Зекетті ғылым ордалары мен емханалар салуға беруге бола ма?
Зекетті ғылым ордалары мен емханалар  салуға беруге бола ма?
02.10.2018 10:27
387
0

Зе­кет ғи­ба­да­ты­ның дұ­рыс бо­луы­ның бір шар­ты «Тәмлик» яғни, зе­кетті алған адам сол затқа толық иелік етіп, жеке қажетіне жарата білуі тиіс. Сол себепті, көпшілік ғалымдар қоғамдық істердің қатарына жататын ғылым ордаларын ашу, емханалар салу сынды істерге берілген дүние-мүлік зе­кет саналмайды, ол жай ға­на са­да­қа болып есептелетінін айтады. Ал енді, Мысыр араб республикасы «Дәрул ифтә әл-Мысрия» ғұламаларының фәтуасы бойынша, «Тәубе» сүресі, 60-аяттағы зекет берілетін «пақыр», «миcкин» сөздері жайлы ғұламалар түрлі анықтамалар берген. Алайда, біз «пақыр», «миcкин» сөздерін қажеттілік иесі деп аламыз. Көпшілік халықтың ғылым-білім үйренуіне, ауруларына дұрыс ем жасалуына қоғамдық қажеттілік бар. Сондықтан, қолы қысқа бір бөлім халықтың қажеттілігі шешілетін болса, онда ғылым ордалары мен емханалар салу жолына зекеттің бір бөлігін беруге болады. Қасиетті Құранда: «Қолдарыңдағы дүние-мүліктен Алла жолында жұмсаңдар және өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер» («Бақара» сүресі, 195-аят) деген. Сонымен қатар, зекет алуға лайықты болғандардың қатарындағы «Алла жолында болғандар» деген сөздің мәнісіне көңіл аударатын болсақ, жеке бір тұлғаның пайдасы ғана көзделмей, қоғамдық игіліктің, яғни, діннің, мемлекеттің келешегі үшін қоғамдық орындарға жұмсалып тұрғанын көреміз. Сол себепті, зекетті ғылым ордалары мен емханалар салуға және сол мекемелердің қажеттіліктеріне беру дұрыс деген[1].

Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), ...Алла жолындағыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді» («Тәубе» сүресі, 60-аят) деген аяттағы «Алла жолы» сөзіне қатысты имам әл-Касани: «Алла разылығы көзделген бүкіл жақсы амалдар кіреді» [2] деген. Демек, Алла жолындағы ең мағыналы іс жас ұрпақтың ғылым мен рухани тәрбиені қатар алу жолындағы сіңірілген еңбек деуге болады. Абай Құнанбайұлы: «Ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбірі ғибадат орнына бармайды»[3] деген мағыналы сөзін де ескере отырып, зекетті ғылыми-технологиялық зерттеу орталықтарын, білім беру ордалары мен емдеу мекемелерін ашу және оны жандандыру істеріне беруге болады. Өйткені, адамды саналы ететін ғылым ордалары мен денсаулығын қорғайтын емдеу мекемелері, адамдырдың кедейлік кебін шешуіне, меңдеткен түрлі аурулардан айығуына септігін тигізетін сауапты да, игілікті іс деуге болады.

 

                                      Самет Оқанұлы

                                      Исламтанушы  

 



[1] Әл-Фәтәуа Исламия мин дәрул-Ифтә әл-Мысрия, Қаһира. – 2010. 3-том, 21-22 бб.

[2] Бәдәиғус санайғ фи тартибиш шарайғ, 2-том, 154-бетте.

[3] Абай шағармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 335 бет.

0 пікір