БАЙ-ӨЛКЕ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТҰРМЫСЫНДА САҚТАЛҒАН КЕЙБІР ЫРЫМ-ТИЫМДАР ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
БАЙ-ӨЛКЕ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТҰРМЫСЫНДА САҚТАЛҒАН  КЕЙБІР  ЫРЫМ-ТИЫМДАР ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
11.12.2019 14:16
837
0

        Монғолия - Қазақстан үшін алыс шетелдің бірі. Өйткені ол ел кеңес үкіметінің құрамында болмаған, сонымен қатар ТМД-ға (Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, немесе таяу шетел)  да еш қатысы жоқ.  Сондықтан да қиыр шалғайда, тілі де,  діні де, мәденеиеті де, өнері де бізге жат Моңғолия  (буддизм және тәңіршілдік сенім араласқан) деп аталатын мемлекетте  сол ел халқының  0,4 пайыз ғана үлесін  алатын қазақтың  азғантай ғана шоғыры бар екенін бүгінде бәріміз білеміз. 

Тарихтың сан қатпарлы себептері арқылы Атажұртынан бөлініп Мұңғыл елінің ең батысындағы Бай-Өлке (Баян-Өлгий) аталатын қасиетті мекенде бір жарым ғасырдан бері тұрақтап, қоныстанып, өніп-өсіп келген қазақтардың (дені 12 ата абақ керейлер және аздаған уақ, найман, қожа, төрелер) тарихы, мәдениеті, өнері, салт-дәстүрі, тілінде, сондай-ақ  күнделікті тұрмысында да қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері  бар екендігі Қазақстанннан барған қазақтардың назарына бірден ілігеді.  Оның басты себебі 21-ғасырдың өркениетіне бет алған Қазақстандағы өмір сүру тәсілі мен Бай-Өлкедегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі арасындағы орасан болмаса да,  біршама үлкен айырмашылқтарымен түсіндіруге болады.

Бай-Өлкенің қатал табиғаты, оған үйлескен дәстүрлі көшпелі тұрмыс салтымен қоса бүгінгі  электронды техника дәуірінің жетістігін қатар ұштастырып келе жатқан қазақы өмір бүгінде әлем ғалымдары мен туристерінің назарын ерекше аударады. Бүгінде Бай-Өлке жастарының бір бөлігі алып Алтай-Бесбоғда жотасында  «қойын құрттап, айранын ұрттап» өмір сүріп жатса енді бір тобы нарық бизнесін меңгеріп Қытай, Жапония, Корея елдері тіптен  Англия, Германия, Франция, Американы  да күнделікті  барып келіп, кіріп-шығатын   көршісі тәрізді, ол елдердің де тілі ғана емес, ғылымы мен техникасын меңгере бастаған. Тіптен осы салада жетістікке жетіп, әлемнің атақты ғылыми ордалары мен бизнес корпорацияларында, ІТ  және нанотехнолгиялық орталықтарда жемісті еңбек етіп, жетістікке жетіп  жүрген Бай-Өлкелік қазақ жастарының тізімін жасасақ біршама шұбыртуға болады.

Сөзді осы жерден доғара тұрып, мұңғыл еліндегі қазақтардың тарихы, тұрмысы, салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті, жазба әдебиеті, өнері, мәдениеті туралы нақты ғылыми тұрғыда қорытындыланып бір жүйеге түскен  зерттеулер бар,  бірақ ол зерттеулер  әлі де толыққанды емес екенін айтпақпыз. Әрине, ол жайт бәрімізге  мәлім.  Осы  олқылықтың орнын толтыру мақсатында, тақырыбымызға сай моңғолия қазақтарының тұрмысында қалыптасқан кейбір  ырым-жоралғылар туралы қысқаша ғана мағлұматтарды атап өтпекпіз:

Иә, қазақ ежелден  ырымшыл халық.  Әр ел, әр өлке, әр өңірдің өзіндік ерекешелігін  айғақтап тұратын мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі барлығы бесенеден белгілі.

Ал мұңғыл ұлтымен қоян-қолтық араласып,  олардың мәдениетімен біте-қайнаса өмір сүріп келе жатқан азғантай қазақ, бүгінде ежелгі қазақи ырым - жораларынан алшақтап қалды ма? Әлде, бағзыдан қалған осынау құндылықтары әлі күнге сақталып келе ме?!

