Пайғамбарымыз (с.ғ.с) уақытындағы рамазанның күндері мен түндері
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) уақытындағы  рамазанның күндері мен түндері
05.06.2018 17:57
1529
0

Хижрет/құтты көштен кейін пайғамбарымыз және сахабалардың өмірі түбегейлі өзгерген еді. Пайғамбарымыз алдымен Ясриб/Мәдинаның орталығына бір мешіт салдырды. Өз үйіде мешітке қоржынбас болып қаланды. Мекке кезеңінде көбінесе иман және ғибадатқа байланысты аяттар түссе, құтты көштен соң ғибадат әлеуметтік әрі эконамиклық өмірге байланысты үкім аяттар түсе бастады. Аталмыш аяттардың біреуі осы ораза ұстауға байланысты үкім болатын. Ол бұйрық:

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақулыққа жетерсіңдер» (Бақара 2/183). «(Сол санаулы күндер), адамдар үшін тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін.»(Бақара 2/185). Ол кезде адамдар жаңа айдың басталғанын әрі аяқталғанын айға қарап анықтайтұғын еді. Пайғамбарымыз рамазан айының нақты анықталуын қалап, бұл мәселеде адамдардың селқостық жасап, рамазаннан бір-екі күн бұрын ораза тұтып бастауға жол бермейтін. Өйткені бұл аталмыш ораза Аллаһтың әмірі және ғибадаттың басталуы аса маңызды болатын. Осыған байланысты пайғамбарымыз былай бұйырды: «Рамазанды, бір немесе екі күн бұрын ұстап қарсы алмаңдар. Бірақта бір кісі оданда бұрын ораза ұстап келе жатқан болса бір басқа» (Бұхари, Саум, 14; Мүслим, Саум, 21, 1082).

 

Мәдинадағы алғашқы рамазан қуанышы/толқынысы

Алтын ғасыр/асры саъадатта алғашқы рамазан оразасының қуанышы толқындай тасып Мәдинаға лезде жайылды. Олар оразаның түп мақсатын жан-тәнімен түсінген болатын; олар әр жылдағы бір айғы ораза арқылы асау нәпсілерін тәрбиелеп жан дүниелерін тазартуды қалаған еді. Әсіресе пайғамбарымыз, сахабалардың түнгі /тарауих намазды оқуларын қалайтын-ды: Абдуррахман ибн Ауф (р.һ)тың хабар беруіне қарағанда Аллаһ елшісі (с.ғ.с) былай дейтін: «Аса абыройлы атақ пен ұлықтық иесі Аллаһ, рамазан оразасын парыз етті; мен де бұл айда түнгі намазды (тәһажжуд/тарауих) сүннет еттім. Кімде-кім ол айда шынайы ықыласымен оразасын ұстап әрі түнде құлшылықпен өткізсетін болса, күнәларынан арылып, тұп-тура анасынан туғандай тап-таза күйге енеді.» (Ахмед бин Ханбәл, 1/191; Иби Әби Яълә, 2/169, 864). Тағы бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім рамазан ай түндерін (тәһажжуд/тарауих) намаздарын шынайы ықыласпен жалғастыратын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі».(Бұхари, иман, 26; Мүслим, Салатул-мусәфириин, 173, 759).

 

Мәдинадағы имсак

Араб тілінде ұстау мағынасына келетін «имсак» сөзі, ислам келген соң; ауыз бекіте бастайтын уақыт үшін қолданыла бастады. Ораза күндіз жүзеге асатын бір құлшылық болып саналады. Осыған орай фәжр-садықпен имсак/ораза ұстау басталып күн батқанға дейін бұл құлшылық жалғасады. Құранда былайша ашықталады: «... Сондай-ақ таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға (таңның бейне бір ақ жіптей ағарып, қылаң бере бастағанын көргенге) дейін жеп-ішіңдер. Содан кейін күн ұясына батып, ымырт түскенге дейін оразаны толық ұстаңдар» (Бақара 2/187). Сахабалардың біреуі бұл аятты сөзбе-сөз түсініп ақ жіппен қара жіпке қарап нақты ажырата алмаған болатын. Бие байлайтын уақытта, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) барып жағдайды айтты.Сонда Аллаһ елшісі: «(Құрандағы бұл мәселе) түннің қараңғылығы мен таңның жарығы» деді. (Бұхари, Саум, 16)

