Қажылық
Қажылық
05.05.2015 14:43
3514
0
Ислам ғылымхалы

       «Қажылық» сөздікте қасиетті орындарды зиярат ету деген мағына береді. Ал діни терминологияда «Арафат тауында ғибадат ниетімен бір уақыт тұру, одан соң шарттарына сай тауап ету арқылы Қағбаға зиярат жасау» дегенді білдіреді.

       Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, жамағат! Алла тағала сендерге қажылық жасауды парыз етті, қажылық жасаңдар» дейді, сонда сахабалардың бірі: «Бізге жыл сайын қажылық жасау парыз ба?» дегенде Алла елшісі: «Егер «Иә» дегенімде, сендерге жыл сайын қажылық жасау парыз болар  еді. Бірақ оған шамаларың жетпес еді», - деп қажылықты жыл сайын емес, бір рет жасау жеткілікті екенін ұқтырды. Алайда біреуден көп жасағысы келгeндерге шектеу жоқ.

       Парыз қажылық «Хаж акбар» (үлкен қажылық), ал ұмра «Хаж асғар» (кіші қажылық) деп аталады. Шамасы жеткен әрбір мұсылман үшін өмірінде бір рет қажылық ғибадатын жасауы – парыз, ал ұмра ғибадатын жасауы –сүннет.

       Қажылық Сауд Арабиясының Мекке қаласындағы Қағба-муаззамада жасалады. Қағба-муаззама – Алла тағаланың әмірімен Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың Мекке қаласында алғаш тұрғызған төрт бұрышты биік ғимараты тұрған қасиетті орын. Бұл жер – бүкіл мұсылман баласының құбыласы. Муаззама – Бәйтулла, Харам шариф және Мәсжидүл  Харам аталатын мешіттің ортасында орналасқан. Жеті мұнарасы, көптеген қақпалары, ішінде мінбері, Зәмзәм құдығы және Ибраһим пайғамбардың орны бар.

0 пікір