Зекет - берекет кілті
Зекет - берекет кілті
29.04.2019 09:44
345
0

Құран Кәрімде: «Намазды орындаңдар, зекет беріңдер һәм Аллаға көркем қарыз (садақа) беріңдер. Өздерің үшін алдын ала жасаған қайырларыңның (қиямет күні) Алланың қасында одан да қайырлы әрі мол сауапты екендігін табасыңдар», – делінген.

 Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың берген мал-дүниесінен зекет шығармаған адамды қиямет күні маңдайында екі қалы бар, қасқабас жылан орап, азаптайды, өткір улы тістерімен шағып, «мен сенің қазынаңмын, мен сенің дүниеңмін» дейді, кейін: «Алланың шексіз шарапатымен үйіп-төгіп берген нығметтерін игі жолда жұмсамай сараңдық қылғандар бұл қылықтары өздері үшін қайырлы болады деп ойламасын. Керісінше, бұл өздері үшін жаман болады», – деген аятты оқиды», – деді.

 «Зекет» сөзі көбею, өсу, тазару мағыналарына саяды. Зекет берумен зекет берушінің мал-дүниесі тазаланады, берекеленеді. Ислам дінінде балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс мұсылманға жылына бір мәрте мал-мүлкінен зекет беру – парыз. Зекет беру үшін қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетіп, сол нисапқа бір жыл бойы иелік етуі тиіс. Зекет беру үшін мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетуі шарт. Нисап – ол зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.

 

Төрт түлік зекеті

Жарты жылдан көп уақытта жайлауда өсіретін қой, ешкі, өгіз, сиыр, түйе, жылқы секілді үй жануарларынан да зекет беріледі. Үй шаруашылығына пайдаланатын малдардан және есек, қашыр, бұғы, елік секілді хайуандардан зекет берілмейді.

 Қой мен ешкінің нисабы – 40 тұяқ. Қойдың (ешкінің) саны Берілетін зекет  40-120 1 қой (ешкі), 121-200 2 қой (ешкі), 201-399 3 қой (ешкі), 400-499 4 қой (ешкі), Кейін әр жүзден 1 қой беріп отырады. Қой мен ешкі бірге саналады.

Сиырдың нисабы – 30 бас. Қарамалдың саны Берілетін зекет  30-39 бір жасар 1 тана, 40-59 екі жасар 1 тана, 60-69 бір жасар 2 тана, 70-79 бір жасар 1 тана және екі жасар 1 тана, 80-89 екі жасар 2 тана, 90-99 бір жасар 3 тана, 100-109 бір жасар 2 тана және екі жасар 1 тана, 110-119 бір жасар 1 тана және екі жасар 2 тана, 120-129 бір жасар 4 тана немесе екі жасар 3 тана, 40-тан артып, 60-қа жеткенше екі жасар 1 танадан бөлек ешнәрсе берілмейді. Онан соң есеп әр он сиырда өзгеріп отырады. Сиыр, өгіз, тана, бұзау – бәрі бірге есептеледі. Зекетке берілетін тананың еркек не ұрғашысына қарамайды.

Түйенің нисабы – 5 бас. Түйенің саны Берілетін зекет  5-9 1 қой, 10-14 2 қой, 15-19 3 қой, 20-24 4 қой, 25-35 бір жастан асқан бұзбаша (бинт мәхад), 36-45 екі жастан асқан құнанша (бинт ләбун), 46-60 үш жастан асқан інген (хиққа), 61-75 төрт жастан асқан інген (жәзаға), 76-90 екі жастан асқан 2 құнанша (бинт ләбун), 91-120 үш жастан асқан 2 інген (хиққа), Әрі қарай әр беске 1 қой, ал әр 46 мен 50 түйеде үстіне үш жастан асқан бір інген қосып беріп отырады. Жылқыдан да зекет беріледі. Жылқылар тек байтал немесе айғыр-байтал аралас болуы және оларды қосып бағасын есептегенде, құны нисап мөлшеріне жетуі шарт.

 Жылқылардың бағасы ақшалай есептеліп, оның 2,5%-ы (1/40) зекетке бөлінеді. Жемдеп бағылатын және мінетін жылқыларға зекет берілмейді. Зекетке тиісті түлік малдың орнына олардың ақшасын беруге де болады. Жылдың басында нисапқа толған малы жыл бойы өсіп көбейсе, зекетті жылдың соңындағы нисаптың есебімен береді.

