АТАЖҰРТЫ АҚЫТ ҚАЖЫНЫ БІЛЕМЕ ЕКЕН?..
АТАЖҰРТЫ АҚЫТ ҚАЖЫНЫ БІЛЕМЕ ЕКЕН?..
01.06.2020 12:43
1284
0

Ақыт қажы Үлімжіұлы туралы Қытай, Моңғол қазақтарындай емес, атажұрттағы ел аса көп дерек біле бермейді.  Немесе атын естігенімен, еткен еңбегінен хабарсыз. Бүгінгі мақаламызда Ақыт қажыныңғибратқа толы ғұмыры мен жүріп өткен жолы, артында қалған мол мұрасы туралы айтпақпыз.

Дәл Ақыт қажыдай қажылық сапарын суреттеген адам кемде—кем.  Ақыт қажыдай Абайды түсінуге, оныңөлеңдерін ақыл таразысынан өткізіп, халыққа жаюға ұмтылған адам кемде—кем.

Зарықтырып дүниеге келіп, қос ананың омырауын тел емген ұл

Руы Абақ Керейден тарайтын Ақыт Үлімжіұлы 1868 жылы Алтай аймағының Көктоғай ауданы, Қайырты күзеулігінде дүниеге келген. Әкесі Үлімжі өзіндік қана шағын шаруасы бар қарапайым малшы екен. Анасы Жібек 18 жасында келін болып түссе де, 33 жасына дейін құрсақ көтермепті. Бірде өзін “Пұшпағы қанамаған” деп сөккен екі келіншектің әңгімесін естіп қалған Жібек қатты көңілі түсіп жылап, Құдайға “Бір перзент бере гөр” деп жалбарынады. Содан түс көріп, түсінде “Құдай сенің жылағаныңды естіді, орныңнан тұр” деген ақ сақалды қарияны көреді. Түсті естіген Үлімжі қарияны Қызыр атаға балап, жақсылыққа жориды. Бірақ өзі бала көтермеген соң Жібек күйеуінің қарсылығына қарамастан тоқалдыққа Бәкеш атты қызды алып береді. Бірақ Құдайдың құдіретін көрмейсіз бе, Бәкеш келін боп түскен жылы Жібектің бойына бала бітіп, дүниеге Ақыт келеді. Ал өр мінезді Бәкеш болса: “Мен келген соң көніңіз жібіді ғой” деп баланы бәйбішеден тартып алыпты. Сонда атына заты сай мінезі жібектей Жібек: “Оның рас, бұл – сенің балаң” деп зарығып көрген ұлын тоқалдың қолына ұстатқан деседі. Ақытқа аналық мейірімі оянған Бәкештің емшегінен сүт шығып, баланы туған анасымен қатар емізе бастайды. Жұрт “қыз емшегін емген бала өлеңші болады” деп, Ақыттың тағдырын жөргекте жатқанда-ақ ақындықпен байланыстырып тастайды. Міне, Жібектің осы әрекетінен-ақ сұлу ғана емес, ақылды, дана, саналы әйел болғанын көреміз. Әрі деректерде оның сауатты адам болғандығы да айтылады.

Шариғат ережелеріне жетік Ақыт

Ақыт сол уақыттағы қазақ дәстүріне сай сауатын мұсылманша ашады. Ол туралы ақынның баласы Ғазез Ақытұлының естелігінде: «Әкем жеті жасқа келгенде өзінің немере ағасы Садық Жебенұлынан Құран сауатын ашады. Онан соң сол кездегі ауылдың тәуір молдасы атанған Ғұсманнан түркі тілдегі діни кітаптарды оқып, Құранның қирағатын түзейді. Яғни, Құранды грамматикалық ереже бойынша оқитын дәрежеге жетеді. Сөйтіп, ауылдағы санасы ашық, толық сауатты кісінің бірі болып шығады. Жігіт аяғын басқан кезде сол кездегі Молқы руының үкірдайы Жуанған ауылына не себеппен келгені беймәлім Бұхара медресесінде мүдәрріс болған ұлты өзбек, нақ аты Махбубулла, жанама аты Мырзабақа деген адам келіп бала оқытады. Мұнан Жуанғанның көрші-қолаңдарының балалары болып, алпысқа жуық бала оқиды. Ақыт осы балалардың қатарында оқуға кіреді де, олардың ішінен оқуға ынталы әрі зеректігімен айрықша көзге түседі. Ақыт осы адамнан араб, парсы, түркі тілдерін үйренумен бірге, шариғат ережелері аталатын фиқһ ғылымын да пысық игеріп шығады”, — деп жазады. Ал ақынның өзі дәл осы ұстазы туралы:

