Әркімді заман сүйремек... (Абай)
Әркімді заман сүйремек... (Абай)
24.07.2019 11:47
457
0

Абай атамыздың тағылымында заманға кінә тақпа, дейді. Әрі: «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» дейді. Бұл ұғым бойынша заман мен адамның қоғамдағы ара қатынасын қазақы түсінік тұрғысынан пайымдай аламыз.  Абай ұғымында заман екінші жақтан «уақыт» деген де ұғымды білдіреді. Атамыз қазақ: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» дейді. Елу жыл дегеніміз адам баласы үшін бір ұрпақтың толық алмасу кезеңі. Жүз жылда заман алмасады. Осыған байланысты жаңа құндылықтар пайда болады, жаңа мәдениеттер туып шығады, былайша айтқанда өркениеттер алмасуы жүргізіледі.

Осы процестерге қатысты тарихи оқиғалар немесе тарихи тұлғалар өмірге келеді. Олар уақытты өзгерте алмайды, қоғамның өзгеруіне ықпал жасауы мүмкін. Абай атамыз «заманды қай жан билемек?» дегенде осыны айтқан. Енді осынау заманды билеген жанның ақыл парасатына байланысты жаңадан қоғамдық қатынас орнайды. Ол адамзат тарихында аты қалған Шыңғыс хан, Ақсақ Темір сияқты жаһангер қолбасшы болуы немесе Аристотель, Фарабилер сияқты ұлы ғалым болуы да мүмкін. Бірақ қалайда, заманға өзгеріс әкеледі.  Тіпті бұл біздің қалауымызбен болмайды.

Қазақтың «заманың түлкі болса, қыран болып шал» деген мақалын біз әлі күні толық түсіне алмай жүрміз. Біреулер оны заманға қарсы тұр, оны өзгерт, түзет, дейтін ұғым тұрғысынан қабылдайды. Жоғарыдағы Абай тұжырымында олай емес. Ол кісі: «заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» дейді. Бұл заманың ыңғайын тап, қарсы тұр ма, сол заманның оқу біліміне жетіл, болашаққа бейбіт жол аш, парасат биігіне көтеріл, сол арқылы заманның бетін жақсылыққа бұруға тырыс сөз.

 

 

0 пікір