Сол кезде әсіресе рамазан айында Мәдинада имсак үшін екі азан шақырылатын.біреуі имсактан бұрын еді, өйткені Тәһажжуд намазын өтеушілер, ауыз бекітетін уақыттың жақындағанын біліп сәресілерін ішсін деген бір ескерту түрінде болатын. Алғашқы азанды Биләл Хабәши (р.һ) шақыратұғын. Сағат жоқ уақытта бұл аса маңызды мәселе болатын. Османлы дәуірінде, ауыз бекіту уақыты жақындағанда азан емес Аллаһқа мадақ, пайғамбарға салауат айтылатын. Оның атауы «Тәмжид» еді. Сол кезде кешке сәресі үшін палау пісіріліп, сәресіде сол тәмжид оқылып жатқанда ысытып таратылып желінетін. Сол себепті бұл «тәмжид палауы» делініп кеткен. (қар.з ДИВ, Хадислерле Ислам, II/429).

Имсактан кейін, ораза мен таң намазының басталғанын жариялау үшін екінші азан айтылатын. Екінші азанды шақыру міндеті көз ақауыбар кісі Абдуллаһ бин Үмму Мәктумге (р.һ) тиесілі еді. Адамдар «таң атты» деп оған хабар айтқаннан кейін барып азан шақыратын. Осылайша адамдардың бір ауыздан келісімі болған бір уақытта азан шақырылған болып саналатын. (Бұхари, Азан, 12, 13; Нәсаи, Сиям, 30)

 

Мәдинадағы ифтар

Ифтар аяқтау әрі ашу деген мағынаға келетін сөз бола тұра, Ислам дәуірінен соң оразаны аяқтау, ауыз ашу уақыты үшін қолданысқа ене бастады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ауыз ашарға асығу керектігін, оны құрма немесе сумен ашуға кеңес беретін. Әнәс (р.һ) былай дейді: «Аллаһ елшісі, ақшам намазын өтеуден бұрын бірнеше жас құрмамен егер ол жоқ болса кепкен құрмамен ауыз ашатын. Олда болмаса сумен ифтар ететін» (Ахмед III/164; Әбу Дәуід, Сиям, 21; Термези, Саум, 10). Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ауыз ашар сәтте дұға етілуін ұнататын әрі «әрбір ораза тұтушының ауыз ашқан кезде қайтарылмайтын бір дұғасы болады» дейтін. Өзі де алақандарын жайып: «Аллаһым, сенің разылығың үшін ораза тұттым. Сенің берген ризығыңа ауыз ашып отырмын» деп дұға жасайтын. (Әбу Дәуід, Сиям, 22)

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ауыз ашар дастарханына басқа адамдардыңда шақырылуын және көппен бірге ауыз ашуға үндейтін. Және былай дейтін: «Кімде-кім оразалы жанға ауыз аштыратын болса, оғанда ораза тұтқандай сауап жазылады.» (Термези, Саум, 82) Ауыз ашқан соң барып ақшам намазын өткізетін. Қазіргі күнде Мекке, Мәдина көшбасшы болып басқада үлкенді-кішілі мешіттерде осы үрдіс жалғасын табуда. Елімізде бұл үрдіс күн санап жаңа белестер бағындыруда (ауд).

 

Жәбірәйілмен Құран муъарадасы

 

Әр рамазан айында Пайғамбарымыз Жәбірәйіл мен бірге Құранды муъарада ететін.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оқып, Жәбірәйіл тыңдайтын. Ибн Аббас (р.һума) бұл жайлы былай баяндайды: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жақсылық/қайыр жасауда адамзат баласының ең жомарты еді. Рамазан айында Жәбірәйіл (ғ.с) мен жолыққанда да Ол адамдардың ең жомарты болатын. Әрбір түнде Жәбірәйіл (ғ.с) мен жолыққанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Құран тапсыратын». (Ахмед, I/363) Кейбір риуаяаттарда Жәбірәйіл (ғ.с)-нің ъард/оқығаны жайлы дерек келеді. Бұл риуаяттан кейде Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  оқып, Жәбірәйіл тыңдайтынын, Жәбірәйіл (ғ.с) оқып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  тыңдайтынын түсінуге болады (қар.з Бұхари, Фадайлул-құран, 7; Ахмед, II/399; VI/282). Бұл тақырып хадис жинақтарында «Муъарада» делінеді. Түрікше «муқабалә» болып аударылып қолданысқа енген. Қазақша бетпе-бет отырып Құран оқу дейміз бе, бірақ әлі қалыптаса қоймады (ауд).

