Қажылық ғибадатының пайдалары мен хикметтері
Қажылық ғибадатының пайдалары мен хикметтері
08.08.2015 14:22
1750
0

       Шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты – парыз. Алла Тағала өзінің әмірлерін орындаған құлдарын ақыретте сый-сыяпатқа бөлейтіні туралы уәде еткен. Кешірім тілеген әрбір шынайы құл бұл парызда ғұмыр бойы іздеген асыл арманын таппақ. Ол – күнәсінан жаңа туған сәбидей арылу, тазару. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде қажылықтың қарымы – жәннат екенін айтқан: «Бір умра екінші умраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал, қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат».

       Ендеше, қажылықтың бізге тигізер пайдасы жайлы айтсақ:

       1. Қасиетті топыраққа бару Пайғамбарымыздың (с.а.у.) және атақты сахабалардың қаһармандықтарымен танысу жүрегімізге жаңару, рухани өмірімізге үлкен серпін әкеледі. Мыңдаған қасиетті естеліктердің қазынасы және Алланың сүйікті Елшісінің (с.ғ.с.) исі сіңген топырақтың әрбір бұрышында теңдесі жоқ әлемнің нұрлы сыры жатыр. Өлі жүректер тіріліп, мұсылмандар жап-жаңа жан рақаты мен қуанышына кенеледі.

       2. Қажылық кезінде адамдардың ағылып әр құрлықтан келуі психологиялық тұрғыдан адамның дүниетанымын кеңейтіп, оның тағы бір беймәлім қырын аша түседі. Осы наным-сенімді ұстанып, соның үкімін атқарып жүрген жалғыз мен емес екенмін деген ой қалыптасады. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан әр тілде сөйлейтін, әр түсті, мемлекет басшысынан бастап қарапайым халыққа дейін бай-кедей әр ұлт өкілінің бір жерде бас түйістіріп, қасиетті Қағбаның алдында ерекше бақытты күй кешіп, аппақ ихрамға оранып, бір зікірді қайталап қажылық парызды атқаруы мұсылман жұртшылығының өзара ынтымағы мен бірлігін күшейтіп, иманын нықтай түседі.      

       3. Дүниенің шартарабынан келген мұсылмандар мынаны ұғады: «Бәріміздің де Жаратушымыз бір, Ризық беруші Иеміз бір, Құлшылық етушіміз де бір. Дініміз де бір. Пайғамбарымыз да бір. Құбыламыз да бір...». Иә, бұлардың барлығы – ғалам мен планеталарды бір-біріне жалғап тұрған рухани шынжыр іспетті жеке адам ретінде әрі мемлекет ретінде Ислам әлемінің бірлігі мен ынтымақ, татулығына негіз болатын байланыстар.

       4. Қажылық – мұсылман ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Неге десеңіз, мұсылман ұлттар қажылық кезінде бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шәкірт, шен-шекпен жағынан кім болса о болсын барлық дүниелік атақ-лауазымдарын бір жаққа ысырып қояды. Киімдерін шешіп бәрі бірдей аппақ ихрам киеді. Басқа мұсылман бауырларынан ажыратқысыз кейіпке еніп, ешбір айырмашылықтары болмайды. Алла Тағала: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Шындығында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Күмәнсіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» - деген («Хужурат» сүресі, 13-аят).      

       5. Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін мектеп. Үздіксіз ғибадат жасату арқылы нәпсінің тізгінін тартып ауыздығын салады, мұсылман бауырларды бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытуға үйретеді. Жақсылық пен жамандықтың арасалмағы бағамдалып, Алланың дұшпаны мен досының ақ-қарасы ажыратылады. Шайтанға тас атқан кезде, Қағбаны тауап еткенде, Мәдинаға ат басын бұрғанда, қара тасқа сәлем салғанда осындай терең ой құшағында тербеліп, ішкі жан сарайымыз тазарып сала береді.

       6. Алғашқы мұсылмандардың уахидың таңғажайып күйіне елітіп, әсемдіктерінен сөз етіскендігі, әр бірі Құранның түсіндірмесі секілді адамзатқа ұмытылмас әсер қалдырғаны, осы қасиетті топырақта небір жанкештілік қимыл-әрекет, дархан мінез, өнегелі өмір іздері қалғандығы мұсылмандардың көз алдынан тізіліп өтіп, санада қайта жаңғырады. Мұсылман қажылардың рухын биіктетіп, шабытын шарықтатады.

       7. Жалғыз өзі бір үмбетті құраған хазреті Ибраһим мен ұлы Исмайылдың ғибратты ғұмыры, соңғы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көктегі періштелердің өзін қызықтырған өнеге-үлгісі, иманын қызғыштай қорғап өмір мен өлімнің арасында ажалмен арпалысқан даңқты сахабалардың ерліктері – бәрі де тізбектеліп қажылық кезінде көз алдыңыздан өтіп жатады. Оған қоса, Алла разылығы үшін сәбиін көтерген күйі жолға шыққан ананы да, Алла разылығы үшін деп жанын қиған асыл перзентті де, аяулы ұлын Алла разылығы үшін сапарға аттандырған әкені де, діндар күйеуінің бір сөзін екі етпей бағынған ананыда – бәрін осы аймаққа келіп қажылық жасағанда еске түсіресіз.

 

0 пікір