Ақыт қажы Үлімжіұлының «Мүнәжат қази әл-Хажат» дұғасы
Ақыт қажы Үлімжіұлының  «Мүнәжат қази әл-Хажат» дұғасы
20.07.2018 14:48
2511
0

Ақыт қажы Үлімжіұлы «Қажыбаян» атты еңбегінде Қытай, Моңғұлия және Қазақстан жерінен шығып, қажылық сапарында өзімен дәм-тұздас болған қажылар жайлы тоқтала келіп, жол бойы көрген қиындықтарды тілге тиек етеді. Сол бір қиын сәттерде Аллаға жалбарынып жасаған мінәжат-тілектерінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) құрметіне және басқа да сахабалардың аттарын атап, олардың құрметіне дей отырып «тәуәссул» жасағанын көреміз. «Тәуәссул» мәселесі қоғамда талас-тартыс тудырған мәселелердің қатарында сөз етіліп жатады. Осы бір мәселенің мәнін аша кету мақсатында Ақыт қажы Үлімжіұлы бабамыздың «Қажыбаян» атты естелігінде келетін «Мүнәжат қази әл-Хажат (тілек-қажетті өтеуші Алла)» деген тақырыпша дұғасы негізінде талдау жүргізбекпіз.     

«Тәуәссул» сөзі тілдікте, «Құрал, себеп» сынды мағыналарды білдіреді. Ал терминдік мағынасы болса, мүмін адамның Аллаға жақындауды мақсат ете отырып, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) құрметін, оқылған қасиетті Құранның құрметін, салихалы адамдардың құрметін және өмірдегі әрқандай бір игі амалдың құрметін дәнекер қылу арқылы дұға етуді білдіреді.

Ибн Кәсир, Құрандағы: «Аллаға жақындау үшін уәсила жасаңдар...» («Мәйда» сүресі, 35-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Уәсила – Алланы разы ететін амал жасау, мақсатқа жеудің жолы. Уәсила – Алла елшісінің (с.а.с.) мекені, жәннәттағы орны. Ол жәннәттағы Аршыға ең жақын болған мекен. Сахих Бұхариде келген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Аллаһым! Осы кемел шақырудың және оқылатын намаздың Раббы! Мұхаммедке пейіштегі ең жоғары орынды нәсіп етіп, дәрежесін асқақтата гөр! Уәде еткеніңдей оны Махмуд шыңына шығара гөр! – деп айтса, қиямет күні оған шапағатым міндетті түрде тиеді», - деді»[1] десе, имам Замахшари: «Уәсила – Аллаға жақындауды білдіреді. Ол – ағайын-туыспен жақсы өту, сауапты амалды көп істеу, Алланың әмірлерін орындап, тыйымдарынан (күнәлі істер) тыйылудан ғибрат»[2] деген.

Бір бөлім адамдар, тәуассулды Аллаға ортақ қосуға апаратын жол деп біледі. Міне, осы тұрғыдан «тәуәссул» мәселесін сенім тақырыбымен де байланыстыруға болады. Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Әш-Шайх Нұруддин Әли Қари, өзінің «Дауул мәғәли ғәлә манзумати Бәдил әмәли» атты еңбегінде: «Біліп ал, ең әуелі тәухидты «Тәухид Рубубия, тәухид Үлуһия және тәухид Әсма уәс-Сипат», - деп үшке бөлген адам, ол – Ибн Тәймия. Кейбір ғалымдар, «Ибн Тәймияның көзқарасы бойынша, тәуәссул амалы тәухид Рубубияны бұзатындықтан, тәуәссул жасағандарды ширк (Аллаға ортақ қосу) амалын жасағанның қатарына кіргізіп, имансыз қылады. Яғни, оның тәухидты үшке бөлудегі мақсаты пайғамбарлар мен салихалы адамдарға тәуәссул жасауды жоққа шығару еді», - дейді. Ибн Тәймия бұл көзқарасымен, тәуәссулды дұрыс деген сәләф ғалымдары мен мұсылмандардың ұлы имамдарын ширк жасағандардың қатарына жатқызып үлкен қателікке ұрынды, ашық адасуға түсті. Оның тәухидты бөліп түсіндіруін дұрыс дегеннің өзінде мақсатының бұзық болғанын көреміз»[3] деген.