Ендеше, балалық, жастық шақтарымыз Бай – Өлкеде өткендіктен, сол кездегі үлкендерден естіген,  көзбен көрген, есте қалған ырым-жоралғылардан бірнешеуін еске алдық.

 1.     Ақтық байлау

 Қазақ халқының көнеден қалған  ырымдарының бірі- киелі деп санаған ағаш бұталарына, тау-тастарға ақтық байлау ырымы. Туып өскен жеріміз Бай-Өлкенің арғы бетіндегі Қобда аймағының бергі бетінде Қытаймен шекаралас Делуін деген ауыл (сұмын) бар еді. Сол Делуін  өлкесіне  қарасты «Жалғыз ағаш» жайлауында әртүрлі дертке шипа саналатын арасан суы таудан сарқырап  ағады. Жаздыгүні бұл арасанға шипа іздеп келіп-кететін халықтың қарасы өте мол болады. Арасан суы да көбінің дерттеріне дауа болғанын естіп жатамыз. Арасан басына  келгендердің барлығы қолдарында бірер қарыс  ақ шүперектерін (маталарын) алып ағаштарға, тастарға байлап кететін. Көбінесе ақ мата байлағандықтан «ақтық байлау» деп аталған болса керек. Ол арасанға  біз де талай мәрте барған едік. Қаншама ақтық байлағанымыз есімізде жоқ. Сонымен қатар қасиетті деп саналатын шипажайға, бұлақ – бастаудың басына барғанда, биік таулардан аман-есен асып өткенде адамдардың, бұта-ағаш, тастарға ақтық байлап жатқанына да талай рет  куә болдық.

        Ақтық байлау ырымы жоғарыда айтқандарымызбен ғана шектелмек емес. Жаңа көтерген шаңыраққа, жүйрік аттың жал-құйрығына т.б. көптеген дүниелерге ырымдап ақтық байлап жатады. Ырымның негізі өмірде ақ пен қара қатар жүреді,  ақ жақсылықтың нышаны, ал  қара жамандықтың белгісі деген ұғымға орай болса керек. Олай болса ақтық байлаудың астарында, жақсы болу, жақсылыққа жору, жақсылықты тілеу пәлсапасы жатыр. Егер олай болса Құран Кәрімдегі «жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю» әмірін еске алар болсақ бұл ырымнан сақтанудың қажеті жоқ тәрізді. Ырым да осы әмірге негізделіп қалыптасқан болуы да мүмкін.

     2.Жауырынмен жору-жорамалдау

Бала кезімде үлкен кісілердің жауырын сүйегін мұжығаннан кейін оған қарап жорамал жасап отыратынын талай көрдік. Жауырынның шұңқыр (шұңғыл) жағы терең болса, қарынымз тоқ болады. Қыр жағы өткір (пышақтың жүзі сияқты қолды кесіп кететіндей) болса, жүйрік атымыз болады. Жауырын сүйегінің кеужері (етек жағы) кең болса қора толы ұсақ малымыз болады деп жататын-ды.

        Моңғолия қазақтары туралы этномәдени зерттеулер жасап жүрген ғалым Бабақұмар Хинаятұлы «Жауырынның сакральды қызметінің тарихы» атты еңбегінде: «Жауырынның практикалық маңызымен қоса оның сакральды қызыметі әр түрлі тарихи кезеңдерде түрленіп, өзгеріп бүгінге жетті. Көшпелілердегі жауырынға қарап бал ашу өнері жайлы алғашқы жазбаша дерек Гильом де Рубрук еңбегінен бастап біраз мәліметтер П.С.Палласта кездескенімен, оның ішкі сырына назар аударылмайды.  Біздің зерттеуімізше көшпелі жұрттардағы жауырынның екі түрлі сакральды қызметі бізге белгілі және оның атауы да осығын сәйкес: қазақтар «жауырын қарау» және «жауырын жағу», қырғыздар «далы көрүү» және «далы күйгүзүү» немесе «далы жагуу», маңғол тектес жұрттарда «далаар харах», «түлсэн далны шинжилгээ» («Дал»-деп жауырынды айтады-автор) деп атайды [1]. Соңғылары өртегенін «қара жауырын», күйдірілмегенін «ақ жауырын» деп атайды. Сонымен бірге бұл жұрттарда жауырынмен бал ашу тәсілдері, орындалуы техникасы мен болжау тұспалдары ұқсас. Сөз болып отырған сүйектің бірінші қызметі, әрі ең көнесі жауырынды «жағу» арқылы сәуле ашу, яғни, сүйекті оттың жалынына қақтағанда пайда болған сызат, жолақтарға (бедерлерге) қарап бал ашады [2]-деп жазды. Осыған орай жауырынмен жору ырымы көшпелі қазақ, мұңғыл, қырғыз жұрттарына ортақ ырым екендігін білеміз.

