Алласын танимын деген қазақ баласы Мәшһүрді тану керек
Алласын танимын деген қазақ баласы  Мәшһүрді тану керек
09.07.2018 09:20
317
0

Өмірлік болмысы ата дінімен бітісе қайнасып, салт-дәстүрі шариғат негіздеріне сүйенген дана қазақтың даласы дара данышпандарына бай. Санасы сәулелі нұрға толы тарихи тұлғалардың бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Ерте жастан құлағы азанды естіп, жүрегі Алланы танып, тілі кәлиманы жаттап өскен Адам Жүсіп қазақ баласына тура жолды насихаттауда жанын аямады. Әр өлеңі астарлы оймен өріліп, көркемдік теңеулермен көмкеріле жазылған діндар ақын заманның озығы мен тозығын, өмірдің мәні – Алланы тану екендігін асқан шеберлікпен суреттеді.

Адамзаттың асылы, қос дүние сардары, Алланың сүйікті әрі соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға ең бірінші түскен «Алақ» сүресінің алғашқы аяттары: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!», – деп басталады. Сондай-ақ, Алла елшісінің (с.ғ.с): «Бисмилләмен бастаған істің берекесі болады», – деген хадисі бар. Осы хадиске сай амал еткен дана Мәшһүр «Алтын табақ» өлеңінде:

«Бісміллә деп бастаймын сөздің басын,

Хаққа құлдық қылып төк көздің жасын.

Дүниеде кім құлшылық қылып барса,

Сол алар қияметтің дәрежесін», - десе, «Ахтам Ғазірет һәм Ғалы батыр» туындысын:

«Бисмилла, қалам алып жаздым хатты,

Үміт қып пайғамбардан шапағатты», - деп бастап, шумақтарына аят пен сүннет сырларын құйып қойғандай.

Осы өлең жолдары арқылы ойшыл «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген сөздің өмірлік ұранға айналу керектігін жеткізген.

Расында, күнделікті тұрмыста жасайтын әр әрекетімізді Аллаға мадақ етумен бастасақ, оның жақсылыққа әкелетіні анық. Бұл қарапайым амал, яғни сәт сайын айтатын бір ғана «Бісміллә» Раббымызға деген сүйіспеншілігімізді арттырады. Ал, тіліміз Құран сөзін айтқан сайын, жүрек нұрға толмай ма?

Қазіргі заманда біз күнделікті тіршіліктің шаруасымен жүріп, дүниеауи құбылыстарға, бес күндік жалғандағы қызыл-жасыл заттарға қатты мән беріп жатамыз. Шынайылығына келгенде, абзал амалдарымыз азайып жатыр. Мысалы, еске алыңызшы, қашан сіз соңғы рет Жаббар Иемізге салауат айтып, әкеңіз бен анаңызға жылы сөз жолдадыңыз. Ойымыз босаған сәтте қатарластарымыздың кемшілігін тере кетіп, ауызымызбен күнә арқалауға бейімбіз.

Бұл жайында Мәшһүр Жүсіп атамыз «Жетпіс бап» туындысында былай деген:

«Көңілінде түт жаратқан құдайыңды!

Сыйлап күт ата-анаң мен жұбайыңды!

Адамға жала жаппа,қастық қылма,

Махшарда тартпан десең уайымды».

Мына шумақтың бірінші жолынан-ақ жүректе иманның болуы керектігін түсінуге болады. Ата-ананың разылығын алмаған пенде Алланың разылығын алмайтынын жырлаған бабамыз жарық өмірді сыйлаған жандарды сыйлау арқылы разылыққа жететінімізді екінші жолда меңзеп тұр. Ал, отбасыдағы әйел мен еркектің арасында сыйластықтың болмауы шаңырақтың шайқалуына әкеліп соқтырады. Сол үшінде, отбасыда иман болу шарт.

Үшінші және төртінші жолға тоқталсақ, күнәнің ауыры – ғайбат. Бәрін Естуші Алла құлдарын бұл жағымсыз амалдан тыйды. Ол жайында «Хужурат» сүресінің 12-інші аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Ия бұдан тіксінесіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар», - деп нақты бұйырылған. Бүгін айтылған ғайбат, о дүниеде мойынымызға артылар нәубет екенін ескерткен  философ он күнәнің тоғызы тілден келетінін ұмытпауға үндейді.

Қазақ даналығында «Отанды сүю - иманнан» деген сөз бар. Жүрегінде иманы жоқ адамның, еліне, жеріне деген махаббаты да жоқ. Мәшһүр Жүсіп болса өзінің туған топырағының әр тасын, туған елінің әр баласын ақындық жүрекпен сүйді. Сол үшін жұрт қамы үшін жиған-тергендерін қағаз бетіне түсірді. Ғұламаның соңынан қалдырған құнды байлығы өте мол. Дүниелік ғана емес, діни білімнің құдығынан сусындаған бабамыз білгенінің бәрін ішінде бүкпей, сыртына төкті. Елге пайдасы тисін, менің білгенімді ұрпағым да білсін деді. «Дауасыз дерт» өлеңінде:

«Ғылымың болса-дағы ұшан-теңіз,

Пайда жоқ: ез халқыңа қызмет етпей!» - деп жырлауы содан еді.