Ержетіп дамолладан алдым сабақ,

Ісмідүр Махбубұлла асыл талап.

Бұхардың ақсүйегі дәл өзінен,

Шығады демі сайын ғылым тарап, — деп жырлайды. Өзге балалардай емес, білім-ғылымға ерекше құштар Ақыттың қазақтың санасын оятатын “оқу” екенін ерте ұққанын аңдаймыз. Өйткені өзі алғаш “Иманшарт” оқып жүргенде сол кітаптың шетіне:

Үлімжі біздің атамыз,

Құдайға көпдүр қатамыз.

Ғылым нұрын бір көрмей,

Қараңғы қайтіп жатамыз? – деп жазып қойғанынан-ақ талай нәрсені аңғаруға болады.

“Дамолдалыққа” жеткен Ақыт

Бірақ жоқшылық қолын байлап, аяғын тұсаған Ақыттың оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмайды. Амалсыздан аңшылықпен айналысып, күнкөрістің қамымен жүреді. Ақыт қажының тәп-тәуір аңшы болғанын әйелі Үкіжанның балаларына айтып берген мына бір естелігінен білеміз: “Әкелеріңнің кейбір мінезі Қожанасыр сияқты еді. Жаңадан отау тігіп шыққан уағымыз. Дәулеті шағын әкең сауда істеп көрейін деп бір саудагерден бір қанша бұл, шәй көтеріп алыпты. Әкеңнің “алпыс ата, қырық жездесі” таусыла ма? Жайлауға барып, Қобда елімен араласып қалдық. Сонымен ана танысқа бір көйлек, мына танысқа бір шәй беріп жүріп, бар саудасын түгетіп қойыпты. Ел қыстауға түсе бере әлгі саудагер сарт келіп есептесе кетіп еді, қыруар борышқа жығылып қалды. От басын сабалап саудагер күнде мазаны алады. Сонымен әкең борыштан құтылу үшін мойнына мылтығын салып, тағы бір құты у тауып алып, қасқыр, түлкі аулауға, бөкен, қарақұйрық атуға Қарамайлыға шығып кетті. Әйтеуір Құдай берейін деді ме, алты қасқыр, жеті түлкі алып, бір ай дегенде аңшылықтан қайта оралды. Сөйтіп жүріп борыштан құтылдық. Борыштың кем қалған жеріне мен киім-кешегіме қадаған алты дана алтын теңге бар еді, соны қиып беріп әзер біттің емес пе?!”

