Таңғы намаз

  Хазірет Фатима анамыз (р.а.) әлі сүттен арылмаған сәбиі хазіреті Хұсейін ауырғанда таңға дейін көз ілмеді. Сәбиінің ауырғанына жүрегі қоса ауырған ана таң атқанша ұйқы көрмеді. Таңға жуық хазірет Хұсейін ұйықтап кеткендей болған сәтінде Хазірет Фатима дереу жүгіріп барып таң намазын оқып алды. Осыдан кейін барып қана көзіне тығылған ұйқыға шыдамай ұйықтап кетті.

Мешітте таң намазын оқытқан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күнделікті әдетімен қызы Фатиманың үйіне бас сұқты. Хазірет Фатима анамыздың ұйықтап жатқанын көріп, әлі таң намазын оқымаған екен деп ойлады. Сөйтті де оны оятып: «Уа, қызым Фатима! Пайғамбар қызымын деп таң намазын оқымай қоюшы болма! Мені хақ пайғамбар ретінде жіберген Аллаға ант етейін, намазды уақтылы оқымайынша, жұмаққа барам деп ойлама», - деп қалай болғанда да намазды орындамай қоюға болмайтындығын ескертті.

Хазірет Фатима: «Сүйікті әке, мен таң атқанша көз ілер болмадым, таң намазын оқып барып жаттым», - дегенінде Пайғамбарымыз оған:

«Қызым, онда саған сүйінші хабар жеткізейін, ақыретте мұндай қиындықтарың болмайды», - деген-ді.

0 пікір