СӘЖДЕГЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР

«Сәжде» сөзі сөздікте «итағат қылу, берілу, қарапайымдылықпен иілу, жерге жығылып бет сүрту» деген мағыналарды білдіреді. Сәжде – намаздың рүкіні, парызы. Намаз оқитын адам рүкүғтен кейін сәждеге жығылады. Сәждеде маңдай, бет, екі аят, екі қол және екі тізе жерге қойылады. Осылай Алла Тағалаға мойынсұнып, құлшылық жасайды. Сәжде әр ракағатта екі рет бірінің артынан бірін жасау арқылы болады.

Сәжденің парыз екені жайында ижма бар. Алла Тағала былай дейді:

«Ей, иман келтіргендер! Рүкүғ қылыңдар, сәждеге бас қойыңдар!» (Хаж, 77). Расулулла намазын дұрыс оқымаған адамға:

«…кейін қанағаттанарлықтай сәждеге жығыл, қайтадан қанағаттанарлықтай сәждеден тұрып, тағы қанағаттанарлықтай сәждеге жығыл!»,- деп айтқан (Бұхари, Азан, 95; Мүслім, Саләт, 45; Әбу Дәуіт, Саләт, 164; Тирмизи, Мәуәкит, 110).

Жеті мүшені, яғни маңдай, екі қол, екі аяқ және екі тізені жерге қойып жасалған сәжде толық әрі нағыз сәжде болып есепетеледі. Бұған Ибн Аббас риуаят еткен мына хадис дәлел болады:

«Мен жеті мүшемен сәжде етуге әмір етілдім. Олай – маңдай (қолы мен мұрнын нұсқады) екі қол, екі тізе және екі аяқ» (Бұхари, Азан, 133, 134, 137; Мүслім, Саләт, 226, 227, 229, 230; Нәсәи, Татбиқ, 40, 43, 45, 56, 58; Ибн Меже, Иқама, 19).

Сәжде жүздің бір бөлігінің жерге қойылуымен іске асатындықтан жерге маңдай тиіп, мұрын тимесе де сәжде дұрыс болады. Бірақ еш себепсіз мұрын жерге тимесе, ондай сәжде мәкруһ болады. Екіншіден, үзірге байланысты жерге тиіп, маңдай тимесе, сәжде дұрыс болады. Яғни Әбу Ханифаның ижтиһады бойынша, мәкруһ болса да, үзірсіз олай етуге болады. Ал Әбу Жүсіп пен Мұхаммед әш-Шайбани ижтиһадынша, маңдайды жерге тигізбей жасаған сәжде сахих болмайды.

Үзірмен иекпен немесе құлақпен сәжде жасалмайды. Өйткені бұл мүшелер сәжде мүшелері емес. Маңдаймен, мұрынмен сәжде жасауға кедергі болса, ишарамен сәжде жасайды.

Сәждеде маңдаймен бірге мұрынды жерге тигізу – уәжіп. Ал қол мен тізені жерге қою парыз емес сүннет. Өйткені, мұны жасамаса да сәжде етуге болады. Бірақ Зуфар, Имам Шафиғи мен Ахмет бин Ханбалдың тұжырымы бойынша парыз.

Сәждеде екі аяқты жерге қою парыз. Сондықтан екі аяқтың немесе бір аяқтың саусақтары жерге тимейінше сәжде дұрыс болмайды. Қолдау тапқан тұжырым осындай. Бір аяқтың тек бір саусағын немесе аяғының үстінгі жағына ғана жерге қою жеткілікті емес. Егер адам екі аяғын да жерге тигізбесе, сәждесі дұрыс болмайды.

Сәжде ететін жер аяқтар тұрған жерден он екі бармақтан (шамамен 23-см-дей) биік болса, ол сәжде дұрыс болмайды.

Жамағаттың көп болуы себебіенен жерге сәжде ете алмаған адам адамның, жануар немесе басқа да нәрселердің үстіне сәжде жасай алады. Сондай-ақ, Хазірет Омардың «Адамдар көп болған жағдайда бір-біріңнің арқаларыңа сәжде жасаңдар!»,- деп айтқаны риуаят етілген (Ахмад, I, 32).

Адам киімін таза жерге төсеп, сәжде етуіне болады. Бірақ сәжде ететін жердің қаттылығын сезіну керек. Жердің қаттылығын сездірмейтін мақта немесе басқа да жұмсақ нәрселердің үстіне сәжде етуге болмайды.

