Пітір садақа
Пітір садақа
09.07.2015 18:06
6584
0
Ислам ғылымхалы. Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы

        Пітір сөзі (араб тілінде) – «жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітір садақасын «дененің зекеті» деп атаған.

       Пітір садақасы – күнделікті қолданылатын негізгі қажеттерінен тыс, кем дегенде, нисап мөлшеріндегі (85г. алтын немесе құнына тең) байлыққа ие адамға уәжіп садақа.

       Пітір садақасы Ораза айт күні таң атысымен уәжіп болғанымен, бірнеше күн, тіпті бірнеше ай немесе жыл бұрын беруге де болады. Бұл садақаның Ораза айт намазына дейін берілгені дұрыс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Осындай күнде (айт мейрам күні) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», –деген. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлердің де жұрт қатарлы жадырауын ойлаған Ислам діні – қандай керемет дін!

      Түрлі себептермен аталмыш мерзімнен қанша кешіктірілсе де, пітір садақасы міндетті түрде берілуі тиіс.

      Бір адамның пітір садақасы бір мұқтаж адамға беріледі. Бірақ бір адамның пітір садақасын бірнеше адамға бөліп беруге болмайды. Бірнеше адамның пітір садақасын біріктіріп, тек қана бір мұқтаж адамға беруге болады.

        Пітір садақа қалай өтеледі?

        Ең алдымен жергілікті жердің мұқтаж кедейлеріне берілуі тиіс. Жергілікті жердің мұқтаж кедейлері бола тұра, басқа жердің кедейлеріне беру – мәкрүһ.

       Пітір садақаның мөлшері

      Пітір садақасы мына төрт нәрсенің кез-келген біреуінің өзінен немесе құнынан беріледі. Кедейлердің кез-келген қажетіне ыңғайлы болғандықтан құнын беру – абзал.

1. Бидай немесе бидай ұнының уәжіп болған мөлшері: 1 кг 459 грамм немесе осы мөлшердің құны.

2. Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.

3. Құрғатылған жүзімнің уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.

4. Құрғатылған құрманың уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.

       Ал биылғы пітір садақаның мөлшері 200 теңге көлемінде белгіленді. 

 

 

0 пікір