АПАМНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
АПАМНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
06.11.2019 11:14
288
0

Нағашы шешеміз үлкейіп, сәбикөңіл күйге түскен кез. Нағашы ағама, яғни жұмыстан шаршап келген ұлына ара-тұра шағымданып қояды екен, келін маған тамақ бермейді деп. Ал шынтуайтында соның алдында ғана тамағын ішіп алған, бірақ айттық қой балакөңіл шақта не ішіп, не жегенін тез ұмытып қалады. Оны алжасу дейді, мен сәбикөңілге оралу деймін, бала да сол емес пе, қыңқылдап анасының мазасын ала береді. Тап сол күйге қариялар да душар болатыны бар.

Негізі нағашы шешем оразасын ұстап, намазын оқып жүрді, алайда жасы ұлғая келе ол жағын тоқтатты білем, содан ұмытшақтық пайда болды. Сөйтіп келіні "кінәлі" болып жүреді. Ағамыз ренжіп, сен анамды аштан қатырып, өлтіргелі жүрсің бе дегендей көзқараспен қабағы ашылмай қояды. Ол жарықтық ағамның да сөзі жоқ, ашуланса сөйлеспей қояды, бір айтуы мүмкін, айтпаса ол да жоқ. Ал апамыз қартайғанда енесіне тамақ бермейтін келін атанып жүріп жатады. Бір күні апамыз орталыққа баратын болады.

 Үйде қарт шешеме қарайлап нағашы ағамның өзі қалады. Апамызда алып бара жатқан шаруа жоқ, әйтседе жорта кешігіп, үш мезгіл тамақ берудің емтиханынан ағамыз өтті-ау деген мезгілде үйге оралмайды ма, сөйтсе табалдырықтан аттай бере күйеуінің шешесіне ұрсып, иә, ұрсып дегенде дауысын көтеріңкіреп айтып жатқанын естиді. "Осы жаңа ғана тамақ іштің емес пе? Қалай тез ұмытасың? Бердік қой тамағыңды" деп сөйлеп, қолында ыдыс-аяғы бар шығып келеді екен. Содан апамыз үйге енеді. Қарт шешем келінін көре сала баласын "жамандайды"," әй, қарағым, келдің бе, қой, құрсын мына бала мені аштан қатыратын, тамақ бермейді"деп шағымын ақтара жөнелмейді ме, апамыз күлімсіреп, қарт енесіне дайын тамақтан және апарып, өз қолымен береді. Шешеміз келініне риза болып, айналып-толғанып, батасын үйіп-төгіп беріп жатыр дейді. Ағам басын шайқапты.

Содан апамызға айтады екен. "Мамама дұрыстап тамақ бермей жүрген болып тұр деп саған ренжуім бекер екен, бір күнде көзім жетті, неше рет тамақ бердім, ұмытып қалып, қайта-қайта тамақ сұрайды" деп жымиыпты. Иә, қартайған шағында үлкен кісілер бала секілді болады дейді, онысы осындай жайттардан көрінеді, біз оларға еш ренжімей, сұрағанын беріп, қызмет етуден жалықпауымыз қажет.

Бұл да жақсы бір сынақ. Өтеуі бәлкім жәннат шығар. Адам соған дайын болуы керек. Үлкенді бағудан қашу дегеніңіз, жұмақтан өз ықтиярыңмен бас тарту болып қалуы мүмкін. Сабақ алайық. Иә, бұл әңгімені жеңгемізден (оны апалап кеткенбіз) естідік. Кейде о дүниелік болған ет жақындарымыздың қылықтарын еске алып жататын қазақ емеспіз бе, Алланың рахымында болсын.

 

Мұнайдар Балмолда

0 пікір