Егер жүн, мақта, сабын және қар сияқты нәрселер болса, сәжде етуге болады. Бірақ маңдай мен мұрын кіріп кетіп, тығыздығы сезілмесе және маңдай, мұрын толық орнықса да қаттылық сезілмесе, сәжде дұрыс болмайды.

Қаптың ішіндегі бидай, арпа, күріш не тары сияқты дақылдардың үстіне сәжде жасауға болады. Ал ашық жатқан бидай мен арпаның үстіне сәжде етілмегенімен, тары мен бұршақ сияқты тайғанақ дақылдардың үстіне сәжде етуге болмайды.

Кішкентай тастың үстіне сәжде етуге болмайды. Бірақ тас пен маңдайдың көп бөлігі жерге тиетін болса, сәжде етуге болады.

Үзір болмаса да жерге төселінген таза нәрсенің үстіне сәжде етуге болады. Тіпті бұл төселген жер таза болмаса да, үстіне жайған нәрсеге намаз оқуға болады. Сол жердің жаман иісі мен түсі көрінбесе болғаны. Бірақ мұндай нәрсенің жерге төселуі ыстықтан немесе суықтан сақтану немесе киімді шаң, топырақтан қорғау үшін болуы керек. Бірақ отыру немесе сәжде мүшелерін жай ғана топырақ болуынан қорғау үшін жерге бір нәрсе жаю мәкрүһ.

Мәликилердің ижтиһадынша жер мен жерде өсіп шыққан нәрселерден басқа нәрселердің үстінде намаз оқу мәкрүһ. Мысалы, кілем, палас, киіз сияқты нәрселердің үстінде намаз оқу мәкрүһ.

Ыстық немесе суықтан сақтану сияқты бір себептерге байланысты таза жерге қойып екі қолдың үстіне сәжде етуге болады. Мұндайжағдайдасәлденің немесе киімнің бір шетіне сәжде етуге болады. Әнес былай деген: «Өте ыстық бір күні Расулулламен бірге намаз оқыдық. Күннің ыстықтығынан ішімізде маңдайын жерге қоя алмағандар киімдерін жерге төсеп, соның үстіне сәжде етті» (Әбу Дәуіт, Саләт, 96; Бұхари, Саләт, 9; Ибн Меже, Иқама, 64; Дарими, Саләт, 85).

Сәждеде қанағаттанарлықтай уақыт тұру жеткілікті. Сәждеге үш рет тәсбих айтылатындай уақыт тұру парыз емес. Сәждеде кемінде үш, ортасы бес, ең абзалы жеті рет тәсбих айту сүннет. Намазды жалғыз өзі оқыған адамның одан да көп тәсбих айтуына болады. Бірақ имам жамағаттың разылығы болмай, рүкүғта һәм сәждеде тәсбихты үштен артық айтпауы керек. Өйткені жамағатты жалықтырып, намаздан бездіру дұрыс емес.

Сәждеде «Субхәнә раббиял-әғлә» (Ұлы Раббым барлық кемшіліктерден пәк) зікірі айтылады.

Әр ракағатта екі сәжде жасалады. Бұлардың біреуін біле тұра тәрк етсе намаз бұзылады. Жаңылысып тәрк етсе, сәлемнен кейін есіне түссе, намазға қайшы ештене жасамаса, дереу сәждеге баруы керек. Одан кейін соңғы отырысты қайталап, сәһу сәждесін жасайды. Өйткені парыз сәждені кейінге қалдырған.

Сәжде – намаздың ең маңызды рүкіні. Алла Тағалаға деген құрмет, оған мойынсұну, Оны ұлықтаудың ең кәміл көрінісі. Хадисте былай делінген:

«Құлдың Раббысына ең жақын болатын кезі – сәждеге барған кезі. Ендеше, сәждеде көбірек дұға етіңдер!» (Мүслім, Саләт, 215; Нәсәи, Мәуәкит, 35; Татбиқ, 78; Дағуат, 118; Ахмед, II, 421).

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Хайреттин Өзтүрк. «Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Хикмет» баспа үйі, 2011.

 

Дайындаған:

Құмарбекұлы Еркебұлан,

 Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжінің III курс шәкірті

0 пікір