قَالَ اللّٰهُ تَعَالَى: يَٓا اَيُّهَا الَّذِينَ اٰمَنُوا تُوبُٓوا اِلَى اللّٰهِ تَوْبَةً نَصُوحًا... الآية. (سورة التحريم، 8)
Алла Тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Шынайы түрде Аллаға тағалаға тәубе етіңдер». (Тахрим сүресі, 8-аят)
Тәубе – дініміз қолдамаған, әрі тыйым салған нәрселерді тастау, мақтаған әрі әмір еткен нәрселерге бет бұру. Адал көңіл, кіршіксіз ниеттен шыққан тәубе насух тәубе аталады. Насух – өте таза, ең адал немесе ең пайдалы дегенді білдіреді. Насух тәубе – пенденің жасаған күнәлары үшін, тек Алланың ризашылығына қайшы болғаны үшін, енді қайталамауға ниеттенуі, нәпсісін соған үйретіп, енді оған оралмауға шешім қабылдауы.
Ақылды адамға жарасатыны күнәлардан аулақ болып Раббына бет бұру, сонда ол Алла тағаланың ризашылығына қауышып, ақырет азабынан құтылмақ. Адам әрқашан нәпсісінен есеп алуға тиіс. Әсіресе, Режеб, Шағбан және Рамазан секілді мүбәрак айларды олжа санап, уақытты пайдасыз іспен өткізбеу керек.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан: «Режеб – Алла тағаланың айы. Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы».
Құдіретті Алла Режеб айының әр түнінде былай дейді: «Ай – менің айым, құл – менің құлым, рақым да менікі. Бәрін жаратқан менмін. Менен кешірім өтінгенді кешірушімін».
Хадисте былай келеді:
«Намазды уақыты өтпей оқуға асығыңдар. (Ал бір күнә жасағанда) ажал жетпей тәубе етуге асығыңдар».
«Режеб айында истиғфар айтуды көбейтіңдер. Өйткені Алла тағала Режеб айының әрбір сәтінде сансыз адамды жаһаннамнан азат етеді. Құдіретті Алланың Жәннатта алтыннан салған неше түрлі сарайлары бар, оған тек Режеб айында ораза ұстағандар кіреді».
Режеб – қайыр мен берекет айларының кілті. Амал дәптерін күнәлармен қаралаған адамға жарасатыны бұл мүбәрак айда оны тәубемен тазарту. Өмірін ғапылдықпен, жалқаулықпен зая өткізген адам бұл айды олжа біліп, қалған өмірін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетіне сай өткізуге тиіс.