Бас мүфти: Мәуліт – мүбәрәк мереке
Бас мүфти: Мәуліт – мүбәрәк мереке
29.11.2017 14:14
3668
0
Ержан қажы Малғажыұлы, Бас мүфти / «Иман» журналы, №11, 2017 жыл.

Сүйікті пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген мәуліт күні жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Ей, мүміндер! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер қиындыққа ұшырасаңдар – Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128-аят), - деген.

Ол құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туған жері дініміз үшін ең қасиетті орын саналатын, Алла Тағаланың рақметі жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдулла, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдуманап. Анасының есімі – Әмина. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ата-анадан жалғыз. Өйткені, әкесі перзенті өмірге келмей тұрып-ақ дүние салған, анасынан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 6 жасында айырылған. Мұхаммед (с.ғ.с.) Исадан (р.а.) милади жыл санауы бойынша 571 жылдан кейін, 20 сәуірде, һижри жыл санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.

Ана құрсағында 6 айлық болғанда: «Құдайдың досы, соңғы пайғамбарға жүкті болдың, бұл бала туғанда есімі Мұхаммед болсын», - деп Әминаға аян етіледі.

Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болды. Дүние нұрға толды. Әмина босанғанда өзге әйелдер секілді толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрды. Келінінің нұрлы бір перзент көргендігін естіп атасы Әбдүлмүттәліп үлкен той жасады. Құрайыш руының ұлықтарын шақырды. Сүйікті немересіне Мұхаммед деп есімін қойды.

Мұхаммед сөзінің түбірі «мақтау», «ризашылық» дегенді білдіреді. Осы сөзден мақтау, мадақ, Аллаға шүкір, мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды. Сөйтіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірнеше аттары бар: Мұхаммед, Ахмед, Махмұд, Мұстафа.

Мұхаммед (с.ғ.с.) қыр мұрынды, сақалы үлкен және қалың, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, жүзінен нұр тамып тұратын. Екі жауырының ортасында пайғамбарлық мөрі бар еді. Мүбәрәк аппақ тістері жарқырап, сөйлегенде аузынан нұр шашылып тұратын. Денесі тап-таза, хош иісті. Терлегенде де одан әдемі иіс шығатын. Біреуге қол беріп амандасса, ол кісі күні бойы сол иіске бөленіп, көңілі хош жүретін. Мүбәрәк қолымен бір сәбидің басын сипаса, ол сәби басқа сәбилерден хош иісімен ерекшеленіп шыға келетін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аса сезімтал, алыстағыны еститін, көреген еді.

Жүргенде жеңіл адымдап, тез-тез жүретін, сырттан қарағанда жәй жүріп бара жатқандай көрінгенімен жанындағылар қанша тырысса да ілесе алмай қалып қоятын.

Бос сөз сөйлемейтін, әрбір сөзі даналық әрі насихат еді. Жылы жүзді, тәтті сөзді болатын. Ешкімге жаман сөйлемейтін, ешкімге жамандық жаса-майтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Жұмсақ мінезді, өте кішіпейіл еді. Айбатты және байсалды еді. Қатты күлмей, тек жымиятын. Жұртқа көзінің қиығымен ғана қарайтын. Сахабаларды алдына жіберіп, өзі соңында жүретін. Кім-кімге де бірінші болып сәлем беретін.

Туған-туыстарын құрмет тұтатын, үй ішімен, сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Қызметшілерін жақсы көретін, өзі не ішсе, не кисе, оларға да соны ішкізіп, соны кидіретін.

Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді, уәдесіне берік еді. Жаратылысы да, мінезі де әдемі, адамдардың ең кәмілі, теңдессіз еді. Ал енді айтулы мерекенің шығу тарихына аз-кем тоқталайық.

Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туған күн» деген мағына береді. Бұл атау Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адам атадан (р.а.) Иса (р.а.) пайғамбарға дейінгі Алла Тағала елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне берілген. Сондықтан да әр жылы Рабиул-әууал айында Алла Тағала өзінің сүйікті пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі етіп жаратқанына сансыз шүкірлік етіп, Оған салауаттар айтып, Мәулітті Ислам әлеміндегідей мерекелеу бізде де дәстүрге айналды.

Қазіргі таңда мәуліт көптеген мұсылман елдерінде атап өтіледі. Марокконың ортағасырлық тарихшысы әл-Ифрани:

«Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да Пайғамбардың (с.ғ.с.)ізгі сипаттары жайлы әңгімелейді. Оның туғанынан бастап өмірінің соңына дейін басынан кешкен жәйттерін саралап шығады», - деп жазды. Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбір оқиғалар желісі кейінірек маулидийа дастандарының шығуына себеп болған.

Алайда Пайғамбарға (с.ғ.с.) жыр арнау дәстүрі оның көзі тірі кезінде де болған. Мысалы, ақын Каъб бин Зухайр (?-662) оған «Банат Суад» деген поэмасын арнаған. Осы ақынға еліктеп көптеген шайырлар да Пайғамбарға (с.ғ.с.) өз жырларын бағыштаған. Маулудийа поэмаларында хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туғанынан бастап, бақилыққа көшкенге дейінгі өмірі жайлы айтылады. Ол құрылымы жағынан араб әдебиетінің дәстүрлі жанрларының бірі – қасидалар-дан алшақ емес. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ерекше жаралғандығы мен керемет қасиеттері жөніндегі әңгімелердің кең тарауына байланысты Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күні – мәулітті жыл сайын тойлап отыру дәстүрі өмірге осылай келген.

Қазақ елінде мәуліт ана тілімізде де оқылған. Бірқатар ақындар мен дін қайраткерлерінің қазақ тілінде жазылған мәуліт жырлары бар. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашидидің» алғы сөзінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнап: «Мұхаммед (с.ғ.с.) – мүміндер көзінің нұры, жаратылыстың гүлзары, екі жаһанның тәжі», - деп мадақ сөз жазған.
 
 
0 пікір