Зекеттің дұрыс орындалу шарттары
Зекеттің дұрыс орындалу шарттары
29.06.2015 13:12
3559
0
Ислам ғылымхалы. Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы

        Зекет беру үшін зекет берушінің жеке басы мен мал-мүлкіне қатысты жоғарыда аталған барлық шарттар орындалуы тиіс. Сонымен қатар мынадай қосымша шарттар бар:

  1. 1.     Ниет

       Амалдардың дұрыс болуы үшін басты шарт – ниет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Амалдар тек қана ниетке байланысты» деген. Сондықтан зекет берерде жүрегімізбен ниет етуге тиіспіз. Ал тілмен жария айту – мұстахап. Алайда зекет алған адамның алған мал-мүліктің зекет малы екендігін білуі шарт емес. Зекетті берген кезде алушының көңіліне ауыр тимес үшін: «Сізге деген сыйлығымыз» -деп беруіне болады. Зекет беруші, кедей кісіге жәрдем ретінде берген ақшасын зекет есебіне жатқызуына болады, егер берілген ақша жұмсалмаған болса. Ал кедей кісі алған ақшаны немесе дүниені қолданып жұмсап қойса, қанша жерден ниет етсе де зекет болып саналмайды.

  1. 2.     Иелендіру (тамлик)

       Иелендіру дегеніміз – байлықтың зекетін Құранда белгіленген адамдарға беру, яғни тиісті кісілерге зекетті қолдарына беріп, ары қарай қалай пайдалануды ол кісілердің өз еріктеріне қалдыру. Кедейлерді тамақтандыру, көпір, жол салу сияқты қайырымдылық істер жасау иелендіру болып саналмайды. Өйткені мұндай жағдайда мұқтаж жандар ақшаны немесе дүние- мүлікті қалауынша жұмсай алмайды. Зекет алуға құқығы бар адамдар жайында Құран Кәрімде: «Шын мәнінде садақалар  (зекеттер), кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Аллаһ жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Аллаһ тарапынан парыз етілді» («Тәубе» сүресі, 60-аят) делінген.

 

      

 

0 пікір