ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРҒЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?
ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРҒЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?
01.08.2018 11:10
2445
0

Қажылық жайлы көркем фильмдерді көрген сайын: «мен қашан барады екенмін?» деген ойда қалатынымыз сөзсіз. Олай болса, Алланың үйіне сапарға дайын болайық.

Қажылық сапараға ниет еткен жандар жолға жүруге аз уақыт қалғанда ғана дайындықты бастап жатады. Егер расымен де, жер бетінің барша мұсылманы тең тұрып құлшылық етіп жатқан көріністі көзбен көруге асықсаңыз, онда дайындықты бастаңыз. Ең алдымен

Ниет

Ниет онсыз да жасалады дегенмен, оның маңыздылығын ұмытпау керек. Алла елшісі ﷺ:

«Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Алла мен Оның елшісіне  қоныс аударатын болса, онда ол Алла мен Оның елшісіне қоныс аударған болып табылады. Ал кім қол жеткізетін дүние немесе үйленетін әйел үшін қоныс аударса, онда ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)»,- деген. (Сахих Бұхари)

Бұл хадисте ниеттің маңыздылығы мен пайдасы сөз етіліп тұр. Ендеше, діннің өзі осы хадис шеңберінде десек артық айтпаймыз, тіпті әрбір еңбек, әрбір дәрістер осы ескертумен басталатынына талас жоқ. Ғалымдардың пікіріне сай бұл хадис адам баласының амалдары жүрек, тіл және денемен жүзеге асатынына негізделген. Сондықтан да жүрекпен жасалған ниет – амалдың үштен бірі болып табылады.

Егер мұсылман адамның ниеті дұрыс болған болса, онда қажылық сапарға дейін өмірден озған жағдайда Алланың қалауымен, қажылық парызын өтегендей сауапқа ие болады.

Қаржы жинау

Қажылық сапарға аттану үшін, әлбетте ақша қажет. Негізінде қажылық – бұл дүниедегі ең қымбат жетістік болғандықтан, оған жауапкершілікпен қарап, осы сәттен бастап қаржы жинау қажет болады. Әр тараптан ұсынылатын жолдарын қарастырып, өзіңіздің шамаңыз бен денсаулығыңызға лайықты жолын таңдаған жақсы.

Қажылық – қаражатты ғана емес, тәжірибені де талап етеді, сол себепті сапарға қай уақытта шығуды, қандай қонақ үйге тоқтауды, топпен барасыз ба, қосымша қанша қаражат қажет болуы ықтимал барлығы жіті есептелуі шарт.

Айта кету керек, кейбір қажылық компаниялары ұсынған қызметтің ішіне зиярат жасау, Араб Әмірлігі ішінде телефон желісінің шығыны, ихрам кіреді.

Тағы бір маңызды жайт – қарыз. Егер қарыздарыңыз болса, ең алдымен солардн құтылудың жолын қарастырыңыз. Сапарға аттанбас бұрын өтеңіз не болмаса қарыз беруші адаммен жолға шықпас бұрын келісіп, қарыз уақытын созып алыңыз. Әрбір пенденің басында бір қиындығы не қарызы бар, ал оларды шешіп, қарыздан құтылуға асығу- қажылық сапарының құндылығын арттыра түседі.

Ыңғайы келсе қажылық сапарыңызға арнап жинақ қорын ашып қойыңыз (копилка, конверт, т.б.). Аз да болса күнделікті, ай сайынғы тұрақты жиналатын қаржы – үлкен жеміс.

Алла Тағаладан баршамызға Өзінің үйіне қонақ болуды нәсіп етсін!

2-бөлім

Мекке мен Мәдинаның тарихын оқыңыз

Тарихи жердің ажарын аша түсетін бір жайт ол – ардақты пайғамбарымыздың ﷺ өмір жолымен таныс болу. Әрине, кітап оқу біраз уақытыңызды алатыны анық. Дегенмен, егер әз елшінің ﷺ өмір жолымен танысар болсаңыз, қажылығыңыз ғибратқа толы, естен кетпес құлшылық сапары болары сөзсіз. Әдеттегі қажылық пен естен кетпес қажылықты айырар тұс осында. Ол үшін мысалы:

«Омар ибн әл-Хаттаб» атты сериалды көруге болады. Бұл фильм екінші әділетті халифаның тұсындағы оқиғалармен таныс болуға көмектеседі. Сериал 30 сериядан тұрады, жалпы алғанда 23 сағат уақытты құрайды. Бірақ фильмді көруге жіберген әрбір минутыңыз зая кетпейтінін айта кетейік.

Пайғамбарымыздың ﷺ өмірбаяны жайлы аудио дәрістер тыңдауға да болады.

Әз елші жайлы жазылған кітаптар оқыңыз.

Намазды түсініп оқуға тырысыңыз

Кез келген мұсылман баласының күнделікті құлшылығы – намаз. Пайғамбарымыздың ﷺ  үлгісімен орындалатын бұл құлшылық түрін күніне бес уақыт орындаймыз.

Намаздың түгелдей пайдасын көріп, оны мұқият әрі зейін қойып атқару үшін қолдан келген бар мүмкіншілікті жасауымыз қажет. Намаз үстінде айтып тұрған сөзіміздің мағынасын түсініп қана қоймай, құлшылық кезінде әрбір сөзіміздің астарына үңілгеніміз жөн. Намаз – ой жүгірту, пайымдау десек те болады. Намаз – Алла үшін дүниемен бір сәтке қош айтысу. Бұл жағдайға намаздағы тіліміз айтып тұрған сөздердің сыры мен мағынасын түсінген кезде ғана қол жеткізе аламыз.

Туған-туыс, жақындардан кешірім сұраңыз

Кез келген отбасыда кикілжің жоқ емес, егер қажылыққа бару ниетіңізде болса, туыс-жақындармен болған кикілжіңнің нүктесін қою басты міндетіңіздің бірі болып саналады. Тіпті сізді нақақтан ренжіткен болса да өзіңіз мұрындық болып бірінші қадам жасаңыз.

Есіңізге сала кетейік, ислам діні туыстық қатынасты үзуді үлкен күнәлардың қатарына жатқызады. Алла елшісі:

«Туыстан безген жәннатқа кірмейді”,- деген.

Сондықтан, араңыз алшақтаған жандар болса уақыт тауып хабарласып қойыңыз. Сонда ғана үстіңізден ауыр жүк түскендей жеңілдікті сезіп, сапарға алаңсыз аттануға дайын боласыз.

Алла Тағала Өзінің үйінде қонақ болуды баршамызға нәсіп етсін! Әмин!

 

  muftyat.kz

 

 

0 пікір