ОРАЗАНЫ БҰЗАТЫН ЖӘНЕ БҰЗБАЙТЫН АМАЛДАР
ОРАЗАНЫ БҰЗАТЫН ЖӘНЕ БҰЗБАЙТЫН АМАЛДАР
04.06.2016 15:08
25856
0

 Оразаны қандай амалдар бұзады және бұзбайды? Ораза бұзылған жағдайда оның өтеуі қалай орындалады?  

 

-Ораза ауыз, мұрын және құлақ сияқты табиғи жолмен асқазанға және миға ас-су, дәрі-дәрмек және т.б. заттар енумен бұзылады. Сонымен бірге, әл-күш беретін қан тамыр арқылы егілген дәрі-дәрмек. Сондай-ақ, жыныстық қатынас.

Ал, енді аздап кеңірек айтар болса, оразаны төмендегі амалдар бұзады:

1. Әйелін сүю, аймалау немесе құшақтау арқылы бойынан ұрық шықса;
2. Ноқат дәнді, тасты немесе темірді жұтса;
3. Клизма қою, темекі мен насыбай ату;
4. Құлаққа дәрі тамызу;
5. Қарынның асқазанмен байланысы бар жарақатына немесе бастың мимен байланысы бар жарақатына сұйық дәрі құю. Дәрі асқазанға немесе миға барса, ораза бұзылады;
6. Таң атпады деп сәресі ішуді жалғастырып, кейіннен таң атып кеткені белгілі болса;
7. Күн батты деп ауыз ашып, артынан күн батпағаны мәлім болса. Жоғарыда аталған жағдайда ораза бұзылады және қазасы өтелуі керек[1].

С: Еріксіз құсу және өзін мәжбүрлеп құстыру оразаны бұзады ма?

Ж:Еріксіз құсса ораза бұзылмайды. Ал, әдейілеп өзін құстырса және аузы толып құсса, оразаның қазасын өтеуі қажет.

С: Қандай жағдайда оразаның қазасымен қоса кәффаратын да өтеу қажет?

Ж: Келесі жағдайларда оразаның қазасы және каффараты бірге өтеуі керек:
1. Әйелімен әдейі жыныстық қатынасқа түссе;
2. Қорек немесе ем болатын тағам немесе дәрі-дәрмекті қасақана ішіп-жесе.

Бұл жағдайда ораза бұзылады. Және оразаның қазасымен қатар кәффараты да өтелуі парыз болады.

С: Кәффарат деген не?

Ж: Кәффарат – бір құлды азат ету. Бұған шамасы келмейтін адам қатарынан арасын үзбей екі ай ораза тұтып беруі тиіс. Оған шамасы келмесе алпыс мұқтажды тамақтандыруы керек.

С: Рамазан оразасынан басқа оразаларды бұзған кісіге де кәффарат өтеуі міндет пе?

Ж: Рамазан оразасынан басқа уәжіп немесе нәпіл оразаларды бұзған кісі кәффарат өтемейді. Тіпті, рамазан қазасын бұзса да. Тек оразаның қазасын өтеумен шектеледі.

С: Оразаны не нәрсе бұзбайды?

Ж: Төмендегі амалдар оразаны бұзбайды:
1. Ұмытып тамақтану, сусын ішу және жыныстық қатынас жасау;
2. Ораза тұтушы ұйықтап жатып бойынан ұрық кетсе;
3. Әйелге қарап бойынан ұрық кетсе;
4. Аяқ-қолына және денесіне май (крем) жағу;
5.Қан алдыру (хижама), көзіне сүрме жағу;
6. Әйелін сүйсе, бірақ бойынан ұрық шықпаса[2].+

 

Руслан Қамбаров

 


[1] Әл-Лубәб, 165-167 бетте
[2] Әт-Тасһил әд-Дарури, 125-127 беттер

0 пікір