قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ اللهَ تَبَارَكَ وَتَعَالَى فَرَضَ صِيَامَ رَمَضَانَ عَلَيْكُمْ وَسَنَنْتُ لَكُمْ قِيَامَهُ فَمَنْ صَامَهُ وَقَامَهُ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا خَرَجَ مِنْ ذُنُوبِهِ كَيَوْمِ وَلَدَتْهُ أُمُّهُ. (ن)
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Шүбәсіз, Алла Тағала Рамазан оразасын сендерге парыз қылды. Мен де түнінде тұруды (тарауихты) сүннет қылдым. Кімде-кім сеніп, сауабын Алладан үміттеніп бұл айдың оразасын ұстап, түнінде тұрса, анасынан жаңа туғандай күнәларынан тазарады». (Сүнән Нәсәи)
Тарауық намазы Рамазан айына тән, жиырма ракағаттан тұратын сүннет намазы. Бұл намазды Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен төрт халифа (р.анһум) үзбей оқыған. Тарауықты жамағатпен оқу – сүннет кифая. Мешітте тарауық намазы жамағатпен оқылып жатқанда, себепсіз жамағатты тастап, үйінде оқыған жан абзал істі тастаған болады. Ол үйінде жамағатпен оқыса, жамағат сауабын алады да, мешіттегі жамағаттың сауабынан құр қалады.
Тарауық намазын әр екі рәкағатта бір сәлем беріп, он сәлеммен бітіргеннің ізгілігі молырақ. Төрт рәкағатта бір сәлем беріп те оқуға болады. (Жамағатта шафиғи мәзһабынан біреу болса, екі рәкағатта бір сәлем беріп оқу керек.)
Тарауық намазы екі рәкағатта бір сәлем берілгенде ақшам намазының екі рәкағат сүннеті секілді оқылады. Төрт рәкағатта бір сәлем беріліп оқылатын болса, құптан намазының төрт рәкағат сүннеті тәрізді оқылады.
Жамағатпен оқылған жағдайда жамағат әрі тарауыққа, әрі имамға ұюды ниет етеді, ал имам дауыстап оқиды. Тарауық намазын дауысы әдемі, тез оқитын емес, тәжуидке сай оқитын имамның оқытқаны дұрыс.
Кімде-кім имам құптан намазын бітіріп, тарауыққа бастаған кезде мешітке келсе, әуелі құптан намазын оқиды. Сосын тарауық үшін имамға ұяды. Жамағатпен тарауық оқылып біткеннен соң, тарауихтың кем ракағаттарын толықтырады. Сонан соң үтір намазын жалғыз өзі оқиды. Дұрысы сол. Сондай-ақ, үтір намазын имаммен бірге оқыған соң тарауықты аяқтауға да болады.
Тарауық намазын имаммен оқымаған адамның үтір намазын имаммен оқуына болады. Не имам, не жамағат құптан намазын жамағатпен оқымаған болса, жалғыз тарауық намазын жамағатпен оқи алмайды. Өйткені, тарауықтың жамағаты парыздың жамағатына бағынышты.
Тарауық оразаның емес, уақыттың (Рамазан айының) сүннеті. Орынды себеппен ораза ұстай алмағандар да, тарауық намазын оқуға тиіс.