Қадір түні жайлы сахабалардың тұжырымы қандай?
Қадір түні жайлы сахабалардың тұжырымы қандай?
27.05.2019 14:21
829
0

Қадір түні рамазан айының 21, 23, 25 және 27 күндері болатындығы жайлы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен әртүрлі риуаяттар бар. Әбу Сағид әл-Хұдри Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Сендер оны (қадір түнді) соңғы он күннің тақ күндерінен іздеңдер» деп әрбір тақ күннің қадір түні болуы мүмкін екендігін айтады. Имам Әбу Бәкір әл-Жассас: «Бұл хадистердің бәрі сахих саналады. Қадір түні бір жылы рамазан айының соңғы он күнінде кездессе, басқа бір жылы ортанғы он күнінде немесе алғашқы он күнінде болады. Тіпті, жылдың рамазан айынан басқа белгісіз бір түндерінде де болады… Сол себепті, біздің асхабымыз (Ханафи мәзһабының ғалымдары): «Бір адам әйеліне: Сен қадір түні талақсың» десе, бір жыл толық өтпейінше әйелі талақ болмайды. Өйткені, қадір түннің нақты бір уақыты белгілі болмағандықтан күмән бар. Күмән бар жағдайда талақ түспейді. Бір жыл толық өтуімен күмән кетеді, талақ түседі»[1] деп әрбір түнді қадір деп қадірлей білу керектігін айтады. Әйтсе де, басым көпшілік ғалымдар бұл қасиетті түн рамазан айының 27-ші түні деп қарастырады. Бұл туралы Мұхаммед ибн Кәғб әл-Қарзи Ибн Аббастан жеткізген риуаятта: «Омар ибн Хаттаб (р.ғ) бір топ мүһәжир сахабалармен болған бір отырыста әңгіме қадір түні туралы болды. Әркім білгендерін айтып жатты. Бірде Омар: «Уа, Ибн Аббас! Неге сөйлемей отырсың? Қанеки сен бұл түн жайлы не айтасың?», – деді. Ол: «Уа, мүміндердің басшысы! Ақиқатында Алла дара, тақ. Тақты (санды) жақсы көреді. Дүниенің күндері (санауы) жеті санда айналады. Ризығымыз жеті нәрседен тұрады. Адам баласының жаратылуы жеті сатыдан өтеді. Төбемізде жеті қат аспан, астымызда жеті қат жерді жаратты. Қайталанып оқылатын жеті аятты (фәтиха сүресін) берді. Өзінің Кітабында жеті түрлі жақын туысқандарға некелесуден тыйды. Өз Кітабында мирасты (мұра) жеті түрлі адамға бөлді. Сәждеде жеті мүшемізді жерге тигіземіз. Алла елшісі (с.ғ.с) Кағбаны жеті рет тауап етті, Сафа мен Маруа арасына жеті рет жүгірді және шайтандарға жеті рет тас атты. Сол себепті, қадір түні рамазан айының соңғы күндерінің жетіншісі деп білемін», – дедім. Омар (р.ғ.) таңғалыспен: «Маған бұл жас баланың көзқарасы ғана сәйкес келді»,  – деді»[2] делінген.

Самет Оқанұлы, исламтанушы

kazislam.kz 

 

 [1] Әбу Бәкір әл-Жассас, Әхкамул Құран, Жассас, 3-том, 640-641 б.

 [2] Мажди Баслум, Тәуилатүәһлис сүннати тәфсирул Матуриди, 1-том, 236-бет.

 

0 пікір