Бірақ Жуанған үкірдай мен Мырзабақа ұстаз қатты ұнатқан шәкірттерін күнкөрістің соңына жіберіп қоймады. Жуанған үкірдай Ақытты шақырып, оны хатшылыққа алып, арнайы айлық тағайындайды. Осыны пайдаланған ол сабағын, білім алуын жалғастыра береді. Араб, парсы тілдерін бұрынғысынан да жетік меңгеріп, ислам мәдениеті мен шығыс әдебиеті төңірегінде де сауатын ашады. Діни білім арқылы деңгейі де күннен-күнге жоғарылап, “дамолдалыққа” жетеді. Бұл туралы Ғазез Үлімжіұлы: “Дамолда” деген атау қазақ тілінде “аға молда” деген сөз. Дамолда болу үшін діни жоғары мектепті тауысып, шаһадатнама алып шығу керек. Ол үшін үлкен жақтан төрт түрлі білімді игеріп шығу керек. 1. Құран Кәрімді 90 пайыз аударып, түсінетін болу керек. Ол үшін арабша жазылған алуан түрлі Құран тәпсірлерін оқуы керек. Өйткені, Ислам діні Құран Кәрімді “Алланың сөзі” деп таниды. 2. Хадис кітаптарын аударып, түсінетін болу керек. Хадис – Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) сөзі немесе Пайғамбарымыздың (с.а.у.) іс-әрекеті немесе біреулер істесе, яки сөйлесе, қарсы шықпай дұрыс деп тұрақтандырған істері қатарлылар. Мәшһүр хадис кітаптары алтау. Олар мыналар: “Сахих Бұхари”, “Сахих Мүслім”, “Сахих Тәрмизи”, “Сахих Насаи”, “Сахих Әбу Дәуіт”, “Сахих ибну Мәжә”. Дамолда болған адам осы алты кітаптың біреуін толық оқып шығып, аудара білетін болу керек. 3.Фиқһты жақсы игеру керек. 4. Араб тілін үйренуі керек.  Демек, Ақыт ресми діни жоғары мектеп оқымаса да, жоғарыдағы төрт түрлі ғылымды жалпы жақтан игеріп алады. Ашығырақ айтқанда, өздігінен ізденіп ғұламалық деңгейге көтеріледі”, — деп жазды. Осыдан-ақ ақынның діни білімі қазір шетел асып, Ислам университеттерін бітіріп келген дін ғалымдарынан артық болмаса, кем болмағанын пайымдаймыз.

Өлеңге ден қойған ақын Ақыт

Бұдан былайғы өмірінде Ақыт Үлімжіұлы ұсақ өлеңдер жазып, арасында айтысқа қатысып жүреді. Түрлі қызметтер атқарады. Қобда мен Алтайдың арасында атпен хат тасиды. Ал 1890 жылы Ақыт шекара қызметіне аттанарда әкесі Үлімжі ақсарбас айтып сойып, ауыл ақсақалдарын жинап, белгілі ақын әрі батагөй құрдасы Сағитқа: “Балаңа батаңды бер” дегенде Сағит:

Көкірегің ашық болсын,

Пәлекетіңқашық болсын.

Абылайдай айбарлы бол,

Қабанбайдай қайырлы бол,

Бөгенбайдай беделді бол,

Жәнібектей жағымды бол,

Елден асқан дарынды бол,

Елді сүйер жалынды бол.

Еліңнің еркесі бол,

Есейгенде серкесі бол.

Аллаһу акбар! – деп бата беріпті. Ақсақал тілегі қабыл болып, Ақыт елден асқан дарынға ие болды, ақындық қонды. Өзі Қазан қаласынан басылып шыққан Фердауси, Низами, Қожа Хафиз, Сағди, Науаи, Сопы Аллаяр, Қожа Ахмет Яссауи және Сүлеймен Бақырғанилардың өлеңдерін оқып, жыр жазуға машықтанады.

Ақыт ақын өзінің тұңғыш дастаны “Жиһаншаны” 22 жасында, 1891 жылы жазып бітіріп, Қазан баспасына ұсынады. Ең кереметі, ұзақтау жатып қалса да, кітап 1897 жылы жарық көріп, алғаш басылып шыққан қазақ кітаптарының біріне айналады. Ақыт ақынның кітабына жоғары баға берген ақын Арғынбей Апашбайұлы:

Араб, түрік молдасы,

Адамды жеңер қаратпай.

Жауап беріп тоқтатқан,

Молдалық жоқ деп бос жатқан.

Қазақта мұндай бар екен,

Қай жерге барған жан екен.

Кітабын көрген ноғайлар,

Қалып еді ғажаптан, — деп жырлайды.

