ҚИЯМҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Қиям – тіп-тік түрегеп тұру деген мағынаға келеді. Намазда негізгі парыздардың бірі саналып, әр ракағатта Құраннан бір сүре оқылатындай уақыт тұру. Құранда Алла Тағала: «Аллаға бағынып, түрегеп тұрыңдар!»,- дейді (Бақара, 138). Намазда тік тұрудың парыз екендігіне мына аят та дәлел: «Намаздарға, әсіресе, орта намазға сақтық істеңдер! Әрі Аллаға бойсұнған күйде тұрыңдар» (Бақара, 238). Яғни намазда тіке тұрыңдар. Расулулла парыз намаздардың барлығын тұрып оқыған. Бұл жерде Расулымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) отырып намаз оқуынан мысал бере кетейік: Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) айтады: «Бір күні Расулулланың жанына бардым. Барсам, намазын отырып оқып жатыр екен. Намазды бітірген соң: «Йа, Расулалла! Сырқаттанып қалдыңыз ба?»,- деп сұрадым. Ол: «Жоқ, аштық, йа, Әбу Һурайра!»,- деді. Мен шыдай алмай, жылап жібердім. Менің жылағанымды көріп: «Жылама, йа, Әбу Һурайра! Бұл дүниеде аштық азабын тартқан, арғы жақта Алланың азабын тартпайды»,- деп жұбатты» (Кәнзүл-Уммал, 7/199).

Имран бин Құсайын (Алла оған разы болсын) былай деді: «Мен көтеу (геморрой) ауруымен ауыратын едім. Расулулладан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) (осы ауру кезінде оқылатын) намаз туралы сұрадым. Ол: «Намазды тұрып оқы, оған шамаң келмесе, отырып оқы, оған шамаң келмесе, жантайып оқы»,- деп айтты» (Бұхари, Жұма, 150).

Қиямға қатысты 5 үкім

  1. Тіке тұру дегеніміз – адамның табиғи түрде екі аяғымен тік түруы. Яғни одан өзінің денесінің табиғи жағдайын өзгертіп, тіп-тік тұру талап етілмейді.
  2. Кәрілік, бүкірлік және басқа да ауру себебінен рукуғта түрғандай еңкейіп қалса да, намазға одан зиян келмейді. Ондай жағдайдағы адам тек рукуғ үшін әдеттегіден сәл еңкейе түседі немесе басымен рукуғке барғанын ишаратпен білдіреді.
  3. Науқастануына байланысты тіке тұра алмайтын жағдайда, жоғарыда келген хадисте айтылғандай, шамасы жеткенше отырып я болмаса жатып оқиды.
  4. Парыз намазынан тұрып оқуды бастаған адамның басы айналып немесе тұруға шамасы келмей әлсіреп қалса, оған намазын отырып жалғастыруға рұқсат етіледі. Басы айналғаны тоқтап, тұрып оқуға шамасы келген сәтте қайта тұрып, намазын оқи береді. Ал намаз оқып біткенше басы айналғаны тоқтамаса немесе әлсіздігі кетпесе намазын отырып аяқтайды.
  5. Жоғарыда айтқандай, намазды тік тұрып оқу парыз және уәжіп намаздарының шарттарына жатады. Ал сүннет пен нәпіл намаздарында шарт емес, аталмыш намаздарды отырып та оқуға рұқсат етіледі. Бірақ тұрып оқығанның сауабы көбірек. Себебі, Расулымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннет пен нәпіл намаздарын да тұрып оқыған.

Мүміндердің анасы Айша (Алла оған разы болсын) Расулулланың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қартайғанға дейін түнгі намазды отырып оқығанын көрмегендігін айтқан (Бұхари, Жұма, 1051. Әбу Дәуіт).

Имран бин Құсайын (Алла оған разы болсын) көтеу ауруымен ауырушы еді: «Мен Расулулладан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамның отырып оқыған намазы жайлы сұрадым. Сонда ол: «Егер тұрып оқыса абзал. Отырып намаз оқығанға тұрып оқыған адамның жарты сауабы жазылады, ал жатып оқығанға отырып оқығанның жарты сауабы жазылады»,- деді (Бұхари, Жұма, 1048).

