«Ал қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!».
«Ал қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!».
11.09.2017 17:06
265
0

«...Президентімізге қазақ тілінде: «Сапарға дайынмын!»  деп рапорт жасадым. Бір уақытта санау басталды. Ұшуға бір минут қалды. Зымыранға барып отырдым, люктардың бәрін тастай бекітіп, жауып тастады. Командир: «Кеттік!» дегенде, менің айтқаным: «Ал қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!». Бұның бәрі таспада жазылған»,-депті ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.

 

 – Кешегі бала Тоқтардың балдаурен шағы өткен өлкені көк жүзінен көргенде қандай сезім болды? Зерттеу барысында ерекше бір жайттарға кезіктіңіз бе?

– Оны сөзбен жеткізе алмайсың. Кешегі асыр салып ойнаған жер жанарыңа сыйып кетеді. Қарай бергің келеді. Біздің байтақ Атамекеніміздің сұлулығына шек келтірмеймін. Оған ғарышта тағы бір куә болдым.  

Алғаш рет Теміртаудың түтінін мен таптым. Менің баяндамамнан соң Теміртау зауыттарындағы мұржаларға арнайы себеттер орнатылды. Содан соң Қазақстанның жер қойнауын өзім апарған үш пленкаға толтырып түсіріп әкелдім. Алғаш рет Аралдың табанынан ұшқан тұз сонау Қиыр Шығыстағы мұзарттарға түсетінін анықтадық. Теміртаудың түтіні Тынық мұхитқа дейін шұбатылып жететінін білдік.

Аталған бағдарламаның аясында өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеулердің нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аумақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Қазақстан аумағындағы атмосфераның қалай таралатын көрдік.

Шүкір дейміз, Қазақстан ғарыштық мемлекеттер санатына кiрдi. Осы арқылы бiздiң елдi халықаралық қауымдастық технологиясы дамыған ел ретiнде қабылдады. Атышулы Америка мен Еуропаның Қазақстанға деген ескi, тұрпайы көзқарасы өзгердi. Екiншiден, өзiмiз өз бетiмiзбен ғарышты зерттей бастадық. Аса маңызды бір жәйтті мықтап есімізде ұстауымыз керек. Ғарыш – жаңа технология. Қазір ІТ-ақпараттық технологиялар заманы. Ол күн сайын өсіп, өзгеріп тұрады. Бір орында тоқтап қалмайды. Сондықтан біздің жастарымыз ерінбей оқып, сапалы білім алуы керек.

 

– 7 күн 22 сағат 13 минут ғарышты мекен еттіңіз. А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар бюросының 26 сынақшы-ұшқышының арасында жалғыз сіз ілігіпсіз. Солардың 9-ы сынақ кезінде апатқа ұшырап, қаза тапқан. Мұны ердің ісі – нар тәуекел деп қабылдау керек шығар?

– Мен ғарыш саласына келіп-ақ тәуекелге бел будым дер едім. Балалық қиялыма қанат бітіріп, түрлі кедергілерге тайсақтамай, арманыма қол жеткіздім.  Әскери училищені тәмамдап, Қиыр Шығыста, Амурдағы Комсомольск қаласында әскери қызметімді өтедім. Төрт жылда СУ-15 ұшағында қабілетімді көрсетіп, Қиыр Шығыстың «Ең үздік ұшқышы» атағын иелендім. Иә, қазақ баласының қолынан да мұндай келеді! Мен қорыққам жоқ. 1988 жылы Кеңес Одағының тарихында тұңғыш рет жерге қонбай, әуе кеңістігінде ұшаққа екі мәрте жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын іске асырдым. Реактивті ұшақтардың 50-ден аса жаңа түрлерін сынақтан сүрінбей өткіздік. Бұл жерде де бойдағы намысым арқылы қадам жасадым. Жүз сексен миллион халықтың ішінен жалғыз қазақтың баласы таңдалды. Күллі қазақ менің мойныма жүк артты. Рас, «Нар тәуекел – ердің ісі».

 

– Ғарышкерлердің арасында жазылмаған Гагариннің «заңы» – «поехалиді» бұзып: «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» дедіңіз. Ғарыш кемесі көтерілер сәттегі дәстүрлі сөзді ана тіліңізде айтқаныңыздың өзі неге тұрады!

– Бұл оқиғаны ешқашан ұмыта алмаймын. Президентімізге қазақ тілінде: «Сапарға дайынмын!»  деп рапорт жасадым. Бір уақытта санау басталды. Ұшуға бір минут қалды. Зымыранға барып отырдым, люктардың бәрін тастай бекітіп, жауып тастады. Командир: «Кеттік!» дегенде, менің айтқаным: «Ал қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!». Бұның бәрі таспада жазылған.

Күллі қазақ ғарышқа ұшты. Қазақтың рухы ұшты. Менің бұл сапарымның басты көмекшісі – Қазақ халқының маған деген кіршіксіз құрметі мен селкеусіз сенімі. Мен халқым үшін ұштым және сол үшін де үлкен құрметке бөлендім. Мен түскен кезде «Тоқтар! Тоқтар!» деп айқайлап жатқан аға-апаларымызды көргенде өзім абдырап қалдым. Өзіңіз ойлаңызшы, бүкіл қазақ баласы сенің атыңды қайталап айтып жатса, сенен асқан бақытты адам болар ма еді? Қай жерге барсам да «батырымыз келді», «тұңғыш ғарышкеріміз келді» деп қарсы алады. Сол жұрттың риясыз көңіліне дән ризамын.

 

Қасқырбай Қойшыманов

0 пікір