Қайда жүрсе де қолынан қаламын тастамаған Ақыттың аты ел ішіне кеңінен тарайды. Бірақ жоқшылықтың қамыты қайта-қайта киіле бергеннен кейін ақынды Қобдадағы дос-жарандары көшіріп алады. Кедейлігінің қаншалықты болғанын Үкіжан апаның: “Қара лашық үйімен сый ағайынның ішіне баруға намыстанып, ел ішіне бір күндік жер қалғанда ерулеп отырып қалдық. Осыны сезген әкеңнің дос-жараны Лайық деген адам төрт қанат киіз үй дайындап қойған екен. Алдымыздан сол үйді алып шығып, қара лашық үйді тастап, осы ақ отаумен ел ішіне көшіп бардық”, — деген естелігінен байқаймыз.

Қырық жасқа дейін Қобдаға қарасты Делуін ауданында өмір сүрген Ақыт Лайық қажы, Бардам үкірдай ауылдарында мектеп ашып, бала оқытады. “Ғылым сәуле нұр жарық”, “Жақсы қатын мен жаман қатын”, “Құлтайболат Тұңғышбай”, “Әліп өлең” сияқты өлеңдері мен “Қобда кеңес”, “Қобдадағы жеті қажы жыры”, “Қиямет ахуал”, “Қажыбаян” секілді дастандары сонда жазылады. Ғазез Ақытұлы: «Мен әкемді еске ала қалсам басында қазақы пұшпақ бөркі немесе кепеші, көзінде көзілдірігі, үстінде жүрдек сұр шапаны бар, орта бойлы, шымыр шаршы денелі, мұрынды, қасты, кең маңдайлы, жасы алпыстардан асқан, бурыл сақалды қара сұр адам елестейді. Үнемі төрт бұрыш күрең үстелге шынтақтап жазу жазып отырушы еді” – деп, әкесінің қолынан қалам тастамай, тек жазумен айналысқанын айтады.

Ақын өлеңдері түрлі тақырыптарды қамтыды. Әсіресе, өсиеттік, ақыл-кеңестік сарындағы жырлары көп еді. Ақыт ақын өлеңдерімен таныса отырып, жырларының негізін Құран мен хадистен алғанын байқаймыз. Ақын “Билерге” деген өлеңінде:

Ұлық болсаң, әділ бол,

Шариғат ұстап кәміл бол.

Елдіңғұрпын, жұрт жолын

Бәрін де байқап, таныр бол, — деп әділдікке шақырса, “Байларға” атты жырында ауқаттыларды:

Қайырымды бол, бай болсаң,

Бақ—дәулетке сай болсаң.

Кедейге ішер шай болсаң,

Жаяуға мінер тай болсаң.

Ақ көңілмен жарқырап,

Сай суындай сарқырап,

Осындай болса бай адам.

Бола қояр қай адам, — деп жомарттыққа шақырады. Ақын дін тыйым салған жат қылық, жаман әдеттерден аулақ жүруге де үндейді. “Өсекшілерге”:

Сөз жүргізген тәмамшы,

Өсек айтар кей надан.

Кісі өлтірген кінәдан,

Біле білсең ол жаман, — десе, “Зина туралы” өлеңінде:

Жігіттер, зиналыққа болма үйір,

Сасықтан жиіркенбес малда сиыр, — деп зинақорлық секілді арсыздың ісінен алыс болуды аманаттайды.

Ақынның осы секілді діни сипаттағы өлеңдері өте көп.

