Білген жөн!..
Білген жөн!..
18.11.2019 13:15
1670
0

Қалыңмал — қалыңдықтың жасауына, сәукелесіне, той малына, кәделі алыс-беріс-теріне жұмсалатын қаражат көлеміне сай төленетін төлем. Қалыңдықтың анасына көрсетілген сый-сияпат, құрмет. Қалыңмал көлеміне сай қыз әкесі де жасауын жабдықтайды. Қалыңмал төлеу дәстүрі көнеден келе жатқан әдеттің бірі және оның көптеген сілемдері қазақтың эпостық шығармаларында, мәселен, «Қозы Көрпеш Баян Сұлу», «Қыз Жібек» дастандарында, ертегілерде сақталған. Бай жасаулардың көлемі кейде қалыңмалдан да асып кететін жәйттер ұшырасып жатады. Қалыңмал төмендегі бөлшектерден құралады:

Бас жақсы — ең құнды, ең жақсы деген ұғымды білдіреді. Оған ежелгі ата-баба дәстүріне сай, ең керекті деп саналатын – түзу мылтық, сауыт, бөрік, қуса жететін, қашса құтылатын бір сәйгүлік, ұлық мал саналатын бір түйе кіретін болған. Осы аталғандардың әрқайсысының құны бес ірі қараға тең. Аталған құнды заттары жоқ адам жиырма бас ірі қара төлеген. Бертін келе бас жақсының мәні өзгеріп, тұрмысқа қажет басқадай зат, дүниелер (кілем, т.б.) берілетін болған.

Қара мал — қалыңмалдың негізгі бөлігі. Әркім өз шама-шарқына қарай төлейді. Бұрынғы кездің талабына сай, ірі қара саны бір жиырмадан бес жиырмаға дейін (21-25 жылқыға) барады.

Ілу — күйеу жігіт қалыңдығына алғаш барғанда қыз тәрбиелегені үшін берілетін төлем. Мұның мөлшері байларда 30-70 жылқыға дейін барады. Ілуге көп қаражат немесе мал төленсе қара мал саны азайтылады.

Той малы — қыздың ұзатылу тойына сойылатын мал. Оның мөлшері жыртыс және қалыңдық жасауының шығынына, еншісінің көлеміне байланысты белгіленеді.

Сүт ақы және жігіт түйе. Сүт ақы — күйеу жігіт тарапынан қалыңдықтың анасына берілетін 1-2 түйе, жігіт түйе — қыз әкесінің ата күшіне төленетін қымбат шапан, ер-тұрман.

Жасау — жігіт жағынан келген қалыңмал мөлшеріне шамалас, кейде одан да асып түсетін, ұзатылатын қызға берілетін мал-мүлік. Жасау жаңа отау құрған екі жасқа қажетті — ақ отау, төсек-орын, киім-кешек, көрпе-сырмақ, ыдыс-аяқ, құрал-жабдық, жүйрік ат, сойыс мал, әртүрлі ірілі-ұсақты сыйлық бұйымдары сияқты тағы басқалардан құралады. Үйленудің қандай да түрі болмасын, қызына жасау беру — ата-ана мойынындағы борыш болып есептелетіндіктен, «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды» дәстүрі бойынша қалыңдықтың туысқандары қызын ешқашан жасаусыз үйден шығармаған.

0 пікір