Әбділда (Ақбалық) хазірет (1833-1918 жж) туралы бірер сөз
Әбділда (Ақбалық)  хазірет (1833-1918 жж)  туралы бірер сөз
22.08.2018 11:37
661
0

Ақбалық хазіреттің азан шақырып қойған аты – Әбділда. «Денесінің судағы балықтай ақ болғанынан ел «Ақбалық» деп атап кеткен. 1833 жылы «Қалмаққырған» болысында дүниеге келген.

Академик Ж.М.Әбділдиннің «Тағлым мен Тағзым» деген кітабында, сондай-ақ, мұрағат деректерінде Әбділданың ата-тектері қасиет қонған әулие адамдар екені жазылған. Атасы – Келден табиғаттағы құбылыстарды терең зерттеп, қыс пен жаздың, жаңбыр мен қардың, жайылымның қалай болатынын дәл болжап, елді хабардар етіп отырған. Сондықтан да «Күнді құртқан Келден» атанған. Әбділданың Мыты деген немере інісін ел ішінде әулие санапты. Ол кісі дұғамен өзеннің суын қатырып, бұлт шақырып, өрт сөндіріп, сырқат адамдарды емдеп, ажал аузынан алып қалған күндері де болған. Сайтанмен кездесіп, оның таңдайындағы теңгесін  алған деген деректер бар.

Әбділданың әкесі Быты беделді, дәулетті адам болған. Елге Омбыдан ұлты татар молла әкеліп, балаларды оқытуды ұйымдастырған. Өзі де сол молладан дәріс алып, орысша сауатын ашып, хат таныған. 20 жылдай старшиналық қызмет атқарады.

Әбділда 20 жасында елден кетіп, Бұқара медресесінде 20 жыл оқып, білім алып, қызмет істеп, тәжірибе-дәулет жинайды. Сол жақта жүргенде Меккеге барып, хазірет атағын қорғаған. Меккеде қонақ үй салғызып жатқан Құнанбай қажымен танысып біраз уақыт бірге болып, сыйластық қарым-қатынаста ажырасады.

Хазірет халқының қараңғылығын ойлап Бұқарда өзіне дәріс берген ұзтаздарының оған ұсынған қызметтерінен бас тартып, туған елінің жағдайын көбірек ойлап, аулынан медресе ашып, мешіт салғызып моллалардың білім дәрежелерін көтеріп, балаларды оқытқан.

Әбділда хазіреттің білімі мен ел ішіндегі абырой-атағына тәнті болып, текті жерден шыққан азамат екенін ескеріп, Мұса мырза өзінің туған жиен немере қызын Кәдірбибіні (Тәттімбет Қазанғапұлының немересі) қалыңмалсыз алып берген.

Ақбалық хазірет  жас кезінде ақ патшаға қарсы көтерілген, талай бүлікшіл топтарға қатысып, мұсылманның туын ұстаған. Өмірден өткенше Керекудің полиция жандармериясының бақылауында болған.

Ақбалық хазірет өз заманының Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов сияқты біртуар азаматтарымен тығыз адами қарым-қатынаста болған. Бұл жайында Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген белгілі жазушы Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романында кеңінен суреттеледі.

1875 жылы Шыңғыстаудың бөктерінде Шар өзенінің жағасында генерал лейтенант Циклинскийдің басқаруымен Абайдың үстінен жалған жазылған арыз-шағымдарды қарау және қазақ халқын басқаратын Ресей үкіметімен бекітілетін заң-ережелерді қабылдау мақсатында 80-ге жуық би-сұлтандар қатысқан үлкен Қарамола сиезі өтеді. Осы сиезде Ақбалық хазірет Абайға қарсы әрекет білдіріп отырған Зайсанның Рақыш есімді биін сөзден жығып, Абайдан кешірім де сұратқан.Өтетін сиездің  орнын белгілеп, қалың бұқараны жұмылдыруда да Ақбалық басшылық жасаған.