Ұрпағы білімді, дарынды болған ұлттың көші қашанда алдыңғы қатардан табылары сөзсіз. Себебі, адам баласы екі дүниеде де байлықпен емес, біліммен озады. Байлығың уақыт жетсе тозады, ал, білімінің пайдаға жұмсағанда ешқашан тозбайды. «Мүжәдәлә» сүресінің 11-інші аятында «Алла араларыңдағы иман келтіргендер мен ғылымда тереңдегендердің дәрежесін көтереді», - деген сөз тегін емес еді.

Ислам дінінің игілігін, тазалығын, асылдығын аса шабытпен қозғаған ақынның шығармалары осыдан бір жарым ғасыр бұрын жазылса да, өскелең ұрпақ үшін маңыздылығын жойған жоқ.  Шығармаларында тәрбие кілті иманнан басталатынын баса айтқан ғалым рухани байлыққа мән беруге шақырады. Оның маржандай ойға бай мысал өлеңдерінде зұлымдық, қатігездік, жала жабу, тәкаппарлық, екі жүзділік сияқты сүйкімсіз қасиеттерден аулақ болу насихатталған. Бір ғана «Ағашсыз жапырақ» өлеңінің жолдарына үңілейікші:

«Жігіттер, сараңдықты қылма кәсіп,

Болмайды сараң жанға жұмақ(ұжмақ) нәсіп.

Болса да өзі тақуа, өзі сопы,

Тозақтан құтылмайды сараң қашып».

Сараңдық – Алланың нығметтерін ұмытып, тәкаппарлыққа салыну. Ал, тәкаппарлық барлық мақтауға лайық Жаратушымыздың ұнатпайтын қасиеті екені мәлім. Осы орайда, «Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлық болған адам жаннатқа кірмейді» деген хадис еріксіз еске оралады.

Тізе берсек, Мәшһүр Жүсіптің бай мұрасын бірнеше беттік шығармаға сыйдыру мүмкін емес. Түнді түнмен орап, таңды таңға жалғап, ел мен жерді аралап жүріп жазғандары жанымызға рух беретін имани жәдігерге айналды. Отандық және алыс-жақын шет елдегі ғалымдар Мәшһүр бабамыздың қалдырған мирасы 30 томға жетіп жығылатынын, ал, оларды зерттеу орта есеппен 100 томдық еңбекке тең болатынын айтқан еді.

Бір түсінгеніміз, қазақ баласы дінін тану үшін, Алласын тану үшін – Мәшһүрді тану керек. Өз заманының озық ойшылы, бүгінгі заманның таусылмас дариясы болған ғұламаны оқи отыра біз рухани қазынаға тап боламыз, игі, жақсы, жағымды қасиеттердің не екенін білеміз. Барлық асыл мінез тәрбиеден бастау алатынын түсінеміз.

Тәрбие демек, Мәшһүр Жүсіптің ғылым жолына түсуіне әкесі Көпей Сермұхамедұлы себеп болғанын тілге тиек ете кетейін. Кезінде тұрмысы жақсылардың қатарынан болған Көпей Қызылтауға қоныс аударған. Бірнеше жылдан соң малы жұтқа ұшырайды.  Сонда Көпей Сермұхаммедұлы: «Адамға мал жолдас болмас, ғылым жолдас» деп, баласы Жүсіпті оқуға берген. Жас бала мұсылмандықты терең меңгеріп, халқының дара тұлғасына айналды. Осыдан ұғатынымыз, әр әке, әр ана баласын дүние жинауға емес, білім жинауға бағыттандыруы керек. Жиналған байлығың өз пайдаңнан аспаса, береке бермесі анық. Ал, білім жинап, ізденіп оқып, үйренгеніңді өзіңнен кейінгілерге үйретіп кетсең, нағыз пайда осы болмақ.

Мәшһүр Жүсіптің «Ит дүние» өлеңіндегі :

«Бұ дүние жолдас емес адамзатқа,

Кетедi, қайта тастап жанған отқа», - деген екі тармағы екі дүниеде де бақыт әкелетін абзал амал – байлық жинау емес, білім үйрену екендігін тура айқындап тұр.

Тәрбиелі болу, білімді болу – иманнан. Егер жүректе иман болмаса, жоғарыда айтқандардың бәрі бос болып қалады. Жер дүниедегі жағымсыз жағдайлардың барлығы, күнделікті күйбеңдегі арқалап жатқан күнәмыз білімсіздіктен емес, имансыздықтан орын алуда.

Ендеше, иманымызды көтеріп, білім теру жолында көз майымыз таусылғанша ізденейік. Көкірек көзіміз топыраққа толғанға дейін, жүрегіміз иманға, санамыз білімге толсын деген ақ тілек бізден. Әумин!

                                                                   Абзал Қабдраш

                                                                   

 

0 пікір