Зекет - елдің берекесі, дүние мүліктің кірі
Зекет - елдің берекесі, дүние мүліктің кірі
29.10.2018 12:17
452
0

Сүйінші ағайын!

Сүйінші сұрау себебіміз ел тәуелсіздігін алып, іргелі елден мәңгілік елге бет бұрып «Рухани жаңғыру» сатысына үндеу сала бастағанда, соған сай дініміздің бір әмірі Исламның төртінші шарты болған зекет мәселесі қайта оралып, ауданымызда арнайы зекет өкілі тағайындалды. Ол Сәтбаев ауылының тумасы Омарқасов Сағадат Төлеубекұлы. Енді аудан және ауыл имамдарымен қоян-қолтық жұмыс жасап, аудандық «Мұса мырза» мешітінің бас имамы Саян Арыстанұлының арнайы бекіткен кестесімен ауыл, қыстақ және жеке шаруашылықты түгел аралап шықпақ. Ал осы ағамыз іске кіріскеннен бастап зекетін бере бастаған жандарды атап өту борышымыз. Сәтбаев ауылынан Садықов Н. 1 серке, Таймасов Қ. 1 ешкі, ауданнан Алиасқаров С. С 1 қой және фотосалон «Арман» өз демеушілігін көрсете бастады. Жалпы бүгінге дейін ел зекетін бермеді емес беріп келгені баршаға аян. Сауаптан жазсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Сонымен зекет жайлы қысқа шолу жасап, түсіндіре өтейік. Бұл бізге жат дүние емес...

«Құдай бір, Құран шын және Пайғамбар хақ» деген елдің ұрпағымыз тәуба. Қысы мен жазы, қысқасы бес түлік мал мен етенеден де жақын өскен бір ұлттың ұл-қыздарымыз. Сол бес түлігін бар кәсібіне арнап өткен аталарымыз Құдай әмірін де толық әрі тиянақты атқарып отырған.

Ислам іргелі бес негізден тұрады. Оны Исламның бес шарты деп атайды. Олар:

Аллаһқа иман келтру, Намаз өтеу, Ораза тұту, Зекет беру және мүмкіндігі бар кісінің өмірінде бір рет Хажыға баруы.

Міне осы бес парызын бес саулығымен тәмамдап отырған халқымыз зекетті түсінгені соншалықты оны «Малдың кірі» деп атаған. Өйткені шыныменде «Зекет» араб сөзінен болып түп мағынасы жеміс-жидек көкеністің арам шөбін жұлу дегенге саяды яғни тазарту. Неткен түсінік, не деген тапқырлық десеңізші. Дана да Дара елші(с.ғ.с): “Дүние-мүліктеріңді зекет берумен қорғаңдар” деп бұйырады.

Зекет хижреттің екінші жылы оразадан бұрын парыз болған. Дүние-мүлік арқылы іске асатын ғибадат.

Зекет – діннің белгілеген мөлшері бойынша бай, ауқатты болып саналатын мұсылмандардың әр жылы дүние-мүлкі мен ақшасының 40/1 (қырықтан бірін) кедей мұсылмандарға беруі. Зекет Құран Кәрімде намазбен бірге отыз жеті жерде кездеседі. Зекетке осыншалықты көп тоқталуы – оның Ислам дінінде үлкен мәнге ие екенін білдіреді.

Сонымен алтынның нисабы 85 гр алтын. Кімде-кімнің  85 гр алтыны болса оның қырықта бірін яғни 2.125 алтынын зекетке береді. Бұл дегеніміз 2,5% деген сөз.

Ал кімде-кімнің 595 гр күмісі болса оныңда қырықта бірін яғни 2,5% зекет етіп береді. Күніміздегі ақша есебі осы алтын күміс бойынша есептеледі де зекеті сол бойынша өтеледі.

Төрт түлік малдың зекетіне келер болсақ, мынандай шарты бар.

Зекет берілетін малдар үй жануарлары болуы.

Сол малдар нисап мөлшеріне жетуі.

Иелік еткеннен соң толық бір жыл өтуі.

Түйенің зекеті

Түйе

Нисап мөлшері

Парыз болған мөлшері

5-9

1 қой

10-14

2 қой

15-19

3 қой

20-24

4 қой

21-35

Бір жасар ұрғашы тайлақ

 

Сиырдың зекеті

Әрбір отыз сиыр үшін бір тайынша, әрбір қырық сиыр үшін құнажын беріледі. 120 сиыры бар адам қаласа, төрт тайнша бере алатыны секілді үш құнажын бере де алады. Мұнда отыз бен қырық санына байланысты болып отыр.

Сиыр

Нисап мөлшері

Парыз болған мөлшері

30

Бір жасар тайынша

40

Құнажын

60

Екі тайынша

70

Бір тайынша бір құнажын

80

 Екі құнажын

90

Үш тайынша

100

Екі тайынша бір құнажын

120

Үш құнажын немесе төрт тайынша

 

Қой мен ешкінің зекеті

Қой мен ешкі аралас болған жағдайда қайсысы көп болса соны береді. Екеуі тең болса иесінің өз еркі. Қозы мен лақ жасқа толмайынша зекет берілмейді, бірақ мал басы болып санаққа енеді.

Қой мен ешкі

Нисап мөлшері

Парыз болған мөлшері

40-120

1 қой

121-200

2 қой

201-399

3 қой

400-499

4 қой

Мал басы 500-ге жеткеннен соң әрбір жүзге бір қой беріліп отырады.

Ал жылқы түлігінде мұндай кесте жоқ. Өйткені оның есебі мүлде басқаша. Жайылымда текқана көбейту мақсатында бағылған жылқылардан зекет алынады. Жалпы жылқының құны есептеліп нисап мөлшеріне жеткен жағдайда құнының қырықта бірі зекетке беріледі.

Зекеттің ақыреттік сауабымен қатар дүниелік пайдалары да шаш етектен. Қысқаша:

Зекет қажеттіліктің құлы болудан құтқарады.

Зекет еңбектенуге үндейді.

Зекет көп еңбек етуге баулиды.

Зекет абырой береді.

Зекет құр қызғаныштан сақтайды.

Зекет елді даудамайдан сақтайды.

Зекет әл ауқаты төмен жанға ерекше демеу болады.

Зекет әлеуметтік сырқаттардан қорғайды.

Зекет қоғамды өсімнен аулақ етеді.

Елімізде әл-ауқатты бай қуатты халқының қамын ойлар аға-інілер мен әпке-қарындастарымыз көп болғай!

 

Әзірлеген: «Мұса мырза» мешітінің ұстазы

 Берікбай Германұлы

0 пікір