Осы роман жөнінде пікірін жазған жазушы Төлеубай Қазиұлы Ақшолақов Абайдың абыройының артуына Бұхар медресесін тәмамдаған он екі пәнді түгел тауысқан ғұлама Ақбалық Хазіреттің де шарапаты тиген деп жазады. Абайға айтқан бір сөзін ойға алып, тағы бір дерегінде былай жазылады: «...Ғалыммын, ғибадатым жоқ. Баймын, сақуатым жоқ. Мұсылманмын дұрыс намазым жоқ. Сонда мен кіммін?» деп маған үш түрлі сұрақ қойып еді. Мен сездім оның нені білгісі кеп отырғанын. Сондықтан үш сұрағына да: «Ғалым болып ғибратың жоқ болса, сен перғауынсың. Бай болып сақуатын жоқ болса, сен – Қарынбайсың. Мұсылман болып дұрыс намазың жоқ болса, сен кәпірсің!»,- деп Абайға кезінде қисайып жауап қайтарып едім. Абай сол сөзімнен дұрыс  қорытынды шығарып, осы сиезде шығарған заң-жобасымен, өзінің ақыл-парасатымен шын ғалым, шын жомарт, нағыз мұсылман екенін көрсетті. Бұдан артық бақытты құдайдан алтын тақта отырған патша ағзам да тілеп ала алмас»- деп Абайға үлкен баға береді.

Ақбалық Хазірет Шәкәрімге және жанындағы серіктеріне берген: «Өздерің бақытты, халқың алтын тақты болсын!»,- деген ортақ батасын Қазақстанның Халық Жазушысы Әзілхан Нұршайықов жоғары бағалап, «менің дін өкілдеріне деген көзқарасым мүлде өзгерді, олар да білімді жинақы терең ойлайтындарына көзім жетті», - деп жазады.

Батагөй хазірет өзінің  батасын белгілі қазақ композиторы, әрі әншісі Мәдиге де берген.  Мәди де елге сыйлы, қасиетті адамнан бата алғысы келеді. Оның өтінішін хазірет қабыл алып, бірақ, оған оның іс-әркетіндегі кейбір олқылық әркеттерден бойын аулақ салып,  түрлі күнадан алыс жүруін талап еткен (Мәдидің жылқы ұрлайтын барымташыларға көмектесуі). Осыдан соң Мәди хазіретке уәде беріп, оны орындаған екен.

Халық арасында хазіреттің өркөкірек, өзінің төңірегіндегі адамдарға, тіпті өз әкесіне де «мырза» деп айтқызған Тәнті деген байды қалай өз орнына қойып, сабақ бергені жайлы оқиғасы кеңінен тараған.

1902 жылы Ресей патшасының бодандарды христиан дініне аудару, шоқындыру жөнінде «Ережесі» қабылданады. Исламды, тілді қорғау үшін қазақтың ықпалы бар, зиялы адамдары бой көтереді. Солардың ішінде Ақбалық хазірет бар мүмкіндіктерін пайдаланып, аянбай еңбек еткендердің қатарында болған.

Дінмен халықты адастырушы деген айыппен сот жауапкершілігіне тартқан.  Сондықтан да, оның ұрпақтары үкіметтен  қорқып оның жиған-тергенін ескі зират-молаларға тыққан. Өкінішке орай оның барлығы бүлінген, жойылған. Сондықтан, Ақбалық хазіреттің өмірі мен қызметі жайлы әлі де тарихшылар зерттеуге мүмкіндік бар. Мүмкін, Жабайхан Әбділдин айтпақшы, дәлел құжаттар Петербор, Омбы, Семей архивтерінде сақталуы мүмкін.

Ел ардақтылары болған Абай мен  Ақбалық хазірет өздерінің ақыл-парасаттары мен білімділіктерінің арқасында  үлкен қарсыластарының құрсауынан  ысылып шыққан. Өйткені, «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей, түптің түбінде ұлылардың көздеген ой-армандары, діттеген мақсат-мүдделері  ел мен қарапайым бұқара халықтың қамы  еді. Сондықтан өздерінің әділдік пен ұлтжандылықтарының арқасында ойлаған мақсаттарына жетіп, қойылған мәселе халықтың пайдасына шешілді.

Осы бастаманың бәрі қазіргі таңда қазақстандық қоғамдағы рухани бағдарлама кең ауқым алған уақытта ізденіп, зерттеп, қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында алар өзектілігі кең.

 

Деректерден алып ықшамдаған

Л.Теміртасқызы

0 пікір