 

Алғашқы рамазан оразасында Бәдр соғысы

Исламды түп-тұқиясымен жоймақшы болған Меккелік мүшриктер қарап жатпай, мұсылмандар жайлы өсек-аяң таратып, саяси және эканомикалық күшке ие болу үшін әрдайым Шам мен Иеменжаққа керуендерін аттандырып отырды. Осыдан түсірген пайдаларымен қарулану және шөл араптарын дүние-мүлік, ақша арқылы айдап салуды мақсұт тұтқан болатын. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  елдерінен қуып шығып дүние-мүліктерін талан-таражға салып жандарына қастандық жасаған Меккелік мүшриктердің керуендерінің Мәдинаның маңайынан баса көктеп өте берулеріне жол бермеуді көздеді. Анда-санда жорықгерлерді шығару арқылы керуенді тікелей өзібақылап/ұстап отырғанын байқатты. Міне дәл сол кезде Шам жақтан құрайыш мүшриктеріне қарасты бір керуеннің келгені жайлы хабар жетіп дереу жорық жасағы аттандырылды. Бұдан хабардар болған Меккелік мүшриктерде бір жасақ дайындап Мәдинаға жол тартты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  Мәдинада сахабалармен истишара/алқалы кеңес өткізді. Сол күнге дейін жасаулы жорықтарға тек муһажирлер ғана міндет алып шығатұғын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  аңсар жұртына бір зарар тимеуі үшін оларды жорықтарға шығармаған болатын. Ал, бұл жолы жағдай басқа яғни соғыс мәселесі болатын. Жауапкершілікті сезе білген аңсарлар Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, соғысқа қатысқысы келетіндіктерін айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  муһажир мен аңсардан құралған бір әскер жасағымен рамазанның 12-ші жұлдызында Мәдинадан жылжыды. Рамазанның 17-ші жұлдызында екі жақ Бәдрде жолықты. Ауыр алапат соғыстан соң мұсылмандар рамазанның 22-ші жұлдызында жеңіспен Мәдинаға қайтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  қайтып келгенде, бірнеше күн бұрын қызы Руқияның дүниеден озғанын естіп қабырғасы қайысты. Бұрыннан науқастанған жұбайының жанында Осман (р.һ) қарайлап қалғандықтан Бәдр соғысына қатыса алмаған болатын. (Ибн Кәсир, Сирәтун-нәби, I/491)

 

Рамазан айындағы иътикаф

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  рамазанның соңғы он күнінде Мәсжидун-нәбәуиде иътикафқа отыратын-ды. Тіпті деректерде мешіттің ішінде шатыр тігіп парыздан соң зікір, құлшылық және Құран оқу үшін осы шатырға кіретіндігі риуаят етіледі. Мінекей осы сәттерде мынадай бір жағдай болағанын Әбу Зәрр (р.һ) жеткізеді: «Рамазанның соңғы он күні болғанда Аллаһ елшісі мешітте иътикафқа отырды. (Рамазанның) 22-сіне сәйкес келетін дүйсенбі күні екінті намазын өткізіп сосын былай деп хабарлама жасады: «Бүгін түнде намаз оқимыз, Аллаһ жазса. Түнде намаз оқығысы келгендер оқысын!» Бұл түн рамазанның 23-і болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  құптаннан кейін жамағатпен түннің үштен бірі болғанша намаз (тәһажжуд/тарауих) оқыды, сосын аяқтады. Сосын 24-і болғанда ештеңе демеді, түнде намазға да келмеді. Сосын 25-ін меңзеп, былай деді:«Аллаһ жазса, Бүгін түнде намаз оқимыз. Түнде намаз оқығысы келгендер оқысын!» Түннің үштен бірі болғанша намаз (тәһажжуд/тарауих) оқып, сосын аяқтады. 26-ы болғанда ештеңе демеді, түнде намазға да келмеді. 26-ы екінті намазын өтеп болған соң тұрып, 27-і түнді меңзеп «Аллаһ жазса, Бүгін түнде намаз оқимыз. Түнде намаз оқығысы келгендер оқысын!» Әбу Зәрр (р.һ) әңгімесін ары жалғап: (сол түні) түнгі намаз үшін жиналдық және Аллаһ елшісі бізге түннің үштен екісі болғанға дейін намаз (тәһажжуд/тарауих) өткізді. Содан кейін мешіттің ішінде тігілген иътикаф шатырына кірді. Мен ол кісіге уа Аллаһтың елшісі! Таңға дейін бізге намаз өткізуіңізді қатты қалаймыз дегенімде, былай деді: «Уа, Әбу Зәрр! Сен имамыңмен осы намазды оқып аяқтағаныңда, түннің барлығын құлшылықпен өткізген сауабына кенелесің». Пайғамбар (с.ғ.с) осылайша бір-ақ рет жасады. Парыз санап кетуінен қорыққаны үшін (жамағатпен өтеуге) жалғастырмады». (Ахмед бин Ханбәл, V/172; Табарани, Әусат, I /140, 442).

