ТӘҺАЖЖҮД НАМАЗЫ

Құптан намазынан кейін немесе аз уақыт ұйықтап тұрғаннан кейін оқылатын нәпіл намазды «түнгі намаз» дейді. Түннің жартысынан бастап, сәре уақытының аяқталуына дейінгі уақытта тұрып оқылған намазды «тәһажжүд намазы» дейді. Тәһажжүд намазы екі рәкаттан сегіз рәкатқа дейін. Бұл намаз – Алла Елшісіне парыз. Оның дәлелі мына аят: (Мұхаммед) "Түнде оянып, өзіңе тән нәпіл оқы". Осы намазға үмбетін қызықтырғаны жөнінде аяттар бар: (Мұхаммед) «Сөз жоқ, Раббың, сеніңәрі сенімен бірге болған бір топтың, түнніңүштен екісіне жақынырақ, жартысында, үштен бір шамасында намазға тұрғанынды біледі». Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнгі намазды үнемі оқыңдар. Өйткені, түнгі намаз оқу – сендерден бұрын өткен салихалы жандардыңәдеті. Раббыларыңа бағынудың белгісі. Жамандықтарды бүркеп, күнә жасаудан сақтайды», – деп түнгі намазға шақырған. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі намазға өте жақсы мән берген. Бірде Ата деген таби’ин Хазірет Айшадан сұрайды: «Алла Елшісінің ерекше бір жағдайынайтып бересіз бе?» Сонда Хазреті Айша: «Оның ерекше болмаған халі бар ма? Бірде түнде бөлмеме келді. Аздан кейін маған қарап: «Бүгін маған рұксат бер, Раббыма құлшылық етейін?», – деді. Дәрет алып, намазға тұрды. Ол қиямда (түрегеп) тұрып көп жылады. Жанарынан аққан көз жасы көкірегіне сорғалап жатты. Рүкүғке барғаннан кейін де ұзақ тұрып, егіле жылады. Сәждеге барған кезде де халі осылай болды. Алла Елшісінің көз жасы Біләлдің таң намазына хабар берген азан даусына дейін толастамады. Сонда мен: «Пайғамбарым! Алла Тағала сенің барлық күнәларыңды кешіре тұра, сен неге осыншама жылайсың? – деп едім, ол: «Шүкір еткен құл болмайын ба? Қалай ғана жыламаймын. Алла осы түні маған мына аяттарды түсірді:

«Шексіз көктер мен жердің жаратылуында және түн мен күнніңөзгеріп, кезектесіп алмасуында ақыл-ой иелері үшін дәлелдер бар. Олар түрегеп тұрып, отырып, жанымен жатып, Алланы еске алады. Сондай-ақ, олар көктер мен жердің жаратылуы жайлы ойланып, терең толғанып: «Раббымыз! Сен мұны тектен-текке жаратпадың. Сен пәксің. Бізді от азабынан сақта! Раббымыз! Сен кімді отқа салсаң, сөзсіз оны қорлап, жермен-жексен етесің. Залымдардың ешқандай көмекшісі жоқ. Раббымыз! Біз «Раббыларыңа иман етіңдер» деп шақырған шақырушыны ести сала иман еттік. Раббымыз! Күнәларымызды жарылқап, жамандықтарымызды жасыр. Әрі игі жақсылармен бірге жанымызды ал! Раббымыз! Бізге елшілеріңе уәде еткендеріңді бер. Қиямет күні де бізді тастап қор қылма. Сөзсіз, Сен берген уәдеңнен таймайсың деп тілейді».

Осыдан кейін «Осы аяттарды оқып, терең ойға батпағанның халі неткен өкінішті!», – деді». Сүнниттердің төрт имамы да түнгі намаздарына қатты көңіл бөлген. Әшәб ибн Абдулазиз Имам Малик туралы былай дейді: «Бірде ел жатқан уақытта сыртқа шықтым. Малик ибн Әнәстің үйінің жанынан өтіп бара жатып, оның намаз оқып жатқанын байқап қалдым. «Фатиханы» оқып болған соң, «Тәкәсүр» сүресін оқи бастады. «Сол күні берілген ырыс-береке мен несібелерден сөзсіз сұраласыңдар» аятына жеткен кезде кемсеңдеп, жылай бастады. Әлгі аятты қайта-қайта қайталап жылай берді. Мен баратын жеріме де бармай, көз алмай тыңдап қалдым. Осылайша ол таң намазына дейін жылады. Шапақ атқанда ғана, рүкүғке барып, намазын бітірді. Мен де үйге барып, дәрет алып, таң намазын оқу үшін мешітке бардым. Кейіннен күн шығып, айнала жарыққа толып, оның айналасына ілім алқасы жиналды. Мен жақындап барып жүзіне қарағанымда, жүзі нұр шашып тұрды. Сол кезде мен «Түнгі намазы көп болғанның күндіз жүзі нұрлы болады» деген хадисті есіме алдым».

Имам Ағзам да түнде ұйықтамай Құран оқитын. Кейде бір аятты таңға дейін қайталап жылайтын. Оның қатты жылағанын көршілері де естіп, жаны ашитын. Иә, бәрі де осылай жылайтын. Бұл ғұмырда жүрекпен жыламаған бейбақтардың ақыретте жылайтыны сөзсіз.

 

0 пікір