Намазыңды тастама!..

Кез келген ақыл есі дұрыс, балиғатқа толған ерлер мен хайыз не нифастан арылған әрбір әйел мұсылманға намаз оқу – парыз. Бұған мүлде талас болмауға керек. Жалпы денемен орындалатын намаз бен ораза сияқты құлшылыққа өкілеттілік жүрмейді. Намаздың парыз екенін жоққа шығарған адам діннен шығады. Өйткені намаз нақты түрде аят, хадис және ижма дәлелдерімен тұрақтанған. Жалқаулықпен, немқұрайдылықпен намазды оқымаған адам күнәһар және пасық болады. Құран Кәрімде пасық сөзі кей-кейде күпірлікпен қатар мағыналас келіп жатады. Қалай болғанда да, намаз мұсылман біткеннің паспорты. Тіпті адам баласының о бастағы жаратылу мақсаты да сол – құлшылық үшін ғана жаратылған болатын.

Негізінде, намазды оқымау дүние мен ақыретте азапқа душар етеді. Ақыреттегі азап туралы Алла Тағала былай дейді:

-Олар (жұмаққа орынғып алып,) күнәһарлардан «Сендерді «Сәқар» жәһаннамына айдаған не нәрсе?»- деп сұрайды. Олар «Біз намаз оқымайтын едік»- дейді (Мүддәсир сүресі, 74/40-43).

-Олар (дүниеден) өткеннен кейін орындарына намазды тастап, нәпсіқұмарлықтарына берілгендер келеді. Бұлар (қияметте) азғындықтарының жазасын тартады. Ал кімде-кім тәубе қылып, иман келтіріп, жақсы істермен шұғылданса, олар жәннатқа кіреді, ешбір әділетсіздікке ұшырамайды (Мәриям сүресі, 19/59-60).

-Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар намаздарын немқұрайды оқиды (Мәғұн сүресі, 107/4-5).

Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) төмендегі мына хадистерде былай дейді:

-Біле тұра намаз оқымаған адам Алла мен Елшісінің қарамағынан шығады.

-Кімде-кім екінті намазын оқымаса, амалдары босқа кетеді.

-Кімде-кім немқұрайдылықпен үш рет жұма намазын оқымаса, Алла Тағала оның жүрегіне мөр соғады.

Сондықтан әр намазды уақытында оқу, әрі сондай махаббатпен оқу - сіз бен біздің дәрежемізді көтереді. Ең бастысы, пенде ретінде мәртебеміз асқақтап, мәңгілік жұмақ иесі атанамыз. Сүйікті Пайғамбармыздың (с.а.с.) лайықты үмметі болып, шынайы дін исламның жауһары болып шығамыз. 

0 пікір