АРТЫЛЫП ТУСА ӨЗІМНЕН!
АРТЫЛЫП ТУСА ӨЗІМНЕН!
13.01.2020 11:56
324
0

Тектілікті тек қазақтың маңдайына жазып қойған сияқты, кей-кейде «Біз керемет текті халықпыз» деп даурығып жатамыз. Мен қазақтың тектілігі өзгеден кем демейін, бірақ артық емес дер едім. Бұлай айтуыма ең басты себеп бізде бұл ұғымның ғылыми анықтамасы да жоқ екен. Егер ғалымдарымыз тектілік формуласын таба алмай жүрсе өзгемізге не жорық ?! Қазақ жеті атаға дейін қыз алыспайды, тектілігіміздің негізі сол экзогамиялық шектеу деген пікір бар. Бұл шектеу тек бізде ғана емес, әлем халықтарының көпшілігінде бар және шектеу қан тазалығы үшін емес, көрші рулармен, елдермен араластықты, одақтастықты ұстау үшін керек болған.
Тектілік дегенімізді мен сүттің бетіндегі қаймақпен салыстырар едім. Ауылда өскендер біледі, қазіргі күнгі «тәтешкалардай» емес, біздің аналарымыз таң атпай тұрып, сиырларын сауып, бір қазан сүтті баптап пісіріп қояды. Бетіндігі қаймағы бір елі болады десем, өтірік емес. Мектеп жасындағы баламыз, үлкен кесеге салған қаймақты таба нанмен соғып алып, буымыз бұрқырап жүреміз. 

-Міне, халықтың ішіндегі тектілер де осы сүт бетіндегі қаймақ сияқты. Оны бірнеше ұрпақ бойы сұрыптайды. Қазақтың қыз айттыру, атастыру деген салты тектлікті жасайтын негізгі тетік.

 

Ақтамберді жырау айтқандай: 
Елден елді аралап,

Тектіден текті саралап,
Беглердің қызын айттырсам,
Нұсқасын байқап шамалап.
Сынға толса сияғы,
Әлбеті шамның шырағы,
Мұхиттан сүзіп шығарған
Қымбатты гауһар бағасы.
Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақтан сәнін арттырып,
Ұзатып алсам сәнменен
Көңілімді хош таптырып.
Бала берсе тезінен,
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы
Артылып туса өзімнен! 


Ақтамберді тек «Мұхиттан сүзіп шығарған қымбатты гауһардай» қызды айттыруды ғана емес, оның болашақ нәтижесін де тамаша жеткізіп отыр. «Бала берсе тезінен,

Пірлердің бітсе демінен» дейді. Бұдан артық не деуге болады ?!

 Осындай ниет, есептің арқасында ғана өзіңнен артылып текті азамат дүниеге келеді. Тектіні біз асыл тұқымды десек те болады. Қазақта текті ұрпақ өсіру тәжірибесі ХХ ғасырдың басына дейін сақталды. Өкінішке орай, тектілерді баудай түсірген алапат азапты жылдардан кейін кейін бұл мәселені өз бетімен жібердік, мұхиттағы ескексіз қайықтай қай жағалауға тоқтайтынымызды, кімнің қолына түсетінімізді білмейміз. Беті жылтыры текті болады ма ? «Болғанда ақыл бөлек, ажар бөлек, не пайда тым әдемі болғаныңмен» демеуші ме еді ?! Небір қабылетті балалар тіс қаққан жеңілтек қыздардың қолына түсіп, тектің көзі бар қыздар жүргіш жігіттерге жем болып жатады. 

Тектілікті Ақтамбердідей «мұхиттың түбінен шыққан гәухар» деп бағалайтын уақытымыз келді. «Көріп алған сұлудан, көрмей алған текті артық» дейтін қазақ түсінігі қайта жаңғыруы керек.

 

 ғалым Жамбыл Артықбаев ағамыздың жазбаларынан

 

0 пікір