СУҒА ҚАТЫСТЫ БЕС МӘСЕЛЕ

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Аллаға шексіз мақтаулар болсын! Расулымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Ассалаумаумағалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ, құрметті мұсылман бауырлар!

         Құран Кәрімде Алланың адам мен өзге жандыларды судан жаратқаны, тазаланумен қоса көптеген хикметтерге байланысты аспаннан таза су жаудырғаны баяндалып, жер бетіндегі тіршілік атаулыларының өмірі тұрғысынан судың маңыздылығына және оның тазалықтың негізгі құралы екеніне ишарат жасалады. Расулулланың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де сумен тазаланудың маңыздылығына тоқталып, ағынсыз және ағынды өзен суларының, жаңбыр, теңіз не көл суларының заттық пен үкімі тұрғысынан тазалықта қолданылуына байланысты негізгі анықтамалар орын алады. Ағынсыз не ағынды өзен суларды тазалап, сол қалпы сақтау және хадис әдебиеттерінде ол туралы іс-шаралар өте көп орын алады.

         Ханафи фиқһта су – табиғи су қасиет-ерекшеліктеріне ие болған-болмаған тұрғысынан табиғи (мұтлақ) және табиғи емес (мұқайяд) су деп екіге бөлінеді.

Су түрлері

         Су табиғи және табиғи емес болып екіге бөлінеді:

  1. 1.     Табиғи сулар (Мұтлақ). Олар табиғатта көп кездесетін жаңбыр, қар, өзен, теңіз, көл сулары және құдықсуы секілді жерасты сулар. Олардың үш ерекшелігі: түсі, дәмі және иісі болса, екі сипаты ретінде мөлдірлігі мен сұйықтығын айтамыз. Су дегенде ойға оралатыны да осылар. Дәрет пен ғұсыл алуға тек осы сулар пайдаланылады. Су мен топырақ, сабын тектес таза нәрсе түсіп кетудің салдарынан қоймалжың тартпаса, табиғи қалпын сақтап қалады.
  2. 2.     Табиғи емес сулар (Мұқайяд).Құрамына басқа нәрсенің енуімен табиғи үш қасиеті: түсі, дәмі, иісі өзгерген гүл суы, жеміс шырыны, еттің сорпасы тәрізді сұйықтықтарды табиғи емес жасанды сулар дейміз. Мұндай су нәжісті тазалауға жараса да, дәрет, ғұсыл алуға жарамайды.

Табиғи суға қандай да бір сұйықтық қосылып кетіп, судың қасиеттерінің біреуі немесе екеуі өзгеріске ұшырар болса, мұндай су сұйықтыққа айналады.

Табиғи судың түрлері

  1. Таза және басқа заттарды нәжістен тазалауға жарамды су. Яғни ол суды ішуге, дәрет алуға және нәжісті кетіру үшін пайдалануға болады. Кейбір кітаптарда оны «Таһир уә мутаһһир» (таза және тазалаушы су) деп те атайды. Бұған құдық, өзен, көл, теңіз, жаңбыр, қар, бұршақ, бұлақ т.б. ащы және тұщы сулардың барлығы жатады. Бұл сулардың тазалығына жер қыртысындағы темірдің тағы басқа металдар мен топырақтың дәмі мен иісі әсер етпейді. Сол сияқты осындай суларға түскен ағаш пен өсімдік тамырының, жапырақтарының және жемістерінің дәмі оның тазалығын жоймайды. Мұндай суларда құбақа және басқа да бақа-шаяндардың мекендеуі де оны ластамайды. Алла Тағала: «Аспаннан тап-таза жаңбыр жаудырдық»,- деген (Фурқан, 48).

Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) теңіз суы туралы: «Оның суы таза, өлексесі халал»,- деп айтқан (Нәсәи, Мия, 330).

Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) намазға тұрғанда Құран оқудан бұрын Алладан күнәларын қармен, сумен және бұршақпен тазалауды өтініп дұға жасаған. Егер бұл сулар таза болмағанда, Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұлай дұға етпеген болар еді. Осының өзі аталған сулардың таза және басқа заттарды тазартатынына дәлел болады.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Мені күнәларымнан қармен, сумен және бұршақпен жуа көр!»,- деп дұға еткен еді.

Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын) мынадай хадисті айтты: «Расулуллаға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Будаға құдығынан дәрет алып жатқан кезде келдім. Оған: «Уа, Расулалла! Құдықтан қалай дәрет алып отырсыз? Оның ішінде сасық иісті нәрселер тасталады ғой»,- дедім. Ол: «Суды еш нәрсе нәжіске айналдырмайды»,- деді» (Ахмад, Бақил-муксирин, 10696).

