Бақытқа жету кілті – Рамазан
Бақытқа жету кілті – Рамазан
29.05.2019 14:26
1662
0

Барша әлемдерді жоқтан бар етіп жаратқан, қалаған құлына хидаят беріп, жүрегін иманға ашушы, шексіз нығметтерге бөлеуші болған  Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Әлемдерге рақым етіп жіберілген, Жаратушы иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.

Рамазан айлардың сұлтаны, адам бойындағы түрлі жақсы қасиеттерді арттырып, жаман қасиеттер мен әдеттерді тәрбиелеуші мектеп. Бұхариден жеткен бір хадисте «Кімде-кім терең иманмен, сауабын Алладан үміт ете отырып, Рамазан оразасын ұстаса, өткен күнәлары кешіріледі» делінгендей, бүгінгі таңда Павлодардағы қалалық «Ақмешіт» мешітінің жанынан ашылған әйел-қыздар сауат ашу курсында Рамазанның қадір-қасиеті, оразаның маңызы насихатталуда. Сауат ашу курсында білім алып жатқан шәкірттер де өздерінің белсенділігін көрсетіп, рамазанға арнап іс-шаралар, қайрымдылық жәрмеңкесі және де Ақида, Фикһ, Сира, әдеп дәрістері бойынша емтихан тапсырып, өз нәтижелерін көрсетуде. Және де қасиетті Рамазанның қадірін арттырушы Құран болғандықтан Құранға баса назар аударылып, шәкірттердің де Құран іліміне деген ынтасы артуда.

 «Шын мәнінде амалдар тек қана ниеттерге байланысты. Әркімнің ниеті қандай болса, табысы сол» деген хадисті ескере отырып, байқағанымыз қасиетті айда намаз үйренушілердің де саны артуда. Ал, өздерін рухани азықтандыруға талпыныс жасап, намазын меңгеріп алған шәкірттер де ендігі кезекте білімге деген, екі дүниенің тағылымын тануға деген ынтасын байқатуда. Осы тұста Атаұллаһ Әл-Искендеридің «Уа, Раббым! Сені тапқан не жоғалтыпты? Сені жоғалтқан не тауыпты?...» сөзі еске түседі.

Бүгінгі таңда шәкірттерге Рамазанның қадірі, мол сауапқа жету үшін ықаластың да мол болу керектігі уағыз-насихат түрінде жеткізілуде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Хидаят Алла Тағаланың қолында, Алла қайыр қалаған құлының жүрегін иманға ашады» дегеніндей шәкірттер де жақсылыққа, шынайы жан тазалығына, және де осы нығметтерге жетудің жолын білім ретінде көріп, өз ұмтылыстарын көрсетуде.

 

Асқар Ардақ

 «Ақмешіт» мешітінің ұстазы

0 пікір