БІР МАҚАЛДЫҢ МАҒЫНАСЫ
БІР МАҚАЛДЫҢ МАҒЫНАСЫ
24.05.2022 10:58
178
0

«Өзін-өзі білген Ер – бақытты,

Өзін-өзі билеген Ел – бақытты!»

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп Сөз құдіретін сезініп, «Сөзім – өзім» деп Сөз қадірін түсінген данышпан бабаларымыз бақыт жайлы осылай тұжырымдапты. «Өзін-өзі билеген Ел – бақытты» екені – артық сөзсіз анық нәрсе: басқаға бодан, күштіге құл болған Ел қалай бақытты болмақ?! Тарих тізбегіне көз салсаңыз: сұрапыл соғыс пен алапат айқастың бәрі осы Мақсат жолында болғанын көресіз. Ұлы Жаратушы өзіндік бет-бейне дарытқан кез-келген Ел үшін еркіндігін жоғалту – қайғының зоры...

«Өзін-өзі білген Ер – бақытты». Бұл жердегі «Өзін білу» – қай білу? Өзінің шама-шарқын, мінез-құлқын, икемділігі мен бейімділігін білу ме? Әлде «Тегін білмеген – тексіз» немесе «7 атасын білген Ер – 7 жұрттың қамын жер» деген аталы сөздегі «өзін білу» ме? Сөзсіз бұларды білу – Өзіңді білудің бір қыры. Ұлтыңды тану, сол ұлтпен қаның, жаның өзектес екенін ұғыну – Өзіңді танудың ажырамас шарты. Одан арырақ тереңдесек: «адамзат» деп аталар ғажап жаратылыстың бірі екеніңді, Адам екеніңді түсіну – Өзіңді танудың келесі сатысы.

Осы арада үлкен сұрақ туындайды: «Адам» деген – кім? Абай хакімге құлақ түреміз:

Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы — екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

Түсінікті болды: шынайы «Меніміз» – «менің қолым, аяғым, менің басым, көзім, менің денем, ақылым» деп, иемденіп тұрған Жан екен! Яғни, «Адам – жан мен тәннен тұрады, жан – орталық, негіз» деген алғашқы жауап ортаға шығады. Бірақ Абай хакім тағы тереңдейді:

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса?

Бұл ойды ары қарай қаузаған кезімізде Ислам ғұламаларының тұжырымына тірелдік: адам бойында ішпек, жемек, көбеймек секілді жануарлық табиғат; зорлық, күш көрсету секілді жыртқыштық бейімділік; жарыққа ұмтылған, сұлулыққа сүйсінген періштелік сипат; айлакерлік пен аярлыққа бастар шайтани қабілет (бекітілген жын: «жынымды ұстатпа», «ой, жынымның келгені-ай!» дейміз ғой) бар екен. Бұның бәрін «Нәпсі» деп те атайды. Ал нәпсінің – пенделік сатыдағы жанның даму, жетілу сатылары бар екен...

Ең қызығы: адам бойында Ұлы Жаратушының «үрлеп салған» нұры, Рух бар екен! Бұл жайлы қасиетті Құранда былай делінеді: «Оның жаратылысын тамамдап, оған РУХЫМНАН ҮРЛЕГЕН сәтте, оған сәжде қылыңдар!» («Хыжыр» сүресі, 29-аят.) Яғни адамның өзегі – асыл рух! Осы Рухтың бойында Жаратушының сипаттары бар екен! Осы Рухта Адам баласына тән Махаббат, Парасат, Ар-ұят, Уәде, Тәубе, Алаң, Әзіл, Еркіндік, Жауапкершілік секілді ажырамас Рухани қасиеттер бар екен! Өзегін, «менін» сол Рухына байлай алған адам, «рухани меніне» сүйенген адам – нағыз Адам (Мұсылман) екен! Солайша Негізін тапқан адам – өзінің нағыз «Менін» танумен қатар Жаратушы Иесін де біршама таниды екен! Жаппар Иесімен байланыс орнатады екен! Сөйтіп аталарымыз айтқан «Өзін таныған – Жаратушысын таниды» деген ақиқатпен қауышады екен!..

Өзін танудың бір жолы – тәніңді тану. Зер салып қарасаң: қандай ғажап үйлесімділікпен, керемет шеберлікпен жаратылған! Бүкіл жануардан артық жаратқаны, яғни жақсы көріп, сүйіп, қадірлеп жаратқаны анық көрінеді!

Ал енді Рухтың, ішкі жан-дүниенің ғажабын айтсаңызшы! Сезім қандай, түйсік қандай, ақыл-ой қандай! Бір ғұламаның: «Сен өзіңді кішкенемін деп ойлайсың ба? Жоқ, сенің ішіңде – әлемдер бар ғой!» деген сөзі санаңда жаңғырады. Сосын ойланасың да, Абай хакімнің сөзіне бас иесің!

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!..» Мұны мойындаған соң, хакімнің келесі сөзіне тағы да «Дұрыс айтасыз!» дейсің! «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?!» (38-ші сөз)

Адам баласының тереңін танытар келесі сөз мынау: «...Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. «Алла Тағалаға ұқсай алам ба?» деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкуин. Бұл сегізінен Алла Тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты...» (38-ші сөз) Яғни, Абай танымында: өз жан-дүниесінде осы сипаттарды жетілдірген адам кемелдікке ұмтылады, өзін тереңірек тани түспек. Мысалы «Ғылым» сипатын дамытқан – ғалым болмақ!.. Ғажап қой!

Міне, осылай-осылай өз бойында бар қасиеттерді тану арқылы Алланың құдіреті мен Мейірімін таныған, өзінің шынайы табиғаты мен мүмкіндігін, адамдық борышы мен міндетін таныған адам – Өзін таныған адам! Өмірінің мәнін тапқан адам! Ал бұндай жанның бақытсыз болуы мүмкін бе? Жоқ! Ендеше «Өзін-өзі білген Ер – бақытты» деген сөздің шешуі – осы болса керек!..

Иә, «Өзін-өзі білген Ер – бақытты, Өзін-өзі билеген Ел – бақытты!» Осы Бақыт баршамызға нәсіп болғай!

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 

0 пікір