  1. 2.     Таза, нәжіс заттарды тазалауға жарамды, бірақ дәрет, ғұсыл алуға жарамсыз су.Бұл топқапайдаланылған су жатады. Бұрын дәрет, ғұсыл алуға пайдаланылған су екіншщі рет қайтадан дәрет не ғұсыл алуға пайдалануға жарамайды. Бірақ ол суды нәжісті кетіру үшін қолдануға болады.

Ескерту: Бұл жерде дәрет не ғұсыл алғаннан кейін дәрет алған ыдыстың түбінде қалған суды айтып отырған жоқ.

  1. Таза, бірақ басқаны тазалауға жарамсыз су. Бұған топырақ, цемент және сол сияқты т.б. заттар араласып, табиғи тазалығынан айырылып қалған су жатады.
  2. Таза, бірақ басқа нәрселерді тазалауында күмән бар су. Бұған есек немесе қашырдан қалған аз мөлшердегі қалдық суы жатады. Өйткені ханафи мәзһабында есек пен қашырдың қалдық сулары тазалығында күмән бар сулар болып есептеледі.
  3. Нәжіс су. Оған нәжіс араласқан аз су жатады. Нәжіс зат аз суға араласып, судың үш сипатын өзгертпесе де, ол су нәжіс болып есептеледі.

Ағын сулар және тоспа сулар

         Табиғи сулар ішіне түскен ластықпен былғанып-былғанбайтындығы жөнінен ағын су және тоспа су болып екіге бөлінеді:

  1. Ағын сулар. Ағын сулар деп сабанның бір талын ағызып әкетуге қауқары жететін суды айтады. Ағын су көп су санатына жатады. Ішіне нәжіс түссе түсі, иісі немесе дәмі бүлінбейінше ластанбайды.

Ағын суға үнемі суы айналымда болатын бассейндер де жатады.

  1. Тоспа сулар. Бұлар көлеміне қарай «көп мөлшеріндегі су» және «аз мөлшердегі су» болып екіге бөлінеді.

а) Көп мөлшердегі су деп шамамен 50 шаршы метрлік алаңға жайылған, тереңдігі кем дегенде бір қарыс шамасындағы кішігірім көлшік (шалшық, тоған) немесе хауызды айтады. Бұл сулар былғануы тұрғысында ағын сулармен пара-пар, яғни, ішіне нәжіс түссе үш қасиетінің бірі өзгермейінше таза саналады.

ә) Аз мөлшердегі су деп шамамен 50 шаршы метрден кем болатын шалшық немесе хауызға айтылады. Бұлардың ішіне нәжіс түссе, үш қасиетінің ешбірі өзгермегеніне қарамастан әп-сәтте бүлінеді. Мәселен, бір тамшы қан немес иттің сілекейі тамса, суды былғаныш қылады.

Кейбір көзқарастар бойынша, аз мөлшерлі су мен көп мөлшерлі су нақты белгіленбеген, өйткені шариғатта ол жайлы нақты белгіленбеген. Сондықтан нәжістің әл суға жайылуына байланысты үкім беріледі деп қалдырған. Мысалы, қандай да бір нәжіс (аз немесе көп молшерлі) су түссе, суға толық жайылып су былғанды деген ойда болса, ол су нәжіс болып саналады, ал егер нәжіс суға түсіп, аз ғана жерге жайылды деген ойда болса, ол су нәжіс емес. Олай болса, судың аз немесе көп болуы нәжістің ол суға тарауына байланысты белгілі болмақ.

Құдықтың суына қатысты үкімдер

         Құдықтың суы қаншалықты көп болса да аумағы шамамен 65 шаршы метрге жетпесе немесе ағын сулардың бойында орналаспаса, ол «аз мөлшердегі» суға жатады. Осыған орай ішіне түскен нәрселерге қарай мынадай үкімдер жүреді: Құдыққа доңыз секілді жаратылысынан нәжіс бір хайуан түссе құдықтың суын төгіп, тазалау қажет. Сондай-ақ еті желінетін жануар түсіп кетіп, денесі ісініп немесе шіріп кеткен жағдайда судың бәрін тартып алу керек. Ал ісініп, шіріп кетпеген жағдайда бұлар мынадай үш санатта қарастырылады:

         а) Тышқан, торғай немесе осы көлемдегі басқа бір жәндік немесе құс өлсе, 30-40 шелек;