    3. Үй сыртына ақ шашу (айран, сүт құю)

 Абай атамыз «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны жайлы»  еңбегінде: «Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені Құдай қылып, дін тұтатын әдеттердің сарқынын біз де кей жерлерде көргеніміз бар. Жазғұтырым күн әуелі күркірегенде қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып «Сүт көп, көмір аз» дегендері сияқты. «Құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды» - дейді хәкім.

Данышпан Абай атамыздың шүкір еткен бұл ырымды Бай-Өлкенің қыр сұмындарында мал соңында жүретін әжелер мен апаларымыз күні-бүгінге дейін  жасап жатқанын  талай мәрте өз көзімізбен біз де көрдік. Көктемнің алғашқы күн күркіреген кезінде әже-аналарымыз шөмішімен айран, сүтін ала жүгіріп киіз үйдің үстіне шашып «Ақ мол болсын, пәле жала жерге енсін!» дейтін-ді. Қызық көріп себебін де сұрағанбыз. Бірақ қанағаттанарлық жауап бере алмай «біз үлкендерімізден осылай көрдік, көргенімізді жасаймыз» - деп құтылатын. Бірақ бұл ырымның астарында да  молшылық, береке тілеген жақсы ниет жатқаны белгілі.  Былайша салыстырсақ, жауын-шашынсыз жазда мал сойып тасаттық беріп жаңбыр тілемей тұрып-ақ  көктемде алғашқы күн күркірей бере жауын-шашын көп болып,   ырыс-береке, айран-сүттің мол болуын, тоқшылық болуын тілеген дұға-жоралғы деп қарағанымыз жөн.         

4.Ай көргенде дұға жасау

 Бала кезімізде жаңа туған айды көргенде анамыздың былай деп бата (дұға) жасағандығы әлі күнге көз алдымызда: 

«Пісімілә (бисмиллаһ),  

Ай көрдік,

Аман көрдік.

Ескі ай есірке,

Жаңа ай жарылқа.

Айдан аман,

Жылдан есен болайық» - деп қолын жайып, дұғасын жасап, бетін сипайтын әдеті бар еді. Біз де қосылып қолымызды жайып тұра қалушы едік.Ал бұл дұғадан да табиғатқа, ай мен күнге, оның тылсым күшіне сеніп, әрбір жаңа туған айдан жақсылық тілеген ақпейіл бабаларымыздың баладай пәк  ақниеті қылаң береді.

5. Бесік аластау

 Қазақ баласының бесікке жатарда бесігі аластанбаған жан кемде-кем шығар.  Әже-аналарымыз нәрестені бөлер алдында  бесігін жасап болғаннан кейін сіріңке тамызып «Алас- алас!» - деп бесіктің баланы бөлейтін бетін үш мәрте айналдырып отпен  аластағанына талай мәрте куә болғаныбыз.

«Алас-алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш.
Алас- алас, бәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас.
Тілі жаманның тілінен алас...» - деген бірнеше шумағы әліде  есімізде.

 Жалпы аластау рәсімі туралы әр-түрлі көзқарастар бар. Аластау  – оттың киелi қасиетiне сенуден пайда болған тазарту тәсiлi, ұшықтаудың бір түрі. Аластау -  қазақтар арасында көне дәуірден келе жатқан анимистік және тотемдік наным-сенімге негізделді. Аластау – адамдарды бәле-жаладан, көз тию, сұқтан сақтауға бағытталған әртүрлі әрекеттер арқылы атқарылады. Оттың көмегімен жасалады. Алас сөзінің түбірі, алас «от» деген мағынаны білдіреді. Сонда аластау рәсімі ежелден орныққан отқа табыну жосынынан бастау алады деуге болады. Ауру-сырқаудың бәрi адамға жын-шайтан, албасты, әзәзiл мен перiлердiң соғуынан жабысады деп саналғандықтан, әрбiр көшкен сайын киiз үйдi де, малды да, мүлікті де аластайды. От тұтатып онымен бесікті, босағаны, тағы басқа жерлерді аралата «алас, алас, ауру-сырқаудан алас, тіл мен көзден алас» деген сияқты магиялық сөздер айтады [3]. 