Ақыт қажы Үлімжіұлы:

«Расул Алла Мұхаммед,

Үммәтларың жылады.

Құрметіне жалынып,

Шапағат, жәрдем сұрады.

 

Әбубәкір я Ғұмар,

Ғұсман, Ғали – ол хайдар.

Адам – Ата һәм барша,

Мұрсал нәби пайғамбар,

Құрметіне солардың,

Сәлеметтік бер Жәббар»[4] деген дұға-тілектік өлең жолдарымен Адам атадан соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.а.с.) дейінгі күллі мұрсал пайғамбарлармен қатар, төрт шәһәржардың құрметін уәсила ете отырып, Аллаға тәуәссул жасайды. Тәуәссулды дұрыс деген Әһлу сунна уәл жәмәға ғалымдарының жолын ұстанғанын жеткізеді.

«Мархамат болса Алладан,

Жамиғ әруах әнбия,

Рухлары болғай мәдеткер!»[5] деп, Алла қаласа қайтыс болған адамдардың рухтары тірі адамдарға көмекші болатынын айтады. Енді, осы мәселенің жауабын діни мәтіндерден бір іздеп көрелік.

Пайғамбарлар қабірлерінде тірі әрі денелері шірімейтіндігі жайлы негізінде Ислам ғұламаларының ижмәғы (бір ауыздан келісімі) бар. Имам Әбу Бәкір ибн Хұсайын әл-Бәйһақи, Жәләлуддин әс-Сұюти сынды хадис ғалымдары, пайғамбарлардың қабірлерінде тірі әрі денелері шірімейтіндігін баяндаған хадистерді жинақтап, арнайы бір рисәлә (кітапша) жазғанын да кезіктіреміз.

Пайғамбарлар – Алланың құзырында мәртебелері ең жоғары, қисапсыз нығметтерге лайық жандар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) қайтыс болсада қияметке дейін, тіпті, қиямет күнінде де «Үмметім, үмметім...» деп, үмметінің қамын жеп, Алланың қалауымен арашашы бола алуы сол сансыз нығметтердің бірі деуге болады. Әбу Дәрдә жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.): «Маған жұма күні салауатты көп жолдаңдар. Оған періштелер куәлік етеді. Біреуің Маған салауат айтпайды. Егер айтатын болса, салауатын бітіргенше Маған жетеді», - деді. Мен: «Қайтыс болғаннан кейін де ме?», - дедім. Ол (с.а.с.): «Қайтыс болғаннан кейін де. Ақиқатында, Алла жерге пайғамбарлардың денесін жеуді (шірітуді) харам етті. Алланың пайғамбары тірі, ризық беріліп жатыр», - деді»[6] десе, тағы бір хадисінде: «Сендерге Менің тірі кезім жайлы айтылады және айтасыңдар. Сендер үшін бұл бір жақсылық. Дүниеден қайтуым да сендер үшін бір жақсылық. Сендердің амалдарың Маған көтеріледі. Жақсы істерің үшін Аллаға хәмды айтамын, жақсы болмаған істерің үшін Алладан кешірім тілеймін»[7] деген.

Яғни, пайғамбарлардың қандай хәлде тірі екендігін біле алмауымыз құтты бар болған періштелердің қандай хәлде екендігін біле алмағанымыз тәрізді. Алланың қалауымен періштелердің адамзатқа пайдасын тигізгені сияқты пайғамбарымыз Мұхаммед де (с.а.с.) үмметіне көмегін тигізе алады. Мұны ақыли тұрғыдан біле алмағанымызбен, нас (Құран, сүннет) негізінде сенуге тиісті Иләһи сыр болып табылады.

