Намазды тақия киіп оқу шарт па?

Ер адам намазда тақия немес бөрік сияқты бас киім киіп оқуға міндетті ме? Ата-бабаларымыздың тақия киіп оқуының себебі неде?

Ер кісіге намазды тақия және сол сияқты бас киім киіп оқу – мұстахап. Ал, имамдыққа шыққан адамның тақиясы болғаны мақұлдырақ. Себебі, пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) солай оқыған. Имам Науауи: «Ер кісіге ең жақсы киімін киіп және тақияда намаз оқуы – мұстахап[1]», – деп жазған.

Ал, ханафи мазхабы бойынша, жалқаулық себепті бас киімсіз намаз оқу – мәкрүк. Фиқх кітабында намаздағы мәкрүк амалдардың ішінде: «Жалаң бас намаз оқу. Жалқаулық себепті, бас киімсіз оқу[2]», – деп көрсетілген.

Міне, сол себепті біздің ата-бабамыз тақиясы мен бөрігін тастамаған. Дей тұрғанмен, тақия киіп оқу – намаздың басты шарттарының бірі емес. Тақиясыз оқылған намаз қате болып саналмайды. Бірақ, тақиямен намаз оқу – жақсы амал, мұстахап. Мұстахап – орындалса сауап жазылатын, ал орындалмаса жаза болмайтын амал.

 

[1] Раудат Толибин, 1/288
[2] Дурр Мухтар, 1/429

Муслим.кз

0 пікір