РАМАЗАНҒА ДАЙЫНДЫҚ ШАҒБАН АЙЫНАН БАСТАЛАДЫ!
РАМАЗАНҒА ДАЙЫНДЫҚ  ШАҒБАН АЙЫНАН БАСТАЛАДЫ!
26.03.2020 10:57
692
0

Бүгін Шағбан айының бірінші жаңасы!

Баршамызды Шағбан айына есен-аман жеткізген Жаратушы Жаббар Иемізге сансыз шүкірлер болсын!

Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар»,- дейді.  («Ахзаб» сүресі, 21- аят)

Шағбан айы келгенде ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) ораза ұстайтын.  Әз елші (с.ғ.с)  бірнеше күн ауыз бекітіп, бірнеше уақыт ораза ұстамай жүргені жайлы хадистерден білеміз:

«Алла елшісі кей уақытта жиі ораза тұтатын, бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз, ал кей кездері мүлде ораза ұстамайтын сонда «ораза ұстамай кетті» дейтін едік. Алла елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, Шағбан айындағыдай өзге айдың көбін оразамен өткізгенін көрмедім».

Шағбан айы- пенденің жасаған амалдары Алланың құзырына көтерілетін ай. 

Біздің жасаған барлық амалдарымыз, бәлкім, бір жылдық амалдарымыз Шағбан айында Раббымыздың құзырына көтеріледі. Ендеше, жыл бойы Алла разы болатын қандай амал жасағанымызды еске алайық.

Шағбан айының ортасында қасиетті «Бәрәт түні» бар. Пайғамбарымыз(с.ғ.с)  бұл түн жайлы:

«Алла Тағала Шағбаны айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да, барлығының күнәсін кешіреді. Теқ қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді»

Көрнекті табиғин Имам Ата ибн Ясар: «Қадір түнінен кейінгі ең қастерлі түн Шағбан айының ортасы толғандағы түн»,- деген.

Имам Шафии болса: «Алла Тағала пендесінің дұғасын мына бес түнде жауапсыз қалдырмайды деп естідім: жұманың түні, айт күндерінің түні, Режеб айының алғашқы түні және Шағбан айының ортасы толғандағы түн»,- деген.

Көпшіліке танымал табиғиндер мен ғалымдар, соның ішінде әл-Бұхаридің ұстазы, хадис білгірі әрі ғалым Исхақ ибн Рахауайх, әл-Аузаи және Ибн Ражаб бұл түні Жаратушыға көп құлшылық етіп, кешірім тілеуге кеңес берген.

Хақ Тағала бізді өміріміздің әрбір сағатында сынауда. Құранда бұл жайлы:

«..Міне, біз ондай күндерді Алла шынайы мүміндерді анықтасын, сондай- ақ араларыңнан бірқатар куәгерлер таңдап алсын деп адамдар арасында алма-кезек ауыстырып тұрамыз»,- деген. (“Әли Имран» сүресі,140 -аят)

Уақытты босқа жіберуден гөрі Құран оқуды үйренген әлдеқайда пайдалырақ. Алдымызда Құран айы да  келе жатыр.

Салма ибн Кухейл әл-Куфи Құран оқудың маңыздылығын айта келе былай деген: «Бұрынырақта Шағбан айы келген кезде мұсылмандар Құран оқуды қолға алатын. Сол себептен де бұл ай «әл-Қурра» деп аталып кеткен».

Шағбан – Рамазанға рухани әрі физикалық тұрғыда дайындық жасайтын ай. Шағбан айында көпшілігіміз ниетімізді түзеуді қолға алғанымыз жөн. Себебі амалдар ниетке байланысты деген сөз бар. Өкінішке орай, көптеген жандар Рамазан айында ораза ұстаудың қиынға соғатынын айтып жатады. Өйткені, тән мен жанның ораза тұтуға дайын болуы үшін біраз уақыт жаттығуы қажет болады. Жүз метр қашықтыққа жүгіру жарысына дайындықсыз барған адам тез шаршап, орта жолда қалып қоятынындай, Рамазанға дайындықсыз аяқ басқан адамның халі де осыған ұқсас болмақ.  Хасан Басри уақытты бос өткізбеу жайлы: “Уа, адам баласы! Расымен де, сенің әр күнің үйіңе келген қонағың іспетті, олай бола оны құрметтеу- міндетің»,- деген екен.

Алла Тағала баршамызға Шағбан айын тәубе етумен, ораза тұтумен әрі Құран оқумен өткізуге, бүгінде әлемді үрейлендіріп жатқан жаман індеттің жойылып кетуін, науқастардың тез жазылып кетуіне жеңілдік берсін!

 

Жолдас ҚОСПАҚҰЛЫ,

Павлодар облысының бас имамы

0 пікір