Қытай қазақтарынан Абайды бірінші таныған Ақыт

Абай өлеңдерін танып, Абай мұрасын Қытай қазақтары арасына жаюды алғаш қолға алған да осы – Ақыт ақын. Бірақ оның Абай өлеңін тәпсірлеп, Абайша өлең жазғанын құптамағандар да болды. Оны “Абайға қиянат жасадың” деп айыптағандар да кездесті. Бірақ бұл мәселеге ақынның өзі кезінде-ақ жауап беріп кеткен. Ол жөнінде ұлы Ғазездің естелігінде: “Мен ес білген кезімде 1933-ші, 1934-ші жылдары әкеміздің бұрынғы тапшы дәулеті толықтанған. Медресе, мешіт салынған, қоғамдық орта жағынан толық танылған кезі еді. Әкем бұрын әдебиетпен шұғылданып көп жазса да, дәл осы тұста қазылық міндет өтеп тұрғандықтан жан-жақтан келген даулы жұмыс, дауласып келген адам ол кісінің алдын бермейді екен. Әкеміз бұған қарата бір кесім айтса, сол айтқан кесімін қағазға қондырып, сақтап қоюшы еді. Шығарған кесімдерді көшіртетін бір үлкен сары қапты дәптері болатын, кейде біз сол дәптерін оңашада ашып көретінбіз. Дәптердің аяғына әкемнің өз қолымен екі-үш бет өлең жазылған екен. Сондағы:

Ақындар менен бұрын өтті талай,

Әсіресе, Құнанбай баласы – Абай.

Дәл сондай өткір сөзді болмасам да,

Ойымды жеткізейін құрап-жармай, — деген бір шумақ есімде қалыпты”, — делінеді.

Және Ақыт қажының Абай өлеңі көшірілген жеке дәптері болған екен. Арасында “Сегіз аяқты” әндетіп айтып отырған да көрінеді. Ал Абай өлеңінің сарынымен “Ғақлиялық үндеулер” жазғанда баласы Қалман: “Әке, мына өлеңіңіздің мазмұны Абай өлеңімен ұқсас, тек ұйқасы ғана өзгерген сияқты. Сонда осы өлеңіңіз біреудің өлеңіне жасалған қиянат болмай ма?” – деп сұрағанда, Ақыт қария: “Балам, мен Абайдан өлең ұрлайын деп отырған жоқпын. Бір басыма жетерлік өлең менде де бар ғой, қайта Абайдан үйренейін, Абайды үгіттейін деп жазып отырмын. Абай өлеңін атүсті бір оқып кеткен адам оңай-оспақ түсіне қоймайды. Бұл Абай өлеңінің ойлылығы һәм мазмұнының тереңдігі. Абай – мүтәфаккыр шағыр (ойшыл ақын), Абай өлеңі сондықтан оқырманды сынайды әрі тәрбиелейді. Екінші, Абайды Руссиядағы қазақтар танып білсе де, осы жақтың қазақтары (Қытай) әлі жете тани қойған жоқ. Тіпті кейбіреулері Абайдың атын да білмейді. Бұлардың бірталайы мені біледі. Сондықтан Абайды алдымен мен тануым керек. Және Абай менің аузым арқылы таныстырылуы керек. Қалман, сен оқыдың ғой, үлкендеп айтсақ Құран Кәрімге неге тәпсір жазылады? Хадистерге неге шархы жазылады?” — деп олардың халыққа түсіндірілуі үшін жазылатынын, түпнұсқаға қиянат етілмейтінін түсіндіреді.

Абайда:

Махаббатпен жаратқан адамзаты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті, — жырланса, Ақытта дәл осы тақырып:

Адамды махаббатпен жаратқан Хақ,

Достығын бір Алланың сен де іздеп бақ.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Һәм шариғат жолына ұмтылып бақ.

Осыменен болады иман тәмам,

Ойлансын да, таратсын білген адам.

