ҚҰРБАН ШАЛУ ЖАЙЫНДА ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
ҚҰРБАН ШАЛУ ЖАЙЫНДА ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
13.07.2020 10:36
2439
0

Құрбан қалай шалынады? Етін қалай таратамыз?

Құрбан шалғанда «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил - хамд» деп тәкбір айтылып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Басқаға өкілеттігін тапсырып сойғызуға да болады.
Иесінің құрбан малының жанында тұрғаны жөн. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап, яғни сауап. Бір бөлігі туған туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала - шағасына, отбасына беріледі.

 

Құрбандыққа шалынған малдың терісін не істейміз?

Құрбанның терісін илеп пайдалануға болады. Бірақ сатуға болмайды, себебі оны сату – мәкруһ. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кім құрбандық терісін сатса, құрбандығы есептелмейді».[1]Алайда, теріні сатып, ақшасын мұқтаж - жетімдерге садақа ретінде беру керек. [2] 

Сондай-ақ, қасапшыға қапсапшылығының ақысы ретінде теріні беру мәкруһ.

 

Қайтыс болған ата-анамның, туған-туыстардың атынан құрбандық шалсам есептеле ме?

Құрбандықты өлген ата - бабаларының атынан да шалуға болады. Қайтыс болған марқұмдардың атынан сойылған мал түгелдей садақа ретінде кедей - кепшікке, жетім - жесірге таратылады.

 

Жылқы малын құрбандыққа шалуға бола ма?

Жылқы малын құрбандыққа шалуға болмайды. Оның басты себебі – Алла Тағаланың Құранда айтқан мына бұйрығы:

وَلِكُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنْسَكًا لِيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُمْ مِنْ بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ ۗ فَإِلَٰهُكُمْ إِلَٰهٌ وَاحِدٌ فَلَهُ أَسْلِمُوا ۗ وَبَشِّرِ الْمُخْبِتِينَ

«Біз әрбір үммет үшін, өздеріне берген малдардан(түйе, сиыр, қой, ешкі), Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар. (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр». [3]

Осы аяттың арапша түпнұсқасында «бәһимәтул әнъам» сөз тіркесі айтылған. Арапшада «бәһимә» сөзі – жануар, мал деген мағынаны білдірсе, «әнъам» сөзі малдың төрт түрін қамтиды. Олар: түйе, сиыр, қой, ешкі. [4] Бұл дегеніміз, аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек т.б. хайуандар – құрбандыққа жарамсыз деген сөз дейді ғалымдар. Мұнда мәзһәб ғұламалары арасында талас жоқ. Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының төркінк осында жатыр.

 

Құрбандықтың малының қандай ағзалары желінбейді?

Еті адал болған малдың мына ағзалары желінбейді: аққан қан, аталық-аналық мүшелері, дорба бездері, қуығы, өті. Өйткені, Алла Тағала Құранда: «..Жақсы нәрселерді олар үшін адал етіп, жек көрінішті жаман нәрселерді харам етті» [5]  - дей келе, таза азықпен азықтануымызды білдіріп тұр. Кейбір адамдар жоғарыда айтылған нәрселердің кейбірін деликатес деп жеуіде мүмкін. Ал шариғатымыз таза болғандықтан, жоғарыдағы ағзалар, жалпы алғанда, адам табиғаты ұнамсыз санайтын нәрселер. Сондықтан оларды жеу – харам. [6] 

Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздан келген мүрсәл хадисте: «Алла Елшісі қойдың мына ағзаларын (харамға жақын) мәкруһ санайтын: аталық-аналық мүшелерін, дорбасын, бездерін, өтін, қуығын, қанын» - делінген. [7] 

 

Құрбандық малын сатып аларда саудаласу күнә мә?

Негізі құрбандыққа мал сатып алғанда, сатушымен саудаласуыңыздың шариғат бойынша ешбір ағаттығы жоқ. Маңыздысы – меңшігіңізге өткен, құрбандыққа жарамды малды сою.

Құрбан айт кезінде мал бағасы шамадан тыс шарықтап кететіндіктен сатушымен саудаласуға немесе арзандау жер іздеуге құқылысыз.

                   Құрбан малының орнына садақа берсем бола ма?

Құрбан шалудың шарты – малды бауыздап, қан ағызуында. [8]  Бұл дегеніміз – құрбандық болып есептелуі үшін міндетті түрде айт күндері мал сойылу керек деген сөз, малдың орнына оның ақшасын садақа етіп тарату арқылы мінлетінен құтыла алмайды. Бұл пәтуа құрбан шалуға міндетті болған байлығы бар кісілерге арналған.

Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. Әл-Хаким: «әл-Мустәдрәк» - «тафсируль суратуль хаж»-3520 хадис. (Сахих)
  2. Ибн Нүжәйм: «әл-Бахрур Раиқ» -8/327 бет.
  3.  Құран Кәрім: Хаж сүресі, 34-аят.
  4. Тәфсируль Бәғәуи: суратуль хадж – 34 аят тәпсірі.
  5. Құран Кәрім: Ағраф сүресі, 157-аят.
  6. Имам Аләуддин әл-Кисани: «Бәдәиъус Санаиъ» - 6/272 бет; Ибн Ғабидин: «әл-Һадия» - 194-бет. Имам Ағзам қанды – харам, ал қалғандары харамға жақын мәкруһ деген.
  7. Байқаһи: «әс-Сунануль Кубра».
  8. Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтар» 9/453 бет.

 

Дайындаған: Арман Айдарғазыұлы

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы

0 пікір