АҚЫТ ҚАЖЫНЫҢ ТӨРТ ӨСИЕТІ
АҚЫТ ҚАЖЫНЫҢ ТӨРТ ӨСИЕТІ
01.06.2020 12:48
1162
0

Бар саналы ғұмырын тек игі істерге жұмсап, бала оқытып, медресе салып, ел ішінде қазылық жасап, өлең шығарған ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы Қытайдың қитұрқы саясатының құрбаны болды. 1939 жылдың 24 желтоқсанында, жұма күні ауылына жан-жақтан жұма намазға жиналған ағайындарының ортасында байлап-матап алып кетті. Бүкіл қауым ерекше қадірлеп, “алдынан қия өтпейтін” қарияның жеке заттарын Шың Шысайдың жендеттері әбден тінтті, өзге кітаптарын былай қойғанда, Құранына дейін парақтап жыртты, қолжазбаларын қолды етті. Әйелі Үкіжанға тығып алып қалмақ болған “Хызбул Ағзам” атты кітабы үшін таяқ жегізді. Ардақтысынан қапияда айырылып қалған қазақтың Есімқан үкірдай бастаған баскөтерлері Шүй Ырлиннен бастап 7 адамды бір түнде бауыздап, қажыны ұстап әкеткен Кәрім бастаған жендеттің жазасын беруді Ақыттың балаларына тапсырмақ болады. Бірақ Үкіжан апа: “Оны көзіме көрсетпей, өздері біржақты етсін” деген соң оларды да шоқпармен өлтіреді. Бұдан кейін де талай қан төгілді. Ақын, қажы Ақыт Шың Шысайдың тар есік, тар босаға, қараңғы қамақханасында қинау мен аштық салдарынан 72 жасында қайтыс болды. Тек өмірден өтерінде түрмеде өзімен бірге отырған тарбағатайлық Ғинаят деген кісіге: “Егер аман-есен түрмеден шыға қалсаң, ел-жұртыма, яки ел-жұрттан келген біреуге жеткіз” деп ауызша өсиет тапсырыпты. Мұны Ғинаят деген кісі Алтайдың Көктоғайындағы түрмесінде отырған Бейсекей Қардыбайұлы деген кісіге тапсырады. Сол кісі 1944 жылы түрмеден босап шыққан соң, Үкіжан апамыздың шаңырағына арнайы барып, ұрпақтарын жинап жеткізеді. Ол өсиет мынау еді:

1.    Халқым! Алты бақан, алауыз болмай, ынтымақты, берекелі болсын. Жалғыз өз ішінде ғана ынтымақты болып қалмастан басқа жұртпен (ұлтпен) де ынтымақты болсын.

2.    Көрші жұртпен тату болсын. Оларды ренжітпесін. Бір ауыл өзінің көрші ауылын, бір үй өзінің көрші үйін ренжітпесін.

3.    Бір мәселе кезіге қалса, яки бір хабар естіле қалса дереу оны бүтіндей жоққа шығару немесе бүтіндей бар деп сене кетуге болмайды. Алдымен ой елегінен, ақыл көзінен өткізіп, онан кейін қорытынды шығарсын.

4.    Жұртым, өте—мөте ұрпақтарым! Нәсіл тазалығына көңіл бөлсін! Ол үшін жынысқұмарлықтан, зинадан таза болсын!

Бұл ақынның ұрпақтарына ғана емес, мұқым халқына айтқан өсиеті. Ақыт қажының сүйегі 1943 жылы ғана ұрпақтарына қайтарылды. Бірақ он жыл бойы есімінің аталуына тыйым салынып, ұрпақтары қудаланса да, халық жүрегінен ел үшін туған сол бір абзал қарияның сөзі ешқашан өшкен емес…

 

 

0 пікір