Жоғарыда пайғамбарлар мен өзге де иманды жандардың рухтары тірі әрі денелері шірімейтіндігін ұқтық. Сонымен қатар, олар Алланың қалауымен бұл дүниедегі адамдардың да тілеуін тілеп, пайдасын тигізе алатындығын:

«Жалғыз Құдай өзіңсің серігі жоқ,

Нұрмұхаммед мұстафа, хабибың боп.

Өлі, тірі болсам да шапағат қыл,

Бұл мұнда тұрсын аманат боп»[8] деген өлең жолдарымен ойын жалғастырады.

Әнас ибн Мәлік (р.а.) жеткізген мына бір риуаятта: «Отбасыларыңнан және жақын туыстарыңнан қайтыс болған адамдарға сендердің амалдарың көрсетіледі. Амалдарың жақсы болса, олар сүйіншілейді (қуанады). Ал жақсы болмаса, олар: «Аллаһым! Оларды біз сияқты тура жолыңа салмайынша өлім бере көрме?», - дейді»[9] делінсе, Абдурраззақ (р.а.) Әлиден (р.а.) мынандай бір риуаятты да жеткізеді: «Құрандағы: «Ол (қиямет) күні дүниедегі барлық достар (яғни, бір-бірін тек дүниелік мақсатта дос тұтқандар) бір-біріне қас дұшпан болады. Ал тақуалардың жөні бөлек, (олар қай кезде де бір-біріне жанашыр дос болады)» (Зұхруф» сүресі, 67-аят) деген аят туралы: «Екі мүмін дос және екі кәпір дос болады. Екі мүміннің бірі қайтыс болып жәннәтпен сүйіншіленсе, досын есіне алып: «Аллаһым! Досым пәленше, мені Өзіңе және Елшіңе бағынуға және жақсылық істеуге бұйырып, жамандық істеуден қайтаратын. Өзіңе жүздесудің ақиқат екендігін ескертетін. Оны туралықтан айыра көрме. Менен разы болып, маған сыйлағаныңды оған да сыйла», - деп жалбарынады. Сонда оған: «Егер сен Менің құзырымдағы оған арналған сыйды білгеніңде көп күліп, аз жылайтын едің», - делінеді. Ал қайтыс болған адам екі дінсіздің бірі болып, тозаққа баратыны білінсе, досын есіне алып: «Аллаһым! Досым пәленше, Өзіңе және Елшіңе қарсы болуға, жамандық істеуге бұйырып, жақсылық істеуден қайтаратын. Өзіңе жүздесуді жоққа шығаратын. Оны туралығыңа сала көрме. Маған қаһарыңды төгіп, көрсеткеніңді оған да көрсет», - деп тілейді»[10].

Адамның жан тапсыруы, кебінделіп қабірге қойылуы бұл өмірмен қоштасты дегенді білдірмейді. Керісінше, қайтыс болған адам бұл өмірдегі адаммен ізгілік жолда тілеулес біреу болған болса, ол тірі адам жан тапсырғанға дейін қабірінде досының тілеуін тілеп жатады екен. Ал, күнәлі жолда достасқан, істес болғандардың хәлі қиын болатыны да айтылады.

Матуриди мәзһабының белді ғалымы, ғәлләма Сағд әт-Тәфтазани, сенім мәселесінде негізгі кітаптардың бірі болған «Шархул мақасид» атты еңбегінің: «Ислам қағидаларында денеден ажыраған рухда тірі адамдардың ахуалдары жайлы кейбір мәліметтің болатыны анық. Әсіресе, таныстығы бар қайтыс болған адам мен дүниедегі адам арасында болады. Сондай-ақ, Алладан жақсылықты тілеп, жамандықтан сыйыну істерінде адам, қабірлерді зиярат етуімен, қайтыс болған жақсы адамдарды дәнекер етіп дұға тілеуімен де пайдаға қол жеткізеді. Денеден ажырап, топыраққа көмілген адамның рухы мен қабірді зиярат еткен адамның рухы арасында кездесу, бір-біріне пайдасын тигізу сынды бір байланыс болады»[11], - дейді.

