ҚАДІР ТҮНІ - «ҚАДІР» СҮРЕСІ
ҚАДІР ТҮНІ - «ҚАДІР» СҮРЕСІ
23.04.2021 08:03
6305
0

Сүре атауы аяттағы «Қадір түні» сөзінен алынған. Оның мағынасы «күші жету», «үкім», «тағдыр», «абырой», «ұлылық» дегенге саяды. Меккеде түскен бұл сүре бес аяттан тұрады:

إِنَّآ أَنزَلۡنَـٰهُ فِى لَيۡلَةِ ٱلۡقَدۡرِ

وَمَآ أَدۡرَٮٰكَ مَا لَيۡلَةُ ٱلۡقَدۡرِ    لَيۡلَةُ ٱلۡقَدۡرِ خَيۡرٌ۬ مِّنۡ أَلۡفِ شَہۡرٍ۬

تَنَزَّلُ ٱلۡمَلَـٰٓٮِٕكَةُ وَٱلرُّوحُ فِيہَا بِإِذۡنِ رَبِّہِم مِّن كُلِّ أَمۡرٍ۬

سَلَـٰمٌ هِىَ حَتَّىٰ مَطۡلَعِ ٱلۡفَجۡرِ

 

«Расында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік

Қадір түнінің не екенін білесің бе?

Қадір түні мың айдан да қайырлы

Сол түні Раббысының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі

Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады».

 

Тәпсірі

 1.     «Расында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік». Біз осы мұғжиза Құранды қадірі мен беделі үстем бір түнде түсірдік. Тәпсіршілер: «Құран «Зікірден» бөлініп, аспан әлеміндегі «бәйтул-иззаға» (ізет үйі) түсірілді. Содан кейін Жәбірейіл оны Алла елшісіне (с.ғ.с.) түсіре бастады» деген дерекке сүйеніп, оның аспан әлемінен түскендігін мақұлдайды. Құранның Қадір түнінде түсірілуі сол түнде түсіріле бастады деген де мағына береді.

          Кейбір ғалымдар Қадір түнін «тағдыр түні» деп жорамалдаған. Кейбірі Қадір абырой, бедел мағынасына келетіндіктен «қасиетті түн» деп те түсіндіреді. Басқа ғалымдар Қадірді «тарылту» мағынасы дейді. Өйткені, сол түні түскен періштелерге жер беті тар болмақ.

2.     «Қадір түнінің не екенін білесің бе?». Қадір түні деген не? Қадір түнінен сен нені ұқтың? Бұл жерде сол түннің маңыздылығын көрсету мақсатында айтылған. Яғни, қандай түн екенін білдірмесек оның қадірін біле алмас едің. Бірақ, оның қадірін Біз білдірдік.

3.     «Қадір түні мың айдан да қайырлы». Осы түні жасалған амалдар мен құлшылықтар және Хақ тағаланың ризалығын алу жолындағы өзге де амалдар Қадір түні болмаған мың айда жасалынған амал, сауапты істер мен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ.

4.     «Сол түні Раббысының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі». Осы түні жер бетіне Рухпен бірге періштелер түседі. Тәпсіршілердің көпшілігінің ойынша ол Рух – Жәбірейіл. Кейбір ғалымдар Рух – өте алып періште деп жорамалдаған. Егер ол көктер мен жерді жұтса оған бір шайнам ғана болар еді деп түсіндірген.

         «Раббыларының рұқсатымен». Періштелер Хақ тағаланың жарлығынсыз қанаттарын да қимылдата алмайды. Бірақ бұл жерде осы істің аса маңыздылығына назар аудару мақсатында айтылған.

        «Әр әмірден». Яғни, сол түні әмір берілген әрбір іс үшін деген сөз. Олардың істері әрқашан да жақсылық, періштелер жамандыққа аттап баспайды. Олар жақсылық өлшемінде өмір сүреді. Соны білдіру үшін былай дейді:

5.            «Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады».  «Сәләм», яғни бейбітшілік, есендік, амандық деген сөз. Ол – Алланың жіберген сәлемі. Періштелер мұсылмандарға бұл түні сәлем беріп тұрады. Өйткені, періштелер түннен таң қылаң бергенге дейін топ-топ болып жер бетіне түсіп, таң ағарғанға дейін сәлем берулері толастамайды. Аяттағы «сәләм» амандық, саламат мағынасында берілген.

«Сол түні таң бозарып атқанға дейін». Мұнда осы түні Құран түсе бастағандықтан мұсылманға Құран оқып, нәпіл және қаза намаздарын оқып, дұға етіп өткізуі насихатталған.

          Міне, осылайша Алла тағаланың Қадір түнінде бізге берген мүмкіндігін қалт жібермеуге тырысып, жақсы амалдарымызбен мол сауапқа кенеле берейік!

Мұхитдин Исаұлы

0 пікір