ҚАСИЕТТІ САПАРДАН ҚАЛҒАН МҰРА
ҚАСИЕТТІ САПАРДАН ҚАЛҒАН МҰРА
31.07.2020 12:07
322
0

Мына фотоның тарихы естіген адамды ынтық­тырары хақ. Мұнда төрт адамның сол жақ шетінде отырған ұлты түрік Мехмет Гүл дейтін ыстанбұлдық кәсіпкер екен. Одан кейінгі басына қозы терісінен тігілген сеңсең тымақ киген жағалы палтолы адам – Жанымхан Тілеубайұлы. Бұл кісі 1888 жылы Шыңжаң-Алтай өлкесінде туған. 1945 жылдары Шығыс Түркістан жұмқыриятының қаржы министрі болған. 1952 жылы Үрімші қаласында атылған. Ал оң жақта шетте отырған қияқ мұрты сұсты адам – Қапан Жәңгірұлы. Бұл жігіт Жанымханның аталас ағайыны. Артқы жақта түрегеп тұрған бозбала – түркиялық қазақ ақсақалы, Дүниежүзі қазақтары қaуымдaстығының Төрaлқa мүшесi болған, «Парасат» орденінің иегері – Дәлелxaн Жaнымxaнұлы Жaнaлтaй. Дәкең 1922 жылы Шыңжаң-Aлтaй жерінде дүниеге келіп, 2012 жылы Түркияда дүниеден өтті.

Бұл фото 1937 жылы Ыстанбұл қаласындағы «Руминя» қонақүйінде түсіріліпті. Бұл қонақ үйдің ерекшелігі, сол заманда қажыға аттанған ортаазиялық қазақ, өзбек, қырғыз ағайындар осында ат басын бұра­ды екен. Қонақүйдің иесі осы фотода тұрған – Мехмет Гүл. Бұл кісі меймандарға жақсы мәміле жасаумен қатар, қазақ-өзбек тілін еркін меңгерген өте бір қайырымды жан болған. Әсіресе тымақтарының құлағы салпиып, бет-әлпеті даланың қоңыр аңындай аңғал-саңғал қазақтарға бүйрегі ерекше бұрып, мейман болған қажылардың бәрін фотоға түсіріп, онысын дара сақтайды екен. 1937 жылы 15 жасында әкесі Жанымханмен бірге қажы­лыққа барған Дәлелхан атамыз осы қонақүйде бір ай жатады. Мейманхана иесі Мехмет бей қонақасы беріп, бұларды фотоға түсіреді. Ол заманда қиыр қонып, шет жайлап жүрген алтайлық қазақтар бұған мән де бермеген. Өйткені ол шамада бұл қазақтар арасында фотосурет мәдениеті қалыптаспаған кез. Сөйтіп, заманның тасы диірмендей тағы бір шыр айналғанда кешегі 15 жастағы қажы бала Дәлелхан Жанымханұлы гоминдан әскерінің полковнигі дәрежесіне көтеріліп, әкесі республиканың қаржы министрі болады. Қытай Халық Республикасы құрылған 1949 жылы ескі биліктің адамдары қуғынға ұшырағандықтан, әкелі-балалы екеуі 1951 жылы шетелге ығысады. Жолай Тибет жеріне келгенде Жанымхан Тілеубайұлы қытай әскерінің қолына түседі. Қалған елді Дәлелхан бас­тап Үндістанға келіп табан тірейді. Сөйтіп, Дәкең жат өлке Кашмирде 18 жыл өмірін өткізіп, 1969 жылы Ыстанбұл қаласына көшіп келеді. Әбден орныққан соң бұдан 32 жыл бұрын ат басын тіреген «Руминя» мейманханасын іздейді. Әуелі өздері келіп түскен портты табады. Отыз жылдың ішінде қала көп өзгеріпті. Портты айлақты жағалап келе жатып бұрынғы қонақ үйді тауып алады. Сол қалпы. Ешбір өзгермепті. Тек маңайындағы үйлер жаңадан тұрғызылған. Содан «ассалаумағалейкүм» деп табалдырық аттайды. Есік көзінде бір жас жігіт отыр. Дәлелхан ақсақал өзін таныстырады. Осылай да осылай 32 жыл бұрын осын­да болғанын, қонақ үйдің иесі Мехмет Гүл деген адам күтіп алғанын... бәрін тізіп шығады. Жігіт айтады: «Мехмет Гүл – ол менің әкем. Бірнеше жыл бұрын дү­ниеден өтті. Жарықтық бақилық болар алдында: «Балам, біздің қонақүйге қажылыққа бара жатқан түркістандық бауырлар көп келетін. Мен олардың бәрін фо­тоға түсіріп жинап жүрдім. Түбі біреулер іздеп келер болса мына сандықтағы суреттерді көрсет» деп аманат айтып еді» дейді де, Дәкеңнің қолына сурет толы сандықты ұстатады. Дәлелхан ақсақалдың отыз неше жыл бұрын фотоға түскені тіпті есінде де жоқ, немқұрайдылау ақта­­рып отырып, мына суретті тауып алады. Әкесі және Қапан ағасы, өзі тұр. Осылай бұл фото арада 32 жыл өткенде қасиетті сапардың куәсіндей ғайыптан табылған екен. Дәлелхан атамыз сандық толы фотолар ішінде патша заманында қазақ даласынан қажылыққа барған адам­дардың бәрінің суреті сақталыпты деген екен. Егерде жөн білетін біреулер болса, Ыстанбұлдағы «Руминя» қонақ үйін тауып, Мехмет Гүлдің мұрагерлерінде сақтаулы тұрған сандықты алар ма еді. Өйткені онда Құнанбайдан бастап бірқатар қажы аталарымыздың бейнесі сақталуы мүмкін ғой. Бұл сөзімізге дәлел – 1904 жылы Меккеге қажылыққа барған әйгілі Зуқа батырдың қазіргі таңда көп таралып жүрген фотосын ұрпақтары осы сандықтан тауып алған жоқ па?!.


Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ


 

0 пікір