Алланың досын дос көр, дұшпанын жек,

Бұл тақхиқ пен иманың болар аман, — деп өлеңге қосылады.  Ақыт өлеңдері Абай жырларын жаңғыртады, жаңаша әр береді. Ақын “Ғақлиялық үндеулердің” алғысөзінде: “Ей, мүмін қандастар! Қазақтың Керей елінен шыққан мен әлсіз, пақыр пенде, қажы және қазы Ақыт Үлімжіұлы – мүміндердің көңіл көзін ашуды, оларды опық жеуден сақтандыруды, кейінгі ұрпаққа естелік қалдыруды ниет етіп, марқұм Абай Құнанбай қажы ұлының кітабынан өрнек алып, осы “Ғақлиялық үндеулер” кітабын жаздым. Шіркін, Абай адамның жуырда есіне түспейтін сөздерді тауып, соны өрнектеген. Мен де есіме түсе қалған сөздерді кіргіздім. Мақсатым — ел-жұртқа тағлым болса!” — дейді. Ақыт қажының осы сөздерінен-ақ оның ниеті Абай еңбегін иемдену емес, жұрттың пайдасына жарату болғанын көре аламыз. Ендеше, “қиянат жасады” дегеніміз – асылық. Өйткені, Қытай қазақтарынан Абайды бірінші таныған және оны өзгеге танытуға тырысқан Ақыт ақын болатын.

Мекке, Мәдинаға барып қажы атанған Ақыт

1908 жылы Шыңжаңның Алтай өңірінен, Тарбағатайдың Майлы-Жайырынан, Моңғолияның Қобда аймағынан ауқатты 60 адам қажылық парызын арқалап, Мекке сапарына аттанады. Бұл кезде Ақыт қажы Қобда аймағында Бардам Үкірдай ауылында бала оқытып жүрген екен. Артық байлығы, қолында қаражаты жоқ Ақыт қажылыққа баруды ойламайды да. Бірақ Алла оны өзінің сүйікті құлдарының қатарына қосып, қонаққа шақырған екен. Өз аймағынан жеті қажыны шығарып салмақ ниетпен сапарға шыққан Ақытты Лайық пен Оразбек ақылдаса келе: “Ақыт біріншіден, араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін жақсы біледі. Жолда тіл аударып береді. Екіншіден, діни тағлымдарға қанық. Жолда бізге қажылық жолдың парыз, уәжіптерін үйретеді. Үшіншіден, дарынды ақын, осы жолғы қажылық сапарымыздағы өмір өткелдерімізді, өлі-тірімізді өлеңмен жазып, артқы ұрпаққа мұра етіп қалдырады. Сондықтан жол ақысын көбіміз үстімізге алып, қажыға ертіп алайық”, — деген шешімге келеді. Өзге қажылар да бұл пікірге қуана қосылады. Шешімдерін Ақыт қажыға айтады. Расымен, ел ақсақалдарының үміттері ақталды. Бізге бұл қажылық сапары туралы мәлімет тек Ақыт жырлары арқылы жетті. Ал басқалай жағдай болса, қажылық парызды өтеу жолындағы мұншалық мехнатты сапар туралы білмей де кетер ме едік?! Бұл сәт туралы ақынның “Қажыбаян” жырында:

Сол күні дәл Сақсайға қондық барып,

Көп жұрт мені “жүр” деді ауызға алып.

Сол жерде “жүрейін” деп айтып салдым.

“Не береке табам?” деп топтан қалып.

Жалғыз-ақ ел—жұртыма қош демедім,

Осы жерім болды ғой үлкен қауіп, — деп баяндалады. Ары қарай: “Мен пақырға бір Алла бола гөр жар” деп, бала-шағасын Құдайға тапсырып, кете барады. Бір жағынан қатты қуанса, екінші жағынан үлкен атасынан бата алмай кеткеніне көңілі күпті болады.

