ДӘСТҮР-САЛТЫМ – ҚАЗАҚЫ ҚАЛПЫМ
ДӘСТҮР-САЛТЫМ – ҚАЗАҚЫ ҚАЛПЫМ
27.06.2016 13:26
2299
0

Әр ұлттың орналасқан жеріне, табиғаты мен танымына, тұрмыс-тіршілігіне қарай дәстүрі мен салты, әдет-ғұрпы қалыптасуы заңды құбылыс. Дәстүр – адамдардың өмір тіршілігінде әртүрлі жағдайларға байланысты замана ұстанымы, сан түрлі ұлттың өзіне тән мінезі мен танымына сәйкес біте-байланысқан үрдіс деп түсінем. Дәстүр уақыт, заман талабына қарай өзгеріп отыратыны да белгілі заңдылық.

«Әр елдің салты басқа, иті ала қасқа», «Елу жылда ел жаңа» деп ұрпақтың ауысуы арқылы кейбір дәстүрдің тозығы жетсе, бәзбір жаңа дәстүрдің озығы келетініне уақыт куә. Салт-дәстүрдің өнегелісі де, өткіншісі де, кейде өкініштісі де ұлтымызда ұшырасып қалады. Дін Ислам дәстүрден жоғары тұрады. Дін салт-дәстүр, әдет-ғұрып сынды ұстанымдардың ізгілігін мақұлдаса, адамдардың сеніміне, ар-ұят, ожданына, ақылына, денсаулығына, мал-мүлкіне зиян келтіріп, бұзатын, ысырапқа алып баратын кейбір дәстүрге тосқауыл болып, халықтың жақсы өмір сүруіне шақырады.
Ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінде қолданған шариғи заңдылық пен табиғи заңдылыққа қарсы келмейтін дәстүрлеріміздің тереңіне сүңгіп, зерделеп көрейікші.

Солардың бірі – көрші-қоңсылар арасындағы қарым-қатынас, үзілмейтін дәстүрге айналған. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген қанатты сөздер қалған. Ұлтымызда жұртқа шеттен жаңа қоныстанған үй иелерін «ерулікке» шақыру деген жақсы дәстүр бар. Мақсаты – бейтаныс көршілермен танысу, араласып дәмге шақырып, сыйласу. Бейтаныс адамды өзіне жақын тартып, керек болса, көмектесіп, көршілердің аяққа тұрып кетуіне жәрдем беру. Бұл ізгі дәстүр кейін келе таныса да, танымаса да, барлық көршілермен жақсы тұру үшін халқымыздың сана-сезіміне сіңіп кетті. Дініміздегі көршіге деген құрметті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүбарәк хадисінен білуге болады: «Алла елшісінің көрші турасында көп айтқаны сондай, кейін олар біздің мирасқорымыз бола ма деп ойладым», – деген. Шындығында, мирасқорлыққа бала-шаға, жа-қындары ғана иелік етеді. Бұл хадистен көршінің жақындығы мирасқор балаларындай тым жақын болатындығын аңғару қиын емес.

Халқымызда «Қыз өссе – елдің көркі» деген ұлағатты сөз бар. Қыз баланың қылықты, әдепті, әрі ұятты боп өсуіне, тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. Дінімізде ұяттың өзіндік алар орны бір үлкен төбе. Алла елшісінің: «Ұят кімде болса, иман сонда», – деп айтуында терең мән жатыр. Қыз бала балиғат жасына толған соң, киіз үйдің ішінен оң жағынан шымылдық құрып, «қызды оң жаққа шығару» деген тәрбиелік мәні зор дәстүр бар. Қызға құрылган шымылдықты үйін «қосаға» деп, ал қыз отауының пердесін «көсеге» деп атаған. Сол отаудың иесі табылып, сонымен отау құрсын деген ақ ниетпен оң жақта отырған қызға: «Көсегең көгерсін, қосағаңмен қоса ағар», – деген ақ бата, дұғаларын үлкендер аямаған. Әрине, жан бар жерде қаза бар демекші, қазекең кісісі қайтқан қаралы үйдің түңлігінен найза көтеріп, найзаға жалау байлайтын болған. Мәселен, қартайған кісі қайтса, найзаға ақ жалау байлаған, бұл асарын асап, жасарын жасаған қарт кісі деген белгі болса, ал керісінше жас кісі қайтыс болса, қара жалау байлаған. Қазақтың тамаша фильмдерінің бірегейі «Қыз Жібек» киносында әкесінің батасын алмай, Жайыққа аттанған Төлегеннің қазасын қыз Жібекке жеткізген тұсында ашық шаңырақтан қара жалау байланған найзаның көтерілетінін көрген боларсыз.

