Адам ұйқысыз өмір сүре ала ма?
Адам ұйқысыз өмір сүре ала ма?
24.06.2015 14:07
13385
0

 

        Ұйқы дегеніміз не? Күніне қанша уақыт ұйықтаған жөн және ұйқысыз өмір сүре аламыз ба?

       Ұйқы – қоршаған ортаға жауаптың төмендеуі (реакция) мен сананың белсенділігінің ең төмен деңгейіндегі күйде болатын табиғи физиологиялық құбылыс. Ұйқы уақытында адам ағзасында көптеген белсенді құбылыстар жүреді, ағзаның даму гормондары түзіледі.      

      Ұйқының құрылымы      

       Ұйқы түні бойы қайталанып отыратын бірнеше кезеңдерден тұрады. Ол кезеңдердің қайталануы мидың әртүрлі құрылымдарының белсенділігімен байланысты. Ұйқы екі түрге бөлінеді: жылдам және баяу. Ұйқының бастапқы кезінде баяу ұйқының ұзақтығы, ал оянар сәтте жылдам ұйқының ұзақтығы артады.

       Адамдардың көпшілігінде ұйқы толқын тәрізді 4-6 циклден тұрады, ұзақтығы – 80-100 мин. Баяу ұйқы – 75%, жылдам ұйқы – 25%-ды құрайды.

Баяу ұйқының өзі 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде адам ұйқылы-ояу күйде жаңа идеялар мен белгілі бір проблемалардың шешімін табады. Ал төртінші кезеңде терең ұйқыда болып, тез ояна қоймайды. 80%-да түс көреді, дәл осы кезеңде айкезбе (лунатизм) ауруына бейімделіп, қорқынышты түстер көруі мүмкін, алайда адам оның ешбірін есінде сақтай алмайды. 

       Ұйқының қызметі 

  1. Ағзаның тынығуына мүмкіндік береді.
  2. Зат алмасу процесінде маңызды рөл атқарады. Баяу ұйқыда ағзаның өсу гормоны түзіледі. Жылдам ұйқы нейрондарды қалпына келтіріп, оттегімен байытады, ағуыздарды биосинтездейді.
  3. Ақпараттарды сақтау мен жаңалап отыруға көмектеседі. Баяу ұйқы қабылданған ақпараттарды сақтаса, жылдам ұйқы санада алдағы болатын оқиғалардың моделін жүзеге асырады.
  4. Ағзаның жарыққа бейімделуін қамтамасыз етеді (күн-түн).
  5. Иммунитетті қалпына келтіреді. 

       Күндізгі ұйқы – пайдалы      

       Күндізгі 20 минуттық ұйқы (сиеста) ағзамызға өте пайдалы. Ол есте сақтау қабілетін жақсартып, маңызды фактілерді еске түсіруді жеңілдетеді және жүрек талмасынан сақтайды дейді мамандар.

       Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түскі уақытта жарты сағат тынығуға кеңес берген, өзі де бұл әдісті қолданған. Сондай-ақ, бұл тәсілді өз өмірлерінде атақты Черчилль мен Маргарет Тэтчер де күнде пайдаланған. 

       Аз ұйықтаудың пайдасы бар ма? 

       Ұзақ уақыт ұйықтамаған адам заттарды бұлыңғыр тұмандағыдай, түстерін өңінде көреді. Ал 10 күн бойы ұйықтамаған адам өліп кетеді. Сол себепті ұйқы адамға су мен ауадай қажет нәрсе. Мөлшерден аз немесе тым көп ұйықтағандар қалыпты ұйықтайтындарға қарағанда көптеген ауруларға тез шалдығады. Зерттеу бойынша, аз ұйықтайтын адамдар жүрек ауруларына, ал керісінше, тым көп ұйықтайтындар семіздікке, қант диабетіне, қан қысымы, иммунитеттің төмендеуі мен депрессияға ұшырайды.

       Сондықтан дәрігерлер ұйқы уақыты бірқалыпты болып, күнде 6-7 сағаттан кем ұйықтамау керектігін айтады.

 

 Ұқсас материалдар

 

0 пікір