 

Жылқыдан зекет беріле ме?

Ж: Егер жылқы еркегі мен ұрғашысы аралас болып жайылып, бір жыл өткен болса, оның иесі қаласа әрбір атқа бір динар береді. Қаласа жалпы құнын есептеп, әрбір екі жүз дирхемнен бес дирхем шығарады. Тек айғырлар ғана болса Әбу Ханифаның айтуынша зекет берілмейді.

 С: Қашырлардан зекет беріле ме?

Ж: Қашыр мен есектен зекет берілмейді. Тек айналымдағы тауар ретінде болса зекет беріледі. Тауар секілді бағаланып, зекеті шығарылады.

 

Алтын мен күмістен берілетін зекеттің мөлшері қандай?

 Жауап: Алтын мен күмістен берілетін зекет

С: Күмістен зекет берудің парызы болған мөлшері қандай?

Ж: Егер қосынды салмаға екі жүз дирхем (595г.) болатындай күміске ие болып, осы иелігіне ай күнтізбесімен есептегенде бір жыл өткен болса оннан бірінің ширегін (2,5%), яғни әрбір екі жүз дирхемнің бес дирхемін (14,875г.) зекетке беру тиіс.

С: Күміс мөлшері екі жүз дирхемнен асып кетсе зекетін қалай шығарады?

Ж: Әбу Ханифаның айтуынша екі жүздің үстіндегісі қырық дирхемге жетпейінше ештеңе берілмейді. Қырыққа жетсе тағы бір дирхем береді. Әрі қарай да осылай есептеледі, яғни әрбір қырық дирхемнен бір дирхем.

С: Алтыннан берілетін зекеттің мөлшері қанша?

Ж: Жиырма мысқал (85г.) алтынға ие болғанына бір жыл өтсе жарты мысқалын зекетке береді. Жарты мысқал жиырма мысқалдың оннан бірінің ширегіне (2,5%-ке) тең. Сонан соң әрбір төрт мысқалынан екі қират (өлшем бірлігі). Ал, үстіндегі төрт мысқалға жетпесе Әбу Ханифаның пікірі бойынша берілмейді.

С: Алтыннан жасалынған әйелдер тағатын әшекейлі бұйымдардан, ыдыс-аяқтардан зекет беріле ме?

Ж: Алтын мен күмістің қандай түрі болсын, қолданса да, қолданбаса да зекет мөлшеріне жетсе зекеті шығарылуы тиіс.

С: Алтын не күмістен жасалынған бұйымдарда қоспалар болса не істеу керек?

Ж: Егер қоспаның басым көпшілігі күміс болса оның барлығын күміс деп есептейді. Ал, егер, керісінше, көбі басқа зат болса күміс деп есептелмейді. Қоспалы алтынның үкімі де осындай.

 С: Бір кісінің қолында не алтын, не күміс болмаса, бірақ, үкіметтік банкте өзіне тиесілі құнды қағаздары болса солардың зекетін бере ме?

 Ж: Иә, егер зекет мөлшеріне жетсе береді. Өйткені мұндай құнды қағаздар ақша сияқты сату-сатып алынуда пайдаланылады. Сондай-ақ, банкке өткізсе бағасы шығарылып, сатып алынады.

 

Дақылдар мен жемістерден зекет беріле ме?

 Жауап: Дақылдар мен жемістердің зекеті

С: Дақылдар мен жемістерден зекет беріле ме ?

 Ж: Иә, суару түріне байланысты олардан үшір (оннан бірі, 10%) немесе жарты үшір (жиырмадан бірі, 5%) алынады.

С: Мұнда белгілі бір мөлшер бар ма?

Ж: Әбу Ханифаның айтуынша мұнда белгіленген мөлшер жоқ. Жерден өсіп шыққан егін аз болсын, көп болсын, зекеті берілу керек. Тек отын,қант, қамыс, шөптен зекет алынбайды. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммед егін мен жемістердің өнімі бес уасаққа жетпейінше зекет парыз болмайды деген. Олардың пікірлерінше көкөністерден зекет берілмейді.

 С: Уасақ деген не?

Ж: Уасақ дегеніміз Мәдина жұртының салмақ өлшемі, алпыс сағқа (195 кг) тең.

С: Үшір мен жарты үшір қашан парыз болады?