Ақыт қажы Үлімжіұлы өзінің Аллаға жасаған тілек-дұғаларының бір жерінде:

«Я илаһи жәрдем бер,

Я илаһи қуат бер,

Я илаһи мәдет бер,

Имам ағзам құрметі»[12]деп, Әһлу суннә уәл жәмәғаттағы мойындалған фықһи төрт мәзһабтың алғашқысын құрушы, Ислам әлемінде «Имам Ағзам» деген лақаб атпен танымал болған имам Әбу Ханифаны да уәсила етіп, құрметіне тілек тілегенін көреміз. Әрі бұл Ақыт қажы Үлімжіұлының Ханафи мәзһабын ұстанғанын дәлелдейді.    

Ақыт қажы Үлімжіұлының «Қажы баян» атты тарихи естелігіндегі тәуәссул мәселесінің негізі Ислам дінінде бар. Бәзібіреулер айтқандай әруақққа табынып, адасып кетпеген. Бар болғаны игі жандарды дәнекер ете отырып, Аллаға тәуәссул жасаған. Тәуәссул дегеніміз – Аллаға жақындау, Оны разы ету мақсатында адамның бар күш-жігерін сарып ете отырып, жасаған сауапты амалдары, құлшылықтары мен дұға-тілектері. Бұған қоса, Алланың көркем есімдерінің құрметіне, Оның құзырында сый-құрметке лайық пайғамбарлар мен салихалы жандардың құрметін дәнекер етіп дұға етуді де қамтиды. Тақуа жандардың құрметіне деп сұраудың өзі дұғаның тезірек қабыл болуына септігін тигізері анық. Алайда, бүкіл құлшылықтарды, дұға-тілектерді қабыл алушы да, нәтижелі етеін де жалғыз Алла Тағала екендігі күмәнсіз. Әркім тәуәссул жасамай-ақ, Аллаға тікелей дұға ете беруіне де болатынын ұмытпау керек.

 

                                              

                                               Самет Оқанұлы

                                               Исламтанушы



[1] Мұхтасару тәфсири Ибн Кәсир, «Дәрул мағрифа» баспасы, Бәйрут. – 2002. 273-бет.

[2] Жаруллаһ әз-Замахшари әл-Хауаризими, Әл-Кәшшаф ғән хақайқит тәнзил уә ғуюнил әқауйл фи ұжуһит тақауйл, 2-том, 25-бет.

[3] Әш-Шайх Нұруддин Әли Молла Қари, Дауул мәғәли ғәлә манзумати Бәдил әмәли, «Дәрул Бәйрути» баспасы, Димашық. – 2006. 199 бет. 54 б.

[4] Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов, Қажыбаян,/жинап, баспаға әзірлеген Кәкей Жаңжұңұлы, Өлгий. – 1991. 118 бет. 18-19 бб.

[5] Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов, Қажыбаян,/жинап, баспаға әзірлеген Кәкей Жаңжұңұлы, Өлгий. – 1991. 118 бет. 18-19 бб.

[6] Әбу Дәуіт, 1-том, 524-бет. 1637-хадис.

[7] Мусанаду әл-Баззар, 5-том, 308-бет. 1925-хадис. Сүюти «Хасаис» еңбегінде хадисті сахих деген. 2-том, 491-бет.

[8] Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов, Қажыбаян,/жинап, баспаға әзірлеген Кәкей Жаңжұңұлы, Өлгий. – 1991. 118 бет. 43 б.

[9] Ахмад, 3-том, 164-бет. 12706-хадис.

[10] Сұюти, әл-Жәмиғул кәбир, 33797-хадис.

[11]Ғәлләма Сағд әт-Тәфтазани, Шархул мақасид, 2-том, 32-бет. 

[12] Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов, Қажыбаян,/жинап, баспаға әзірлеген Кәкей Жаңжұңұлы, Өлгий. – 1991. 118 бет. 32 б.

0 пікір