Яғни дені сау бола тұра, нәпіл намаздарды отырып оқыған адам тұрып оқығанның жарты сауабын алады. Ал денсаулығыңың нашарлығына байланысты тұрып оқуға шамасы жетпеген адам толық сауап алады.

Науқас адам бір жерге сүйеніп тік тұрып, намаз оқи алатын болса, онда парыз намаздарын отырып оқуына болмайды.

Сонымен қатар белгілі бір уақыт аяғымен тұрып намаз оқиды, одан кейін отырған күйінде аяқтайды. Тіпті, тек ифтитах тәкбірін тік тұрып айтқан адам одан кейін шамасы келмесе, намазын отырып оқиды.

Ауруына байланысты сәждеге толық жығыла алмаған адамның сәжде орнын үстел немесе жастық сияқты нәрсемен көтеруінің керегі жоқ. Рукуғ пен сәждені шамасы келгенше иіліп, ишарамен орындайды.

Жәбірдің (Алла оған разы болсын) былай айтқаны риуаят етілген: Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) науқастың көңілін сұрап барғанда оның жастық орнына қойған бір тақтаға сәжде еткенін көрді. Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұларды алып тастап, былай деді: «Егер шамаң келсе, жерде намаз оқы. Оған шамаң келмесе, намазды ишарамен оқы. Сәждені рукуғтан төменірек жаса» (Зайлаи, Насбур-Рая, II, 75).

Егер намаз оқыған адамның отыруға шамасы келмесе, намазды шалқайып жатып оқиды. Аяқтарын Құбылаға қарай созып, рукуғ пен сәждені ишарамен жасайды. Намазда басты алға қарай ию ишара болып саналады.

Науқас адамның намазы

Жамбастап жатқан аурудың жүзі Құбылаға қараса, намазын ишарамен оқуына болады. Бірақ жамбастап жатып оқығаннан гөрі шалқайып жатқанда бетті Құбылаға көбірек бұруға мүмкіндік болады.

Ал қандай да бір адамның басымен ишарат етуге шамасы келмесе, намазды қасы, көзі немесе жүрегімен ишарат етіп оқуының керегі жоқ. Өйткені намаздың бір рүкіні тек бастың әрекет етуімен ғана орындалады. Басқа мүшелермен олай істеуге болмайды. Бұл Әбу Ханифаның ижтиһады. Әбу Жүсіп бұл жағдайда жүрегімен сезіне отырып ишарат етпесе де, көзімен, қасымен ишарат етуге болады. Имам Зуфар мен Имам Шафиғидің ижтиһады жүрекпен де ишарат ете отырып намаз оқуға болады дейді.

Басқа бір риуаят бойынша мұндай науқас адамның ауруы бір тәуліктен көп созылса, сол уақытқа тіисті намаздарды есі сау болса да оқымайды. Кейін ол намаздарды қаза етіп те оқымайды. Өйткені, бұл жағдай оның намаз оқуға шамасы жетпегендіктен болған. Ондайда міндеттен босатылады.

Бір тәуліктен аз уақыт талып қалған адам сол уақытқа тиісті намаздардың қазасын оқиды. Талып қалу жағдайы бір тәуліктен ұзақ уақытқа созылса, онда намаздарын оқымайды. Уақыттың аз не көптігі Әбу Ханифаның пікірінше сағат есебімен, Имам Мұхаммедтің ижтиһадынша, өткен намаздардың уақыттарымен есептеледі. Сол себептен, Имам Мұхаммед өтіп кеткен намаздар бестен көп болса, намаз оқылмайды дейді. Аз болса, оқылады. Осы тұжырым қолдау тапқан.

