Рамазанға дайынсыз ба?
Рамазанға дайынсыз ба?
03.04.2017 18:30
5203
0

Айлардың сұлтаны, қасиетті Рамазан айы келе жатыр. Ендеше, сауаптар еселеніп жазылатын ұлық айға дайындығымыз қай деңгейде? Отыз күн ораза тұтуға әзірсіз ба?

Биылғы Рамазан 27 мамырда басталады. Демек, ораза жаздың ыстық күндерімен орайлас келеді. Бірақ, аптап ыстық болады екен деп ауыз бекітуден бас тартуға болмайды. Бастысы, сабырлылық танытсаңыз болғаны. Себебі, ғалымдар сабырдың үш жағдайда адамға өте қажет екенін айтқан. Яғни, күнә істемеуге, тағдырдың қиындықтарына және құлшылық жасауға сабыр керек. Ал Рамазан – құлшылық айы.

Жалпы, Рамазанға деген дайындық Ережеп айынан басталады. Себебі, Ережеп Шағбанды, Шағбан Рамазанды сүйіншілейді. Осы бір үш айдың мұсылман өмірінде айырықша мәнге ие болуы да сондықтан. Ислам ғалымдары Ережеп пен Шағбанның Рамазан айына деген рухани дайындықты пысықтауда маңывзы зор екенін айтқан. Әсіресе, Ережеп айында ғайбат сөйлеуден, өсек, өтірік айтудан тыйылу керек. Есесіне, Аллаға зікір етіп, Пайғамбарымызға салауат айтудың сауабы көп. Ережеп пен Шағбанды жақсы өткізген мұсылман Рамазан айын толық дайындықпен қарсы алады.

Рамазан – қайырымдылық айы. Ендеше, бұл айда имандылықты насихататудың бірден бір жолы – қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру. Мұндай игі істерге шамасы келгендердің барлығы дерлік атсалысса – жақсылық. Жақсылық жасауда жарысу керек деген сөздің астарын үлкен мән бар.

Жұртшылыққа Рамазан айының жақындағанын сүйіншілеу үшін қала көшелеріне өнегеге толы баннерлер, құттықтаулар орнатудың маңызы зор. Бұл ұсақ-түйек болып көрінгенімен, қасиетті айдың қадір-қасиетін арттыра түсінетін қадам.

Ендеше қасиетті Рамазанға деген дайындықты бүгіннен бастайық!

 

Павлодар қалалық

«Ақмешіт» мешітінің наиб имамы

Утепов Асхат Қажымұратұлы

0 пікір