Арғы бір аталарының әлдебір әрекеті себепкер-ау деп ойлаймын...
Арғы бір аталарының әлдебір әрекеті  себепкер-ау деп ойлаймын...
02.12.2019 11:48
1254
0

Қазақтың "Көз жасы", Нала", "Қарғыс" дегендері бекер емес. Кәрі қыз, сүрбойдақ жігіттер немесе ажырасқандар туралы ұшқарылау ойлайтын секілдіміз. Мүмкін, олардың тағдыры солай болуына өздерінің мінез-құлқы да себепкер шығар.. Дегенмен...

Мен бір жігітті білемін. Өзі менен 4-5 жас қана кіші. Сымбатты, шешен, іскер жігіт. Бір айыбы әлі күнге үйленбеді. Онысын ел сан-саққа жүгіртеді. "Мектепте жүргенде бір жауапсыз махаббат болыпты", "өзінің кірпияз мінезі" т.с.с. болжамдар жетерлік. Сол жігіттің атасының немере інісі мен тағы бір жамағайын әпкесі өмірінде отбасы құрмай өтті. Екеуін де бала күнімде көрдім. Екеуі де мінездері жайсаң адамдар еді. Атамыз аздап жұтыңқырайтын. Сонда да адамға зияны жоқ еді. Ал әпкеміз ауылдың бала бақшасында аспаз болды. Ауылдың бар баласы сол кісінің қолынан өтті. Өте балажан адам еді. 50-ге жақындағанша, үйленбей жүрген осы інімді көрсем, сол атамыз бен апамыз есіме түседі.

Бір әулеттен бір емес, бірнеше адамның тағдырының сондай болуына, арғы бір аталарының әлдебір әрекеті себепкер-ау деп ойлаймын (Себебін біліп тұрып, өзімнің сол жігітке көмектесе алмайтыныма кейде іштей налимын. Мықты молдаға оқытса қалай болар екен деймін, кейде). Аталарымыздың ісі ұрпақтарының ішінде бәріне бірдей әсер етпесе де, кейбіріне әсер етсе керек.

Мен қолыма өз әулетіміздің шежіресін алып жүріп, соны архив деректері, естеліктер секілді өзге де деректермен салыстыра отырып, әулет тарихын зерттедім ғой. Сондағы көзім жеткені, біздің ауылда 1920-30 жылдары ағайынға қырғидай тиген шолақ белсенділердің көпшілігің арты жақсы болмаған. Көбінің артында ұрпақ жоқ. Ұрпақ қалса, дімкәс, мүгедек, ішкіш...

Ал енді сырттай қарағанда жағдайы жақсы дегендерінің іштерінде қандай боран соғып, отбасыларында не болып жатқаны бір Жаратқан иемізге ғана белгілі болса керек. Қазақтың "Көз жасы", Нала", "Қарғыс" дегендері бекер емес. Қазіргі жасаған әрбір әрекетіміз ұрпағымызға әсер етері анық.  Сондықтан, кәрі қыз, сүрбойдақ жігіттер немесе ажырасқандар туралы ұшқарылау ойламаған абзал-ау.. Адам болған соң, кейде ұрсамыз-таласамыз. Бірақ, әлгі "айыбын" бетіне басқан әбестік болады..

 

Өмір Шыныбекұлының
фейсбуктегі парақшасынан

0 пікір