Ж: Ағын және жаңбыр сумен суарылатын болса үшір беру керек. Ал, құдықтан немесе су диірмені, шығыр секілді құралдармен суарылатын болса жарты үшір.

С: Егер өнім зағпыран, мақта сияқты уасақпен өлшенбейтін өнімдер болса қалай өлшенеді?

Ж: Әбу Юсуф егер бес уасақтың құнына жетсе одан үшір алынады деген. Ал, Мұхаммед өлшенетін салмақ өлшемінің ең үлкенімен есептегенде бесеуіне жетсе үшір шығару керек деген. Мысалы, мақтадан бес тең, зағпыраннан бес батпан.

С: Балдан зекет алына ма?

 Ж: Егер бал аралары балды үшір жерлерінен жинаған болса, онда жиналған балдан үшір алынады. Бұл Әбу Ханифаның пікірі. Әбу Юсуф бал он шелекке жетпейінше зекет парыз емес десе, Мұхаммед бес фараққа жетпейінше парыз емес дейді.

 С: Фарақ деген қандай өлшем?

Ж: Бір фарақ отыз алты ирақ ратлына (211,250 кг) тең.

С: Жұмыскерлердің жалақылары, көліктердің шығындары сияқты шығындар есепке алына ма?

Ж: Бұл шығындар есепке алынбайды. Жерден шыққан өнімнің үшірі немесе жарты үшірі берілуі тиіс.

 

 Зекет қайда жұмсалады?

 Жауап: Зекет қайда жұмсалады?

 С: Зекет қайда жұмсалады?

Ж: Алла Тағала Құран Кәрімде зекеттің қайда жұмсалуы керектігін айтып өткен: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға (беріледі)» (Тәубе, 60). Демек олар сегіз түрлі болады: Кедей-кепшіктер. Міскіндер. Зекет жинауға көмектесушілер. Дінге жаңадан кірушілер. Өз бостандығы үшін жүрген құлдар. Қарызға батқандар. Алла жолында жүргендер. Пақыр жолаушылар.

 С: Кедей деген кім?

Ж: Ол – дүниесі өте аз, мал-мүлкі зекет беруге жетпейтіндер.

С: Міскін деген кім?

Ж: Ештеңесі жоқ адам.

С: Зекет жинаушылар кімдер?

Ж: Ол – ел басшысы Алла Тағала мұсылмандарға парыз еткен зекетті жинауды тапсырған жұмыскерлер. Олар ел аралап, зекет жинайды. Сол еңбектері үшін ел басшысы оларға зекеттен береді.

 С: Қарызға батқандар кімдер?

Ж: Қарызын өтеуге табысы, мал-мүлкі жетпейтін борышкерлер.

С: Алла жолында жүргендер кімдер?

Ж: Олар – Алла жолында соғысқа шығып, өз елдерінен жырақта қалып қойғандар.

 С: Пақыр жолаушылар кімдер?

Ж: Ол ақшасы жоқ жолаушылар, тіпті өз елінде бай болса да.

С: Дінге жаңа кірушілер деген кімдер?

Ж: Олар кезінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) жүректері жібіп, дінге кірер деген үмітпен зекеттің бір бөлігін берген ру-тайпалардың басшылары. Олар Исламға кірсе, олардың артындағы қауымдар да дінге кірер деп үміттелетін. Ислам діні кең тарап, Алла Тағала даңқын асырған соң оларға зекеттен беру керек болмай қалады. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.) заманынан кейін оларға зекеттен ешнәрсе берілмейтін болды.

С: Демек, жоғарыдағы аятта аталған топтардан қазіргі уақытта жетеуі қалған болды ғой. Зекетті сонда осы топтардың барлығына тарату керек пе, әлде біреуіне берсе жете ме?

Ж: Зекетті осы топтардың бір не бірнеше адамына немесе түрлі топтағы кісілерге берсе болады.

С: Зекетті мұсылман емес пақырға, міскінге берсе бола ма?

Ж: Зекетті мұсылман еместерге беруге болмайды.

С: Зекет қаражатын өлікке кебін алуға, мешіт, мектеп, көпір, жол салуға жұмсауға бола ма?

Ж: Зекет малын бұл мақсаттарға жұмсауға болмайды. Зекетін осы мақсатқа жұмсаған болса қайтадан зекет береді. Өйткені зекет белгілі бір адамның иелігіне тапсырылуы керек. Ал, аталған кебін, мектеп, мешіт сияқты нәрселер жеке кісінің иелігінде емес.

