БАРДЫ ЖОҚ ДЕГЕН...
БАРДЫ ЖОҚ ДЕГЕН...
06.08.2020 12:04
690
0

Иә, атам қазақтың жазылмаған дала заңы өте қалың. Ал біз қарапайым қазақи отбасында туып өстік. Қарапайым деген болмаса тұнық мәдениеттің бұзылмаған қаймағының арасында өсіппіз. Қалай дейсіз бе, атайын:

 Ата-әже, әке-шеше, аға-іні, әпеке-қарындас, апа-жезде, нағашы -жиен, бөле, құда-құдағи, аталастың  түгелі, түпнағашы, бар туыстың бәрі бар. Солардың қоғадай үйірілген ортасында еш алаңсыз ойнап күліп өстік. «Үш жұрттың» үш жұртының ортасында өсіп өндік. Бәрінің орыны, тіпті жұртына дейін мәлім. Төрт мезгіл малшылар көшетін, қонатын жерлері де ап-анық.

Тақырыпқа ойыссақ, дала заңы ешкім бұзбайды, ашықтап та айтқанын естімеппін. Кигіз үй тігілгенде есігі үнемі шығысқа төрі құбылаға қарап тігілетін. Көбінде Түмтіде жайлайтынбыз. Сағдул, Зуслаңға да жайлаған уақыттарымыз болды. Барлық үй солай тігіледі. Есік жақ күншығыс, төр жақ ол құбыла, оң жақ оңтүстік және сол жақ солтүстік екені кигіз үйде оп-оңай білінетін. Аталған жайлаулар да жердің өр, еңісіне қарамай осы қағида қалт кетпей іске асатын.

Естіп естен кетпей жадымызда сақталып қалған бір қағида «Барды жоқ деген кәпір». Түсінікті қағида.

Сәл ашықтасақ; «Аллаһ бар. Оны жоқ деу күпірлік емей немене?». Сонымен қатар сол Аллаһ нәсіп еткен қолдағы нығметті жоқ деу наңкөрлік емей немене?  

Екі түрлі сөз қолданғанымызды аңғардыңыз. Бірі күпірлік, екіншісі наңкөрлік.

 Дініміздің «Іргелі негіздерін» жоққа шығару күпірлік болып, оны айтқан кісі кәпір саналады. Ол дегеніміз қайта тәубе етіп жарылқау тілеп дінге оралуды талап ететін іс.

Ал тармақ мәселелерін жоққа шығару шүкірсіздік яғни наңкөрлік болып табылады. Иә барды жоқ деу ол шынымен адамгершілікке жат қылық.

Тағы бірі «мұрты өскеннің өзі, шашы өскеннің ауылы кәпір». Бұл мақалды екі бөліп қарастыру керекпіз.

Біріншісі мұрттың өсуі. мұртты басу сүннет іс. Яғни Ардақты елші «...мұрттарыңызды басыңыздар» деген. Яғни қырып алып тастаңыздар делінбеген. «шоқша сақал қырма мұрт...» дегенде Мәшекеңде осыны меңзеп өткен. Мұртты басу сондықтан сүннет амал деп атадық.

Ал «кереймұрт» дегенді естуіңіз бар ма? Ол енді дәстүрге ойысқан жағы. Сіз керей тымақ делінетін төбесі шошақ Алтайдың арғы жағы қоданатын түлкі терісінен немесе пұшпағынан тігілген тымақты айтып отырмын. Керей тымақ аталса да, ол жақты мекен етіп, өсіп-өнген исі қазақ қолданады. Керей мұрттың өзге мұрттан айырмашылығы, мұртты кәдуілгідей басқан кезде мұрынның су ағарының жолын ашып қоюды атайды. Мұрт басылып қана қоймай, су ағары арық сияқтанып тереңірек басылады.  

Екіншісі шаштың өсуі. «Шашы өскеннің ауылы кәпір» делініп ауыр айтылып отырғаны, ерлерге қатысты екені мәлім. Ішінара өсірген түйген болған шығар. Өйткені  «ат қойып айдар тағып» деген тіркес қалыптасқан. Жасөспірім балалардың айдар тағуы түсінікті. Далада еркін өскен қазақ баласының ерінің шаш өсіріуі өрескел ерсі іс болып саналған.

Абайдың баласы Омбыдан оқудан келгенде, сәлем бере келген көршісі, балаң оқудан не үйреніп келіпті деп сұрағанда, шашын өсіру мен түрегеліп дәрет сындыруды үйреніпті деген екен. Сонда көршісі ой Құдай-ай сол үшінде ту Омбыға пәлен жыл қаңғып неғып жүр. Шаш өсіруді ауылдағы қатындардан, ал түрегеп сиюді қорадағы қызыл сиырдан да үйрене салмай ма? – депті ғой. Міне бұл исі қазаққа тиесілі дүние. Шаш өсіру де сүннет амал. Оны жоққа шығармаймыз.  Бірақ біздің салт-дәстүрімізге томпақ екенін ескеруіміз қажет.

Осы жайлы Түркияға білімін жетілдіріп барып жатқан шақта, жоғарыдағы  мақалды айтып отырған бір кісінің сол жақтағы оқудағы ұлының айғырдың жалындай өсіріп келген шашын көріп, қарадай қысылғанын айтып берген еді Жекең ағамыз.

«Барды жоқ деген кәпір» мен «Мұрты өскеннің өзі, шашы өскеннің ауылы кәпір» деген екі мақалда қолданылған «кәпір» сөзінің күпірлікке ешқандай қатысы жоқ екенін қайталап ескерту жөн болар.

Ел індеттен айығып, игі һәм ізгі ғұмыр кешуді жазсын!

 

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

 

 

0 пікір