         ә) Мысық, тауық, көгершін көлеміндегі бір жануар түсіп өлсе, 40-50 шелек;

         б) Үсті ауыр нәжіспен былғанған адам құдыққа түсіп кетсе, құдықтың суын түгел төгіп тазалау қажет. Бір құдықтың суын түгелдей төгіп, тазалап тастау қиынға соқса, 200 немесе 300 шелек тартып шығару керек. Бұл – адамдар үшін жеңілдікті негізге алған Имам Мұхаммедтің көзқарасы. Ал Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, құдық тазарды деп ойлағанға дейін су шығарып төгу қажет. Бұл істі түсінетін екі кісінің сөзіне қарай әрекет ету керек. Тарту қажет деп табылған мөлшерде су тартқаннан соң құдық тазарған болып есептеледі.

         Алайда қазіргі заманда құдық суын тегіс босату мүмкін емес жағдайларда тазаланды-ау дегенше су төгіп, зертханада судың құрамын зерттеу арқылы таза немесе лас екенін анықтауға болады.

Күннің астында тұрып ысыған сумен дәрет алуға бола ма?

         Темір, мыс, қола және жез сияқты темір ыдыстарда климаты ыстық елдерде күннің астында тұрып ысыған сумен дәрет не ғұсыл алу мәкрүһ. Өйткені Айша анамыз (Алла оған разы болсын) бір күні Расулуллаға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) күннің астында тұрып ысыған суды әкеліп берген кезде Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):«Әй, Хумайра, бұлай жасама. Өйткені, ол алапес ауруына ұшыратады»,- деген болатын.

         Фиқһ ғалымдары бұл мәселеге байланысты былай дейді: Темір ыдыста ыстық климатты елдерде күннің астында ысытылған суда күн сәулесінің әсерінен темір ыдыстардан кішігірім бөлшектер бөлініп шығып, суға араласады. Мұндай су қан айналымының қалыпты жұмысына кері әсерін тигізіп, адамды ауруға шалдықтыруы мүмкін. Алайда су алтын, күміс, ағаш немесе құмыраның ішінде немесе көл мен хауыздарда тұрып ысытылса, сондай-ақ климаты орташа елдерде күннің шуағымен ысытылса, дәрет алуға кедергі келтірмейді. Бірақ ыстық елдерде күннің астында ысытылған суды дәрет пен ғұсыл үшін емес кір жууға пайдаланудың ешқандай зияны жоқ. Күннің астында тұрған ыдыстың аузының ашық немесе жабық болуы маңызды емес. Екеуі де мәкрүһ, бірақ аузы ашық тұрғанның мәкрүһтігі басымырақ.

Қорытынды

         Су табиғи ерекшеліктерге байланысты табиғи және табиғи емес деп бөлінеді. Табиғи судың өзі 5 топқа жіктеледі: тазалаушы су, дәретке жарамсыз су, тазаламайтын су, тазалауында күмән бар су және нәжіс су. Сондай-ақ табиғи су ішіне нәжіс түскеннен ластанып-ластанбайтынына байланысты ағынды су мен тоспа су деп бөлінеді.

Құдықтың суына пәленше жануар түссе, осынша су төгіледі деген үкімдер бар болса да, қазіргі заманда құдық суының ластанып-ластанбауын зертханада зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы да анықтауға болады.

Ал күннің астында ысыған сумен дәрет алу мәкрүһ екендігі хадис-шарифте де айтылған. Бірақ ғұламалардың зерттеуіне орай, бұл үкім ыстық елдерге қолданылады. Және де ол судың темір ыдыста ысытылуы шарт. Ал су темір емес ыдыста, ауа райы ыстық емес жерлерде ысытылса, онымен дәрет ала беруге болады.

Міне, осылайша біз суға қатысты 5 мәселені түсіндіріп кеттік. Осы мақала арқылы Сізге Ислам дінінде суға байланысты пайдалы мәліметтерді бердік деп үміттенеміз. Алла Тағала бізге пайдалы ілімді алуымызға нәсіп етсін!

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы. «Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры». 2010.
  2. Хайреттин Өзтүрк. «Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Хикмет» баспа үйі, 2011.
  3. Р. Мұхитдинов. «Фиқһ әл-ғибадат» – Алматы. «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2014.
  4. Нұрлан Анарбаев, Еркебұлан Қарақұлов. «Ислам ғылымхалы (Ханафи мәзһабы бойынша)» – Алматы. «Анарбаев Н., Қарақұлов Е.», 2018.

 

Дайындаған:

 Кизиров Алмас,

 Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжінің III курс шәкірті

0 пікір