БӘСТЕМ ХАЗІРЕТ АЙТҚОЖАҰЛЫ (1874-1903)
БӘСТЕМ ХАЗІРЕТ АЙТҚОЖАҰЛЫ (1874-1903)
12.01.2021 19:36
116
0

 Қазіргі Май ауданы, Кеңтүбекте туған. Жерленген жері  Кеңтүбек аулының іргесіндегі үлкен қорымда, туысы Бәкі Басарұлының зиратының жанында. 1990 жылы басына мәрмәр тастан ескерткіш (белгі) қойылды.

Бәстем хазірет Бұхарада 7 жыл оқып бітіріп, 23 жасында елге келгеннен кейін Кеңтүбек аулынан мешіт пен оның жанынан сыйымдылығы 90 шәкірт бір мезгілде қатар оқитындай медресе салғызады. Мешіт-медресе халықты оқу-білімге үйір қылатын, адамгершілік–имандылыққа баулитын ағарту-тәрбие орталығына айналған екен.

Бәстем хазіреттен сабақ алып тәрбие көрген 400-ге тарта шәкірттің бәрі де ғылым-білімге берілген, елге шарапаты мол адамдар болып шығыпты. Бір кезде елде «аттанып барып жылқы алған» барымташы, еті тірі, пысық жігіттердің заманы туады.

Олар тіпті сонау қырғыз елінен үйір-үйір жылқы әкеледі екен. Бәлкім, бейбіт замандағы күнделікті өмірдің митыңынан, күйкі күйбеңінен жалыққан жаны жалын жігіттер үшін түн қатып, суыт жүріп айшылық жерден олжа әкелу ерлік болып бағаланған болар. Не болса да, барымтаның арты дауға айналатыны, елдің берекесін кетіріп, халықты бұзатыны белгілі.

Сондықтан Бәстем хазірет елдің игі-жақсыларынан бастап, ауыл үйдегі қолбалаға дейін қолдарына Құран ұстатып, ұрлық-барымта істемеуге, оңай олжадан татып алмауға ант бергізеді. Содан бастап ел іші бұл жаман әдеттен пышақ кескендей тиылыпты. Кейіннен ұрлық-барымтаны мүлдем қойып кеткендер недәуір байыпты да, ал бұл әдеттен арыла алмағандар шыр бітпеген күйінде қалса керек.

Бәстем хазірет қайтыс болғаннан кейін бұл мешіт-медресеге  1904 жылы қараша айында 4877-нөмірлі паспорт алып, Басқұдық болысынан қажылық сапарға барған туысы Баязит қажы Айғожаұлы, кейін Ғабдол молла иелік етеді. Бірақ кеңес үкіметі орнаған соң  1927-1928 жылдар әпербақан құдайсыздар атқа мініп, дінге қарсы күрес науқаны басталған кезде бұл мешіт-медресені әуелі қоймаға айналдырып, кейін мүлде қиратқан. Мешіт-медресенің құлаған ескі орны бертінге дейін сақталды. Ел ішінде Бәстем хазіреттің зиратына түнеп, топырағымен аласталған мұсылмандар (құдайдан бала тілеген әйелдер, әртүрлі мұқтажы бар ғаріптер, сырқаты бар адамдар т.б) дертінен жазылып, мұқтажы орындалады деген сенім берік орнаған.

 

 

0 пікір