ТӘЯММУМНЫҢ ШАРТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Ханафи мәзһабында таяммумның 8 шарты бар:

  1. Ниет: Тәяммумның парызы. Таяммум қандай амалдарды орындау ниетімен алынса, соларды орындауға болады. Осы таяммуммен парыз, уәжіп немесе нәпіл намаздарын қалағанынша оқуға болады. Алайда, қабірді зиярат ету, азан айту, қамат түсіру немесе Исламға кіру ниетімен алынған таяммум мен намаз оқуға болмайды. Өйткені, бұлар дәретсіз орындалса да болады;
  2. Таяммум алуды мүбах қылатын үзір: Қалада тұрғанның өзінде судан бір миль алыста болу, сырқат, қатты суық, жау мен шөл қаупі, су алатын құралдың болмауы, жаназа мен айт намазынан кеш қалуды уайымдау сияқты үзірлер таяммум алуды мүбах қылады;
  3. Таяммум топырақ, тас, құм, гипс сияқты жер жынысынан болған таза нәрсемен алынуы керек. Отын, күл, алтын, күміс, бақыр және темір сияқты заттармен таяммум алуға болмайды. Өйткені, бұлар топырақ орнына жүрмейді;
  4. Таяммум жасалатын мүшелерге толық мәсіх тартылуы қажет;
  5. Қолдарды таза топыраққа екі рет ұрып, біріншісінде бетке, екіншісінде саусақтың ішкі жағымен шынтақтарға дейін қолға мәсіх тарту;
  6. Етеккір және босану жағдайының аяқталуы. Мәселен, дененің кез-келген тұсындағы жарақаттан аққан қан тоқтамайынша дәрет алынбайтыны сықылды таяммум да жасалмайды;
  7. Май шам және май сияқты денеге мәсіх тартылуына кедергі жасайтын заттарды тазалау (Әбу Дәуіт, Таһарат, 92);
  8. Қолды үш саусақпен мәсіх ету. Екі саусақпен мәсіх тартуға болмайды.

Саусақта жүзік болса…

Сондай-ақ таяммум алу барысында қолда жүзік болса, оны шешу – уәжіп. Өйткені, топырақ жүзіктің астын өтпейді.

Таяммум қос қолдың аясын тұтастай немесе жартыдан көп бөлігін топырақ тектес таза әлдененің үстіне қойып сүйкеу жолымен жасалады.

Білегі болмаса…

Шолақ (білегі жоқ) қолымен суды пайдалана алмайтын адам, егер көмектесетін біреу табылмаса, беті-қолын топыраққа (жерге) сүйкеп таяммум жасай алады.

Қолдары кесілген болса…

Қолдары кесілген адам болса, бетін ғана топыраққа сүйкеу арқылы таяммум жасайды.

Жарақаты бар болса…

Егер бұл адамның бетінде таяммумға кедергі боларлық жарақаты болса, онда ол таяммумсіз-ақ намаз оқи береді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы. «Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры». 2010.
  2. Хайреттин Өзтүрк. «Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Хикмет» баспа үйі, 2011.
  3. Р. Мұхитдинов. «Фиқһ әл-ғибадат» – Алматы. «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2014.
  4. Нұрлан Анарбаев, Еркебұлан Қарақұлов. «Ислам ғылымхалы (Ханафи мәзһабы бойынша)» – Алматы. «Анарбаев Н., Қарақұлов Е.», 2018.

 

 

Дайындаған:

Кизиров Алмас

«Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің шәкірті

0 пікір