 

Рамазан айты/мейрамы

Рамазан аяқталған соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алғаш рет айт намазын жариялады және мереке де мұқтаж жандардың жүзі күлуі үшін сәл болсада жәрдемдесу болып саналатын фітір садақасының берілуіне бұйрық берді. Ибн Аббас (р.һума) бұл жайлы былай жеткізеді: «Аллаһ елшісі пітір садақасын ораза тұтқан кісіні бос және жаман нәрселерден тазарту және кедейлерді тойдыру үшін парыз (уәжіп) етті. Кімде-кім пітір садақасын айт намазынан бұрын берсе қабыл (үлгерген) болады. Ал кімде-кім кейін беретін болса, ол кәдімгі садақа болып саналады». (Әбу Дәуід, Зекет, 17; Ибн Мәжаһ, 21). Айт күні Арда елші ғұсыл құйынды және айт намазын мешіттің сыртында азан мен қамат айтастан кең бір алаңқай жерде өткізді. Намаздан кейін хұтпа/уағыз айтты. Әрдайым жүретін жолынан басқа бір жолмен үйіне оралды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазын тәкбир (Аллаһу әкбар) таһлил (Лә иләһәә илаллаһ) деумен қарсы алатын. (Бұхари, Ъидәйн, 24; Термези, Саум, 81; Ибн Сағд, Табақат, I /242, 248).

 

Мәдинадағы кейінгі рамазан

 

Бұдан кейінгі жылдардағы рамазан айы тыныштықта өтіп, қандай бір жорық және соғыс орын алмаған болатын. Сахабалар оразаларын ұстап, түңгі құлшылықтарын атқарып отырды. Құтты көштің үшінші жылы рамазан айының ортасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жиені Хасан дүние есігін ашты. Бұл жағдай пайғамбарымыздың үйін және Мәдинаны үлкен бір қуанышқа бөледі.(Ибн Әбдилбәр, Истиъаб, I /369; Ибн Хажар, әл-Исабә, I /328-329) Жоғарыда айтылғандай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Мәдинада болған кезінде рамазанның соңғы он күнінде иътикафқа отыратын еді. Сондай-ақ әрбір рамазан айында Жәбірәйіл (ғ.с) мен Құранды муъарада жасайтын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) түңгі намаздарының қиямын/аяқта тұруын өте ұзаққа созатын (ұзынсонар сүрелер оқитын). Бәлки, оның оқыған Құранын Жәбірәйіл тыңдайтында осылайша аталмыш муъарада жүзеге асатын болар. Құтты көштің сегізінші жылы рамазан айында Мекке фатх болды. Құтты көштің тоғызыншы жылы Тәбук жорығына аттанған Аллаһ елшісі он күннен астам болған соң кері қайтты және рамазанның алғашқы күндерінде Мәдинаға келіп жетті. Сол жылғы рамазан айында Тайф және Иемен секілді аймақтардан елшілер келіп Арда елшімен жолықты. (Ибн Кәсир, Сирәтун-нәби, I I/289)   Құтты көштің оныншы жылы рамазан айында Пайғамбарымыз Мәдина да болды. Берекелі ғұмырының соңғы жылында өмір сүруде еді. Соңғы рамазан айында 20 күн иътикафқа отырды және Жәбірәйіл мен Құранды екі мәрте муъарада жасады. Әрбір жыл сол күнге дейін түскен сүре, аяттарды Жәбірәйілмен муъарада жасайтұғын-ды. (қар.з Бұхари, Фадайлул-құран, 7; Ахмед, II/399; VI/282).

 

Автор:Түркия Дін Істер басқармасының

Ғұламар алқасының мүшесі Рифат ОРАЛ

Аударған: Ақмола облысы Целиноград ауданы

Талапкер ауылдық «Талапкер» мешітінің ұстазы

Әбдікерім Берікбай Германұлы

Астана, Ислам орталығы

 

 

0 пікір