Ақыры не керек, қажылар сол жүргеннен Қазақстанның Семей облысына жеткенде, әр рудан қосылған елу шақты адам болып, ары қарай Омбыға келеді. Ол жерден пойызға отырып, Одесса қаласына, одан ары кеме жалдап, Ыстамбұлға жақындайды. Жолда кемеде оба ауруы тарап, Сноп деген жерге тоқтатып, 23 күн карантин жариялап, ары қарай жүргізбей қояды. Не деген мехнатты жол десеңізші. Бәрі де Алланың разылығы үшін жандарын шүберекке түйген пенделер! Аллаға деген сүйіспеншіліктері қандай?! Қазір біз ұшақпен барып, қоңыр салқын қонақүйде жатып, қиналдық дейміз. Ал бұлардікі не деген жанкештілік! Осы жолда қажылыққа жете алмай Мұқит, Сіргебай, Дәуіт, Мәнібай, Мәйек, Бітім, Дайыр, Базар атты 8 бірдей адам қайтыс болып, шаһид атанады. Аурудың таралуынан қорыққан дәрігерлер қажылардың бүкіл азығын өртеп жіберіп, бұларды аштық қысады. Қолда бар ақшаны тамаққа аямай жұмсайды. Ақыт қажы бұл туралы былай жырлайды:

Жиырма үш күн дегенде кеме жүрді,

Өлгені өліп, тірілер кеме мінді.

Шыбын бойда – кемеге кірген жандар,

Көргендей сол күн кеме шүкір қылды.

Ары қарай Суейш каналына жеткенде, Майтақ, Замбы, Ақынбек деген ақсақалдар да дүние салады. Қызыл теңізге келгенде кемені дауыл ұрып, су ішіндегі құзға шығарып кетеді. Мұның бәрі ақынның “Қажыбаянында” суреттеледі:

Сенбі күн таң намаздың уақытында,

Кеме толқи жөнелді дүр-дүр етіп.

Қисайып кеме кетті қатты толқып,

Дүние болып кетті олпық—солпық.

Жамағат қойдай шулап, иман айтып,

Жан біткен үрей қалмай кетті қорқып.

Қисайып кеме қапты тасқа тоқтап,

Адамға күн тумасын оған ұқсап,

Мұндайда тірі шығу екіталай,

Әр адам өз қу басын тұрды жоқтап.

Сол жерде жан қалмады жыламаған,

Қамығып нақ жүректен шыдамаған.

Сарт та бар, ноғай да бар, түрік те бар.

Серкеш, ғажам, қызылбас, бөрік те бар.

Және бар азын-аулаққазаққажы,

Жігіттер мұны айырып іріктеп ал. Ақыры не керек, бес күн дегенде көмекке екі кеме келіп, Меккені аңсағандар ауысып мініп, жағалауға әрең жетеді. Ары қарай түйе жалдап мініп, Жиддаға жетіп, құрбан айтқа 10 күн қалғанда Мекке қаласына кіреді. Ақыры Аллаға деген сүйіпеншіліктері оларды Алланың қаласына алып келді. Бұл қуанышты сәт “Қажыбаянда”:

Отызыншы Зүлқағда сенбі күні,

Меккеге тәуап етіп барып кірдік.

Тәуап етіп айналдық Бәйтолланы,

Құдіретін дін Ислам кәміл білдік.

Жүз сүртіп хажар әшуад мүбәрәккә,

Аллаға жүз мыңқайта шүкір қылдық, — деп баяндалады. Арада бірер күн өтіп, құлшылықтарын өтегеннен кейін Ақыттың қажылыққа баруына ықпал еткен Лайық қажы дүниеден өтеді. Бұл қаза ақынға ауыр тиеді. Десе де, қасиетті мекенде, Аллаға қонақ күйінде қайтыс болған, бар арман-тілегін жүрегіне түйіп келіп, қажылығын өтеп өмірден өткен Лайық қажыда арман бар ма екен?! Алла осы жолда дүниеден көшкендердің жанын жәннатта етсін!

