Зекет кімдерге парыз?
Зекет кімдерге парыз?
26.06.2015 12:20
9575
0
Ислам ғылымхалы. Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы

            Зекеттің белгілі бір адамға парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы тиіс:     

        1. Мұсылман болуы

       Басқа ғибадаттар сияқты зекет ғибадатында да беруші адамның ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, азат мұсылман болуы шарт. Мұсылман мемлекетінде өмір сүретін басқа дінді ұстанушыларға және балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге зекет беру парыз емес.     

        2. Нисап көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу

       Зекеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.

       Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисап көлемі

        1. Алтында: жиырма динар, яғни, 85 грамм
       2. Күмісте: екі жүз дирһам, яғни, 595 грамм
       3. Түйеде: бес
       4. Сиырда: отыз
       5. Қой мен ешкіде: қырық
       6. Сауда заттарында: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса.
       7. Ақшада: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса
       8. Бау-бақша және егіс өнімдері

       Күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттерге нелер жатады?

        1. Тұратын үйі, үй жиһаздары мен аспаптары;
        2. Ғылым адамдарының кітаптары мен өнер адамдарының аспаптары;
        3. Өзі және әйелі, балаларына жететен бір айлық (басқа бір риуаятта бір жылдық) азық-түліктері;
        4. Өзі және отбасының киетін киімдері;
     5. Дәрі-дәрмектер. Дінімізде денсаулықты сақтау парыз саналғандықтан отбасыға күтімге міндетті адамдарға қажетті дәрі-дәрмек, емхана қаржылары негізгі қажеттіліктерге саналып, олардан зекет алынбайды.
        6. Егістікпен, шаруашылықпен айналысатын адамдардың трактор, комбайн сияқты құралдары мен аспаптарынан зекет алынбайды. Бірақ бұл құралдармен басқаларға жұмыс істеп, ақша табатын болса, тапқан ақшадан зекет алынады.     

         3. Зекеті берілетін байлықтың өсімділігі

       Зекеті берілетін байлықтың өсімді болуы оларды күнделікті өмірде қажетімізге қолдану мақсатымен емес, иесіне кіріс кіргізу мақсатымен қолға ұсталуы. Мысалға, сауда заттарының сауда жасау арқылы, мал-жануарлардың төлдеу арқылы, егіс, бау-бақшаның жеміс беру арқылы иесіне кіріс кіргізуі сияқты. Алтын, күміс,ақша, әшекей бұйымдармен сауда жасап, кіріс кіргізуі мақсат етілмесе де, олардан зекет беру парыз. Яғни, олардың өсімді болуы шарт емес.      

       4. Зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы

       Зекеті берілетін байлыққа ай санауымен бір жыл толуы керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір жыл толмай байлыққа зекет берілмейді», – деген. Бір жыл – зекеті бірілетін дүние, малдардың көбейіп, өсетін уақыты. Жыл толу мәселесінде Имам Әбу Ханифаның көзқарасына сүйенсек, зекеті беретін байлық екіге бөлінеді.

        а) Алтын, күміс, барлық ақша түрлері және жылдың көбінде қырда жайылатын малдар мен сауда заттары.
        ә) Барлық егістік, бау-бақша өнімдері мен қазба байлықтар.

        Зекеті берілетін байлық, мал-дәулет бір жыл толғаннан кейін көбейіп өссе, көбейген бөлімінің зекеті дәл сол жылы берілмейді. Көбейген бөлімінің зекеті келесі жылы дәл сол уақытта беріледі. Мысалы, бір адамның қолында өткен жылғы Рамазан айының он бесінде 100 мың теңге болса, бұл көлем биылғы жылы Рамазан айының он бесіне дейін 140 мың теңгеге көбейіп, Рамазан айының жиырмасында 160 мыңға жетсе, 140 мың теңгенің ғана зекеті сол жылы беріледі. Зекеттің парыз болуы үшін малға бір жыл толуы керек дедік, бірақ пақыр кедей-кепшіктердің жағдайын ойлап, бір жыл толмай да зекет бере беруге болады. Бірақ бір жылда екі рет зекет берілмейді.      

       5. Қарыз болмауы

       Адамдарға болған қарыздың барлық түрі – зекеттің парыздығына бөгет жасайды. Мысалы, бір адам негізгі қажеттерінен тыс 100 грамм алтынға ие болды делік. Бірақ бұл адамның басқа біреуге 20 грамм көлемінде қарызы болса, бұл адамға зекет парыз емес. Өйткені, қарыздан тыс қалған малдың мөлшері нисап көлеміне (85г шамасындағы алтынның құны) жетпейді.

       Алдыңғы бір жыл немесе бірнеше жыл үшін берілмеген зекет есесі қарызға жата ма?

       Бір жыл немесе бірнеше жыл үшін берілмеген зекет есесі қарыз болып саналады және міндетті түрде өтелуі тиіс. Өтелгеннен кейін қалған ақшаның құны нисап мөлшеріне жетіп жатса ғана сол жыл үшін зекет беріледі.

       Қарыз иесі борыштының қарызын кешкен жағдайда...

       Қарыз иесі қарызын борыштыдан кешкен жағдайда, кешілген қарызды қосқанда барлық ақшасының мөлшері нисап мөлшеріне жетіп жатса, зекет беру парыз. Қарыз иесі қарызын кешкен күнге бір жыл толғаннан кейін зекет береді.

       Құрбандық, пітір садақа, кәффарат,қажылық сияқты мұсылманның мойнындағықарыздар зекеттегі нисап мөлшеріне әсерінтигізе ме?

       Аталмыш қарыздар Алла мен құлдарының арасында болғандықтан, зекеттің нисап мөлшеріне әсерін тигізбейді. Мысалға, біреудің байлығы нисап мөлшеріне жетіп тұрса, бірақ мойнында аталмыш қарыздары болса,

және бұл қарыздарды өтеген жағдайда, қалған ақшасы нисап мөлшеріне жетпей қалса да зекет беру парыз болып қала береді.     

         6. Зекеті берілетін байлыққа толық ие болу

        Зекеті берілетін байлыққа зекет беруші адам толық ие болуы керек. Яғни, иесінің иелігінде және қолында тұрып, қалаған уақытта қолдана алатындай мүмкіндікте болуы керек. Мысалға, басқа біреуге кепілдікке берілген затқа зекет берілмейді. Өйткені, кепілдікке берілген зат иесінің иелігінде десек те қалаған уақытында қолдана алмайды. Сатып алынып, әлі қолына тие қоймаған затқа зекет беріледі. Өйткені, сатып алынған заттың сатып алған адамның қолына тию пайызы басымырақ.

       Табылған дүние, байлыққа жоғалған жылдары үшін зекет беріле ме?

       Жоғалып, қайта табылған дүние, байлыққа жоғалғанжылдары үшін зекет берілмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Димар малға зекет берілмейді». Димар мал дегеніміз: иелігінде бола тұра қайта қайтып,

қолына тиюі үміт етілмеген зат, байлық, яғни, иелігінде бола тұра қолданылуы мүмкін емес дүние.

0 пікір