те болады. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шапаны мен бас киімі үмбетінің де негізгі киім үлгілеріне айналғанын осыдан көруге болады.

Киім-кешек мәселесінде халқымыздың ұстанған тағы бір сүннеті-киімнің тазалығына мән беру. Себебі Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандардың мұнтаздай таза киініп, жыртығын жамап жүруін өсиет еткен. Алба-жұлба киінгендерді ұнатпаған. «Алла Тағала-таза, тазалықты жақсы көреді»,- деп үйреткен пайғамбарымыз өзі де киімдері қарапайым болғанымен тап-таза киініп, тіпті үстінен гүлдің хош иісі шығып тұрған. Жыртылған киімдерін өзі жамап,  киім киісінде оғаштыққа жол бермеген. Тіпті, нәжіс киімдермен намазға тұруға болмайтынын, кір, лас, қыржымдалған, жыртық киіммен намаз оқудың Аллаға құрметсіздік екенін ескерткен. Сондықтан көшпелі мұсылман халқымыз мал шаруашылығымен айналысып, судың тапшылығын көріп күнелтсе де тазалыққа қатты мән берген.

 

0 пікір