НЕ ҮШІН НАМАЗ ОҚИМЫН?..

Екі достың арасындағы пікірталас ұзаққа созылды. Бірақ, екеуі де өз сөзінің дұрыстығына досының көзін  жеткізе алмады. Хикмет бес уақ намаз оқымаған адамның мұсылманшылығы толық болмайтынын түсіндіргісі келсе, ал Нығмет: «Менің намаз оқып-оқымағанымда тұрған не бар? Мен не үшін намаз оқуға тиіс екенмін?» - деген қарсы сұрақ қойып, қасарысып бақты.

Оған Хикмет былай деді:

–        Не үшін намаз оқу керектігін мен саған мысал арқылы түсіндіріп көрейін. Мына отырған екі кісіге қарашы. Бұл екеуі әкелі-балалы жандар емес пе? Екеуінің бір-біріне деген мейір-шапағаты қандай десеңізші! Баласы әкесіне бар ықыласымен сый-құрмет көрсете білсе, ал әкесі баласы үшін өзегін жұлып беруге әзір. Әке мейірім шуағын төгіп, ал бала перзенттік парызын өтеп отыр. Екеуінің арасындағы осы сыйластықтың ерекше үлгісі көзді қуантып, көңілге қуаныш ұялатпай ма?! Әке мен бала арасындағы осындай ізгі қарым-қатынастың басты себебі неде деп ойлайсың?

Нығмет те досын көп күттірмей, жылдам жауап қайтарды:

– Бұл сіңірген еңбек пен көрсеткен құрметті мойындап, алғыс білдіру ғой! Әлемде жүректерді жақындатып, сезімдерді біріктірген қарым-қатынастан артық жақындық бар ма екен?! Жоқ қой! Ал жақсы көргеніңнің ұнатқанын ұнатып, жек көргенінен бас тарту – махаббаттың талабы. Себебі, сүюші сүйгенінің ұнатқандарын атқармайтын болса, махаббат толық болып есептелмейді.

 Сонда Хикмет:

– Сонда сен жақсы көруші адамдардың арасында адамгершілік, өзара сыйластық пен құрмет және бір-біріне деген мұқтаждықты бағалау, алғыс айту, қадірін түсіну сияқты негіздер болмайынша, қарым-қатынастың дұрыс болмайтындығын айтып тұрсың ғой?-деді. Сауалы арқылы ойын өзіне әбден бекіттіріп алғысы келгендей. Ал Нығмет:

- Иә, әрине,-деп, өз пікірінде нық тұратын берік жан екенін байқатты.

Хикмет келесі сөзін тағы да сұраққа негіздеді:

- Ал, егер де біреу көрсетілген көмекті ұмытып, жасалған жақсылықты жоққа шығарса қалай болар еді?

- Мұндайды бойында аз ғана ар-ұятты бар адам да жасамайды ғой?-деп жауап қайтарды Нығмет.

Хикмет:

- Жоқ, оны жасайтын жан бар екен. Оған қазір екеуміз де куә болып отыр емеспіз бе?-деп жұмбақтай сөйледі.

 - Түсінбедім, сонда ол кім? Ашып айтшы!-деп Нығмет дегбірсіздене бастады. Сол кезде Хикмет:

- Сап, батыр! Сабаңа түс! Біз сабыр сақтау арқылы ғана ақиқатқа жетеміз. Өйткені, ақиқат дәмі өте ащы болуы мүмкін. Сондықтан, адамның көбі ақиқатты қалай бермейді. Алайда ақиқат қана адамды баянды бақытқа жеткізеді. Мен сенің досыңмын, мен саған бақыттың баяндысын тілеймін. Сондықтан саған ақиқатты айтуға тиіспін.  Досым, сен көрсетілген көмекті ұмытып, жақсылықты жоққа шығарып жүрген, жауапкершілігіне салғырт қарайтын жандардың бірісің,-деді.

Бұл сөз Нығметке оңай тимеді. Оның бойын лезде ашу кернеп, Хикметке тарпа бас салғысы келді. Бірақ ашуын сабырға жеңдіріп, өзін өте байсалды ұстай білді де:

 - Неге олай дейсің ? - деді. Одан ары қарай Хикмет пен Нығметтің диалогы былайша өрбіді:

- Себебі сен Алланың саған берген сансыз нығметтері мен есепсіз жақсылықтарын ұмытып, жоққа шығардың ғой,-деді Хикмет.

 - Қалайша?

- Адамға берілген бүкіл нығмет пен жақсылықтың иесі – Алла Тағала ғана емес пе?

- Иә.

- Сол үшін Ол алғысқа лайық емес пе?

- Әрине.

- Ал, адамдар өз алғысын Алла Тағалаға қалай білдіруі керек еді?

Нығмет бұл сауалдың жауабын білмегендіктен, ұялып, қызарақтап біраз үндемей отырды да:

- Қалай білдіреді? Өзің айтшы, - деді.

- Ол алғыс мынандай екі жолмен жүзеге асады:

 Біріншісі – ол нығметтер мен жақсылықтардың тек Алладан екенін шын жүрегіңмен мойындап, соның дәлелі ретінде бар ынта-ниетіңмен маңдайыңды сәждеге қойып, намаз оқуың керек.

 Екіншісі – өзіңе берілген жақсылықтар мен игіліктердің қадірін біліп, оларды Алла разы болатын жолда ғана пайдалануға тиіссің.

- Сөзің ақиқат әрі өте орынды. Менің ұмытқан нәрсемді есіме салдың. Өзімнің кімге айналып бара жатқанымды да түсіндірдің. Саған, осы уақыттан бастап өле-өлгенше намазды тастамауға уәде беремін. Бірақ, менің өзім секілді Алламен, намазбен ісі жоқ бір досым бар еді, соған осы тақырыпта ойын қозғап, санасына сәуле құярлықтай насихат сөздер жазып берші. Мүмкін ол ойланар, түсініп ақылға келер. Алла Тағала сені себепкер қылып оны да дұрыстыққа, бақытқа жетер жолға бастар.

- Жарайды. Дегенің болсын. Алла Тағала осы жолда сенің иманыңды берік қып, табаныңды мығым қылсын!-деді...

 

Аударған: Айдын Бақыттыжан

0 пікір