Қажылық парызын өтеу кезінде Ақыт өзге қажыларға жолбасшы болады, барлық жөн-жоралғыларын көрсетіп отырады. Ал Арафат тауына келгенде Көшкінбай, Әлпеміс молда, Әділ, Тастаған деген қажылар да дүниеден өтеді. Осы тауда Бортан қажы бастаған төрт мүсәпірді кездестіріп, қатарларына қосып алады. Қажылық міндет түгел өтелгеннен кейін олар Мәдина қаласына бару-бармау туралы ақылдасады. Ақырында Жиддаға жетіп, сол жерден ақшасы аздарды, жолдан қосылған төрт мүсәпірді жол-пұлын реттеп елге қайтарып, жағдайлары келетіндері Мәдинаға бармақ болады. Бірақ Жиддаға келгеннен кейін Сайыр деген адам қайтыс болып, жұрттың бәрі тікелей елге қайтатын болып шешім қабылдайды. Тек жаны білімге құштар, Пайғамбарға (с.а.у.) деген сүйіспеншілігі ерекше, оның қабірін бір көрсем деген арманы бар Ақыт қажы ғана жолдастарынан бөлініп, “енді мұндай мүмкіндік туа ма?” деген оймен араб жерінде жападан-жалғыз қала берді. Мұндай тәуекелге баруына ақынның араб тілін жетік білуі де себеп болды. Айналасындағы арабтармен, бәдәуилермен оңай тіл табысқаны туралы ақынның өзі:

Қасымда мәдинелік Ғабдулхамит,

Жалғыз-ақ соған ердім сөзбен танып.

Ол араб, ойласаңыз, мен қазақпын,

Аралап бөтен жерді жүрмін ғаріп.

Мәдина, Шам, Құддысқа болдым құмар,

Ел—жұртқа аман-есен барсам жарар.

Егер де осы жолда өліп қалсам,

Болмаса мына жүрген ізім қалар, — деп жырлайды. Жолдастарын шығарып салған ақын Жиддадан Мәдинаға тіке тартатын кемеге отырады. Онда да кеме суда тұрып қалып, небір жол азабын көреді. Тек тоғызыншы күн дегенде армандап, аңсаған Мәдинаға жетеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қаласын көзімен көріп, қабірін зиярат етеді. Одан ары Мәдинадан керуен түйемен жолға шығып, Сирияның орталығы Шамға келеді. Онда да қасиетті жерлерге тәуап етіп, араб мәдениетінен сусындап ары қарай Құддысқа аттанбақшы болады. Алайда, жол тосқан қарақшылардың пайда болғанын естіп, кері қайтады. Қара теңіз арқылы Ыстамбұл, Измир, Одесса қалаларын басып өтіп, пойызбен Орал тауы арқылы Қызылжар, Семей қалаларына жетеді. Ары қарай көлік жалдап үйіне келеді. Ал үйіне келсе, сапарға бірге кеткен қажылардың бәрі қайтып келіп, Ақыт қажыдан үшті-күйлі хабар болмаған соң, оны өлдіге балап қойған екен. Бұл туралы баласы Ғазез:   “Осындай жапа-машақат арқылы қажыға барып, басқа Алтай, Қобданың адамы қайтып кеткенде Ақыт жер көремін деп Мәдине, Шам (Дамашық), Құддыс (Иерусалим) қалаларына бармақшы болып жалғыз қалады да, бір жарым жыл дегенде Мәдине, Шамды аралап, араб мәдениетін көзден кешіріп, араб тілін толықтап, Құддысқа бара алмай (тонаушылардан сақтанып) елге қайта оралады. Бұл кезде әкесі оны “өлдіге” жорып, нәзір шырағын беріп қояды. Ардақты әке, ақын әке, ғұлама ғалым әке, Меккеге сенен басқа да талай қажы барып еді ғой! Қане, қайсысынан осындай бір жазба естелік қалды? Өзің жасаған дәуір тынысының айнасы болдың, сенің шығармаларың арқылы ұрпақтарың сен жасаған дәуірдің тынысын аңғарғандай болып отырмыз емес пе!”, — деп жазады.

Айтса айтқандай, ғылымға, білімге, білмекке мұншалық құштар жан енді өмірге келер ме?! Мекке-Мәдина сапары Ақыттың “Қажыбаяны” секілді жүректі қасиетті мекенге деген сүйіспеншілікке толтырып, жазыла ма? Әй, жазыла қоймас…

 

atazhurt2050.kz

 

0 пікір