Ата-бабаларымыз танитын туысына да, танымайтын жұртқа да белгілі болсын деп қаралы үйді күндіз жалау көтеріп танытса, түнде шырақ жағып алыстан келген жұрағат, басқа да кісілер бірден қаралы үйге келіп, оларға көңіл айтып, дуға оқып кетуіне қолайлы болу үшін азалы уақытта көрініс тапқан дәстүр болған. Дәстүрдің бұл түрі бүгінгі уақытта сыртқы көрінісін өзгертіп, тек қаралы үйдегі жақындарына көңіл айтып, дұға оқытып, маркұмның отбасына қаржылай көмек көрсету сипатында ғана қалды.
Пайғамбарымыз: «Барлық амалдар ниетке байланысты», – деп айтқандай, ұлтымызда тілеуі жақсы, ниеті дұрыс дәстүрдің бірі – «тұсаукесер».
Жас сәби қадам басып жүруге талпына бастаған сәттен тез жүріп кетсін деген пейілмен «тұсаукесер» жасаған. Тұсауын елге құрметті ізгі адамға сол кісідей болсын деп кестірген. Тұсауды кесудің үш түрі болады. Ала жіптен есілген тұсаумен кескені – біреудің ала жібін аттамасын, тоқ ішектен өрілген тұсаумен кесу – өмірі тоқшылықта болсын, көк шөптен буып жасалған тұсаумен кесуі – ғұмыры шөптей көгеріп, ұрпағы көп болсын деген ниеттен туындаған. Жас сәбидің алғашқы қадамынан бастап ізгілік жолымен жүруді бастасын деген аталарымыз «Қадамың құтты болсын» деп тілек айтқан осынау өнегелі «тұсаукесер» дәстүрі ықылым ғасырдан жалғасып келеді.
Көшпенді еліміздің дәстүрлі тойларының бірі – «Қымыз мұрындық».
Маусым айында шөптің түгін тартса, май шығып, мал отығып, биелер желіге байланып, қымыз жиналып болғанда, ауыл-аймақ, ағайын-туыс, көрші-қолаң, бай мен жарлысы мәре-сәре болып, мал сойып, қымыз таратып, жүздері жадырап, қуанып тарқайтын той «Қымызмұрындық» деп аталған. Дәл бүгінгі уақытта бие байлаған дәстүрден хабары бар кісілер бұл тойды атап өтеді, бірақ өкінішке орай аз. Тойларды арақ-шараппен өткізіп жүрген отандастарымызды халықтың шипалы сусыны болған сары қымыз, дәрі қымызды дастарханымызға шығаруға шақырар едім.

Ұмытылып бара жатқан дәстүрдің тағы бірі – «Сыралғы». Аңшы, құсбегі олжалы болып, қанжығасы қандалып келе жатқанда, оның олжасын жоралғы ретінде сұрап алу, яғни аңшының қанжығасындағы сыйлық «Сыралғы» деп танылған. Сыралғыны алған адам да аңшының қолын бос қайтармай, сыйлық берген. Халқымызда «Сыйға – сый, сыралғыға – бал» деген қанатты сөз қалған. Бір өкініштісі, бұл күнде көп адамдар бұл сөзді «Сыйға – сый, сыраға – бал» деп қателесіп айтып жүр.

Данагөй аталарымыз «Құдайдан басқаның бәріне көмек керек» деген ғой. Ақиқатында, барлық әлем-дердің жаратушы иесі, еш нәрсеге мұқтаж емес барлық күш-қуат құдіреттің егесі Алла ғана көмекке мұқтаж емес. Біздің даламызда көмекке мұқтаж, басында үлкен қарызы бар, қиындыққа түсіп қалған адамдарға ағайын-туыс жақындары қол ұшын беріп көмектесетін «Жұртшылық» деп аталатын өнегелі, қайырымды дәстүр бар. Атауының өзі айтып тұрғандай, тап келген қиындықты жұртшылық болып жұмыла шешкенге не жетсін… Дін Ислам жақсылық жасаудың қандай сауапты да қайырлы, Алла бұйырған ізгі іс екенін адамдарға айтып, жұртшылықты жақсылық жасауға жарыстырады.

Әр ұлттың өзіне ғана тән ерекшеліктерін айшықтап тұратын салт-дәстүрі бар. Сол салт-дәстүр ұлтты таныстырып тұратын келбеті десек болады. «Дәстүр-салтым – қазақы қалпым» деген сөзде шындық жатыр. Біздің кемеңгер бабаларымыз дәстүрін діннен, салтын сүнеттен алып, ұлтымыздың ұлағатты болуын әріден ойлаған. Тіпті, мезгіл атауларын да діннен алғанын аңғару оңай. Мысал, азан, таң, сәске, бесін, кіші бесін, құлама бесін, екінті, намаздыгер, намазшам, ақшам деп бес уақыт намаз арқылы уақыт атаулары енген. Рамазан айында ораза ұстаған жанның оразасы қабыл болсын, әрі Рамазан айының қуанышы үшін балалар, адамдар ауыз ашқан уақытта жырмен Жарапазан айтқан.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2014-2018 жылдарды «Дін мен дәстүр жылдары» деп атауының өзінде халықтың мүддесі жатыр. Бұл кейінгі уақытта дәстүр мен ғұрыпты, салт пен әдетті дұрыс түсінбей, білімсіздіктен дәстүрді тәрік етушілерді, сондай-ақ, ұлттық құндылығының құнын білмейтін, батысқа еліктегіш кейбір жастарымызды дәстүрімізді білім арқылы түсіністікке шақырады. Қазақстанымызда тұрып жатқан діндес бауырларымызға дін мен дәстүр сабақтастығын дұрыс түсіндіріп жеткізу – бүгінгі уақыт талабы. Тіршілігімізде жиі кездесетін дәстүрдің дұрысы мен бұрысын танып, жақсысын үйреніп, жаманынан жиреніп, даналықпен еліміздің татулығы мен тұрақтылығын сақтауға бар мүмкіндігімізді салу керек.

Алла және оның елшісі дінді даналықпен жеткізуге, ауырлатпай жеңілдетуге, үркітпей сүйіншілеуге шақырады. Осы орайда Бас мүфти Ержан кажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабын оқып шықтым. Тайға таңба басқандай анық, әрі түсінікті етіп, дін мен дәстүрдің сабақтастығын айшықтап берген. Оқыған жанның көкірек көзі ашылып, дін мен дәстүрдің маңыздылығынан хабардар болатыны ақиқат. Алла әлемде болып жатқан соғыс пен бүліктен халқымызды панасына алып, елімізді иманды, татушыл, тұрақты, Аллаға, пайғамбарымызға, патшамызға бой ұсынатын бақытты елдерден етуін сұраймын! Әумин.


Болат Мамытбеков, 

0 пікір