Намаз оқып жатып ауырып қалған адам намаздың қалған бөлігін шамасына қарай оқиды. Ауру себебінен отырып намаз оқыған адам рукуғ пен сәжде өжасағаннан кейін денсаулығы жақсарса, намазын тік тұрып жалғастырады.

Ауру адам ишаратпен намаз оқып жатып рукуғ пен сәждеге шамасы жететіндей күш жинаса, намазын қайтадан оқуы керек. Бұл мәселе рукуғ жасауға шамасы келген адамның ишаратпен намаз оқығанға ұюына болмайды деген үкімге салыстырылған.

Жануар үстінде намаз оқу

Үзір болмаса, парыз намаздар жануар үстінде оқылмайды. Үтір намазы, жаназа намазы, тилауат сәждесі мен қаза намаздары да оқылмайды. Әбу Ханифадан жеткен риуаятқа қарағанда, таң намазының сүннеті де үзір болмаса, парыз не уәжіп намаздар қозғалыстағы көлікте оқылмайды.

Жануар үстінде намаз оқыған адам рукуғ пен сәжделерді ишаратпен оқиды. Рукуғтан гөрі сәждеде көбірек иіледі. Жануардың үстіндегі бір нәрсеге, мысалы, ерге басын қойып сәжде ету мәкрүһ.

Кемеде немесе ұшақта қиямға тұру

Жүріп бара жатқан кеме ішінде үзір болмаса да барлық намаздарды отырып оқуға болады. Бірақ, тік тұрып оқыған абзал. Бұл Имам Ағзам Әбу Ханифаның ижтиһады. «Көбіне» дегені үнемі болатын іс дейді.

Теңіз жағалауында немесе ортасында тұрған кеме толқын болмаса, жер деп есептеліп, оның ішінде намаз тік тұрып оқылады. Бірақ толқын болса, онда намаз жануар үкіміндегідей болады. Сол себептен мүмкіндік болса, намазды сыртта оқу керек.

Ұшып бара жатқан ұшақ жүзіп бара жатқан кеме тәрізді. Оның да қимыл-әрекеті немесе тоқтап тұруы жолаушының қолында емес.

Нәпілдердегі қиям

Сүннет пен мұстахап намаздарды үзір болмаса да отырып оқуға болады. Өйткені, нәпіл намаздар жеңілдік негізіне сүйенеді. Екіншіден, нәпіл намаздары көп. Егер бұларда «қиям» деген рүкін шарт деп айтса, адамдарға қиыншылық тудырады да, адамдар нәпіл намаздардан бас тартады. Сонымен қатап нәпіл намаздарды тік тұрып оқыған абзал. Бұл жөнінде иттифақ бар. Әбу Ханифаның ижтиһады бойынша, бұған тек таң намазының сүннеті жатпайды. Тарауық намазын да үзірсіз, отырып оқуға болады. Алайда, олай ету – мәкрүһ.

Тік тұрып нәпіл намаз оқып жатқан адам шаршаса, намазын бір жерге сүйеніп немесе отырып жалғастыруына болады. Үзір болмаса, бір жерге сүйену немесе отыру мәкрүһ болады. Бірақ адам отырып оқып жатқан нәпіл намазын орнынан тік тұрып аяқтай алады. Бұл жөнінде де иттифақ бар.

Ханафилерде қолды созғанда тізеге жетпесе, онда намаз оқып жатқан адам қиям халінде деп есептеледі. Шафиғилерде бір үзір болмаса, қиямда омыртқа сүйегінің тік болуы шарт.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы. «Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры». 2010.
  2. Хайреттин Өзтүрк. «Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Хикмет» баспа үйі, 2011.
  3. Р. Мұхитдинов. «Фиқһ әл-ғибадат» – Алматы. «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2014.
  4. Нұрлан Анарбаев, Еркебұлан Қарақұлов. «Ислам ғылымхалы (Ханафи мәзһабы бойынша)» – Алматы. «Анарбаев Н., Қарақұлов Е.», 2018.

 

Дайындаған:

Сұлтанбаев Сұлтан,

Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжінің II курс шәкірті

0 пікір