С: Зекетті медресе істерін басқарушыға берудің үкімі қандай?

Ж: Зекет иесі зекетін медресені басқарушыға беріп, кедей оқушыларға таратуды тапсырса болады. Шарты – басқарушы зекетті олардың иеліктеріне тапсырып, таратуы тиіс. Бірақ оқушылардың тамағына, медреселерін жөндеуге немесе мұғалімдер мен жұмысшылардың жалақыларына жұмсауына болмайды.

С: Зекет берушінің зекетін пақыр туыстарына беруіне бола ма?

Ж: Бұл мәселедегі туыстық қатынастар екі түрлі. Біріншісі зекет берушімен арасында әке-балалық туыстық бар: мысалы, ата-анасы, ата-әжелері, балалары, немерелері, ал екінші топқа бірге туысқан ағайындар – аға-інілері, апа-қарындастары, көке-әпкелері, нағашы аға-апалары және осылардың балалары. Бірінші топтағы туыстарға, яғни өзінің ұл-қыздарына, немерелеріне немесе ата-әжелеріне зекет беруге болмайды. Ал, екінші топтағы кедей туыстарына берсе екі есе сауап алады. Біріншіден, зекет парызын өтеудің сауабын, екіншіден, туысқандық қатынасты сақтағандығының сауабын алады

С: Егер мынау зекет малы еді десе олардың алмауы мүмкін. Сонда оларға алдырудың жолы қандай болмақ?

Ж: Оны анықтап айтудың қажеті жоқ. Ішінен зекетті ниет етіп, оларға сый ретінде беруге болады. Шарты – олардың зекет алуға лайықты мұқтаж жандар болуы. Содай-ақ, хашимиттерден (Пайғамбарымыз (с.а.с.) туыстары) болмауы тиіс.

С: Күйеуі әйеліне немесе әйелі күйеуіне зекетін берсе бола ма?

Ж: Әбу Ханифаның айтуынша зекетті бұлай беруге болмайды.

С: Зекетін бай кісіге немесе байдың баласына берсе бола ма?

Ж: Жоқ, болмайды. Өзінің қажеттіліктерінен тыс зекет беретін мөлшердегі мал-мүлкі бар байға, оның жас балаларына беруге болмайды. Ал, енді байдың баласы жасы үлкен әрі мұқтаж болса беруге болады.

С: Кедейлер мен міскіндердің арасында зекет беруге болмайтындары бола ма?

Ж: Иә, хашимиттердің, яғни Пайғамбарымыз (с.а.с.) туыстарының, тіпті, кедей, міскін болса да садақа, зекет алуларына болмайды. Олар - Әлидің (р.а), Аббастың (р.а), Жағыпардың (р.а), Ұқайл әулетінің (р.а), Абдумұталиб ұлы Харис (р.а) әулетінің ұрпақтары.

 С: Егер бұлар өте мұқтаж болса қалай көмектесуге болады?

Ж: Садақа мен зекеттен басқа нәрселермен көмектесуге болады.

С: Зекет беруші өзінің зекетін лайықты деп ойлаған адамына беріп, кейін оның зекет алуға лайық емес – бай не хашимит, не кәпір екенін білсе немесе қараңғыда пақырға беріп, кейін ол пақырдың өзінің әкесі не баласы екенін анықтаса зекетін қайтадан беруі керек пе?

Ж: Ол зекетін орындап, парызынан құтылған болып есептеледі. Қайтадан берудің қажеті жоқ. Бұл Әбу Ханифа мен Мұхаммедтің пікірі.

С: Дені сау әрі кәсібі бар, бірақ мал-мүлкі зекет беретін мөлшерге жетпейтін адамға зекет беруге бола ма?

Ж: Иә, болады.

 С: Зекетін өзі тұратын елден басқа бір елге апарып тарату дұрыс бола ма?

Ж: Негізінде әрбір елдің зекеті сол елде таратылуы тиіс. Зекетін басқа елге апару мәкруһ. Тек ол жақта кедей туыстары тұратын болса немесе ол жақтағы мұсылмандар өз еліндегілерден гөрі мұқтаж болса апаруға болады.

Источник: fatua.kz

Әзірлеген: Е.Хожамұратов

0 пікір