       Ал көнекөз қариялардан естуімімізше, сумен қалай тазалансаң отпен де солай тазалануға болады. Яғни оттың тазалаушы рөл атқаратынын алға тартады. Бұрыңғы кезде киіз үйде, электр жарығы болмағандықтан бесікте, қоңыз, құрт-құмырсқа болып, балаға зиянын тигізу ықтималы болғандақтан сіріңке жағып қарайтын болған деген пікірлерді алға тартатындарды да кездестірдік.  Аластаумен астарлы тағы тілге тиек етерлік ырым ол – ұшықтау деп аталады. Басынан қайғылы оқиға, жаман жайт (оқиға) орын алған кісіні алғаш үйге кіргізерде, әжелеріміз құрым киіздерін отқа тұтатып «ұшық, ұшық, пәледен аулақ» - деп айлана сабалағанын (ұрғылағанын) көріп  өсіп едік. Сонымен қатар бала кезімізде көзімізге байқаусызда ши, бұта, қоқыс тиіп кеткенде де «Тфә-тфә! Ұшық-ұшық» деп ұшықтап  жіберетін.

   6. Сарлық (ходас) сиырының мойынын ішене қайырып жатуы

Бәрімізге белгілі болғандай Моңғолия қазақтары негізінде мал шаруашылығымен айналысады. Алтай қазақтарында кеңінен таралған сиыр түрі ол – сарлық  деп аталады. Сарлықты атажұрттағы қазақтар ходас деп таниды. Бір сөзбен айтқанда жабайы жануар бейнесінде, жүні жалбыраған, терісі қалың, көбірі (қылшығы) ұзын, түрі суық, ыстық-суыққа төзімді жануар. Сүті аз болғанымен, құнарлы, майлы келеді. Бұл сиырдың тағы бір ерекшелігі тау басындағы жусанның ең нәрлісін таңдап жейтіндіктен, сүтінен жасалған қаймақ, құрт-ірімшік, айран-майларының дәмі тіл үйіретін-ді.     

Қыстың сақылдаған сары аяз, ақ бұрқасын боранында жотаның (таудың) ең биік жерінде жайылып жүре береді. Кей кездері сол сарлық сиырларымыз қораға келгенде, мойынын қайырып, ішіне тығып жатып алатын әдеті бар еді. Бұл кезде күннің суық болатындығының белгісі деп болжам айтып отыратын әкеміз. Сондай-ақ,  сарлық сиыр, бұрқасын, боранды күндерде өрісте жүрсе мойнын ішіне қайырып жатып алады да күн райы ашылғаннан кейін қайта тұрып жайылып жүре береді дейтін әкеміз. Бұдан біз табиғатпен етене жақын өскен көшпелі халықтың күн райы, қыстың қатал болуы, немесе жайлы болуы,  жаздың жауын-шашынды болуы, немесе құрғақ болуы т.с.с жылдың төрт мезгілінің қандай болатынын ұшқан құс, жүгірген аң, қолдағы төрт түлік малдың әрбір қыры мен сыры арқылы болжап отыратын ерекше танымдық тәсіліне қайран қаламыз.

      Бұл шағын мақаламызды қорытындылай келе, Моңғолиядағы қазақтардың ырым-жоралғылыры осымен тәмәм деуден аулақпыз. Әліде, егжей-тегжейлі зерттеп, олқылықтардың орынын толтыра жатармыз деген ниеттеміз. Әзірге  есте қалған естеліктермен бөлісіп, оқырман қауым бір кәдесіне жарағынын алар деген үміттеміз.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Бабақұмар Хинаятұлы. Жауырынның сакральды қызметінің тарихи-этномәдени сематикасы.//Шұғыла.-2011.-№1(168)-9-19 б

2.Ниғмет А. Моңғолия қазақтарының этнографиялық зерттелу  мәселелері, магистірлік  диссертация, 54-б

3.«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». http://el.kz/ сайты. 11.02.2019.

Дінтанушы, магистрант:

Айсерік  СЕЙТМҰРАТҰЛЫ

0 пікір